Бүгінде көмір бағасы қанша болып тұр?
Жадыраған жаз мезгілі өтіп, қытымыр қыс маусымы жақындап келеді. Қазір күн райы жылы болғанымен қазан айынан жылу маусымы басталмақ. Бұл орайда «Ауданда көмір қоры жеткілікті ме?» деген сауал туындайды. Осыны бағамдап көрсек.
Биыл кент тұрғындары көгілдір отынды тұтынады дегенімен толық берілмейтіні белгілі. Оның үстіне тек аудан орталығы ғана газдандырылып жатқанын ескерсек, ауыл халқы қазірден көмір қоймаларына барып жатыр. Кент тұрғындары да алдын ойлап 2-3 тонналап көмір түсіруде.
Халықты қатты отынмен қамтамасыз ету үшін көмір тасымалдаушы мекеме «Углесбыт», «Нұргүл», «Нұрдаулет» кәсіпкерлік субъектілерімен аудан тұрғындарына қажетті 24 мың тонна көмірді жеткізуге және тұрғындарға сату бағасын тұрақтандыруға меморандум жасалған. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәліметі бойынша осы уақытқа дейін елді мекендерге 7592 тонна көмір жеткізілген. Оның ішінде, Тереңөзек кентіне темір жол арқылы 4410 тонна көмір жеткізілсе, өткен маусымнан қалған 400 тонна көмір бар.
Жалпы, қазіргі таңда көмір тасымалдаушы мекемелер қоймасында «Қаражыра», «Шұбаркүл», «Екібастұз», «Жалын», «Богатырь» көмірі бар. «Екібастұз», «Богатырь» көмірі 13000 теңгеден, «Қаражыра», «Шұбаркүл» көмірі 16000 теңгеден сатылуда.
Арнайы жолыққанымызда «Нұргүл» ЖШС төрағасы С.Тоқсанбаев мектеп, балабақшаға көмір жеткізіп бергенін айтады. Сондай-ақ тұрғындарға вагондап «Шұбаркүл», «Екібастұз» көмірі жеткізілуде екен. Мұнда «Шұбаркүлдің» тоннасы 16000 теңге, «Екібастұз» көмірінің тоннасы 13000 теңгеден сатылуда. «Екібастұз» көмірін жеткізіп беруші «Екібастұз көмір ПВ» ЖШС-мен келісім жасап қойған. Серіктестік төрағасы қоймада көмір қоры жеткілікті екенін жеткізді.
Қазір күн жылы болғанымен келер айда үйге от жағылатыны белгілі. Сол себепті бұған тұрғындардың ерте қам жасағаны жөн. Аяқ асты күн суытқанда көмір қоймаларында ұзын-сонар кезек болады. Оған тап болмас үшін қазір қоймаға барып, кезексіз көмір түсіріп алған абзал.
– Көмірдің қасына барып тұрайық, – деді аудан әкімі Р.Рүстемов «Углесбыт» ЖШС көмір қоймасына барған шақта. – Осы Қарағандыда кен орнын ашқан қазақ баласы кім еді? – деді артынша.
Тау болып үйілген «Қаражыра» көмірінің қасында тұрғандар аздап кібіртіктеді. Осы сәтте аудан басшысы:
– Аппақ Байжанов емес пе?! Осы көмірді ол суырдың інінен табады. Бұл туралы Ғабит Мүсірепов «Оянған өлке» романында жазған, – деді тас көмірге қарап тұрып.
Аудан әкімі айтқан романда «Байжан құдығы» аталған жерден көмір шыққан. Бұл 1833 жыл болса керек.
...Бұдан үш жыл бұрын осы құдыққа жарты шақырым ғана жерде Игіліктің қойын бағып жүріп Байжанның баласы Аппақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас көмірге кездесті. Салпақтатып суырын, қойнына толтырып тас көмірін әкесіне әкеліп берді. Байжекең суырдың інін тереңдетіп қазып көрсе, ар жағы сіресіп жатқан тас көмір екен.
– Құдай жаратқан тас көмірді Құдай жаратқан суыр қазып шығарса, Құдай жаратқан суырды Құдай жаратқан итіне індетіп Байжанның баласы ұстап алса, бұл көмірдің Құдай бұйырып қойған иесі көкең болатын шығар, – деп Байжекең жұртқа жар салды. Содан бері ел күздікке келгеннен бастап Байжекең көңілдес ағайынға қапшық-қапшық көмір жіберіп тұрады. Ашқарақтық істеп арба жіберген ағайынға:
– Көмірдің өзі таусылуға айналды... ұсағы ғана қалып барады, – деп шаң-топырақты қоса салып жібереді...
Осыдан 186 жыл бұрын табылған көмір бүгінге дейін Қазақстанның шет-шетіне жетуде. Сол кездегі үңгір қазір үлкен кен орнына айналып, қыста үйдің жылуы осыған байланысты болған.
Е.БЕРКІНБАЕВ