Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жер тұлғаларымен кездесу

Туған жер тұлғаларымен кездесу

Аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Еңбек Даңқы» залында жастарға ардагерлердің еңбек жолын үлгі ету мақсатында «Туған жер тұлғалары» атты кездесу кеші өтті. Тағылымы мол шараны аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы ұйымдастырды. Аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталықта өткен шараны аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Марат Омаров ашып, жүргізіп отырды.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел дамуында айрықша орны бар тұлғалардың еңбегін дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету қажеттігін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласында кеңінен айтты. «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымыздың мақтанышы да, гүлденген келешектің сенімі де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Ал Мәңгілік ел атану, Отанды сүю, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні осы» деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бақытты болашаққа бағыт ала отырып, тамыры терең тарихымызды жадымызда сақтау керектігін атап өтті. Бүгінде ауданымызда жастарға патриоттық бағытта тәлім мен тәрбие беретін көптеген іс-шаралар өтуде. Міне, бүгін біз де ауданның тоқсан жылдан астам қазыналы тарихында өзіндік орны бар тұлғалармен кездесу ұйымдастырудамыз. Басты мақсатымыз – тұлғаларды таныту, еңбегін насихаттау болып табылады, – деді Марат Жүсіпәліұлы.
Тағылымды шарада алғашқы сөзді алған «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», тыл және еңбек ардагері Р.Бәйменов Сыр елі – ырыс-құттың түпқазығы болса, Сырдария ауданы – алыптарға алтын бесік екенін атап өтті.
– Ауданнан көптеген қайраткер тұлғалар шықты. Біз олардың барлығын мақтан тұтамыз. Бүгінде ауданымыздың абыройының асуы мен мерейінің тасуында адал еңбекті ту еткен азаматтардың мол үлесі бар. Мен де саналы ғұмыр­ымда ауданның білім беру саласында және мемлекеттік басқару жүйесінде еңбек еттім. Ел үшін жасаған еңбек елеусіз қалған жоқ. Еңбегіміз ескеріліп, құрметтің биігіне көтерілдік. Бүгінге дейін қол жеткізген барлық жетістіктеріміз еңбек­тің арқасында келген игілік. Сондықтан жастарды еңбекті сүюге, оны құрмет тұтуға шақырамын, – деді тоқсанның төріндегі қазыналы қария.
Ал медицина саласының арда­гері А.Қожақов пен «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева тұлға болып қалыптасуда отбасын­дағы тәлім мен тәрбие ерекше орын алатынын жеткізді. Үлкенді сый­­лап, оның өнегесін үлгі тұтқан жастың болашағы баянды болатыны жөнінде нақты мысалдар келтірді. Кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болған азаматтарға алғыс айтып, еңбекте жеміс тіледі. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Су­рет­ші­лер және Қолөнершілер Ода­ғының мүшесі, қолөнер шебері Ж.Маханбет ауданның өнер, мә­де­ниет салаларының дамуына қос­қан үлесі жөнінде сыр шертті. Қолөнер байқауларында Сырдария ауданының абыройын асырып, талайларды тәнті еткен туын­ды­ларының жасалу жолдарын түсін­дірді. Сонымен бірге талапты жастарға қолдау көрсетуге әркез дайын екенін айтып, жастарды жақсы істерді үйренуге шақырды.
Өнердің егіз ұлдары атанған Жантемір Айсин мен Сансызбай Сәдуақасов таланттардың мекені саналатын Тереңөзек топырағының қасиеті жөнінде ой өрбітті. Ауданнан атақты ақындар мен жазушылар, әншілер мен сазгерлер шыққанын айтып, олардың қоғам дамуындағы өзіндік орны бар екенін атады. Спорт шебері, тоғызқұмалақ ойынының жаттықтырушысы М.Елеусінов Сыр­дария­ның ұл-қыздары спорттың жұлдыздары ретінде танылғанын, бұл ізденістің, талпыныстың жемісі екенін жеткізді.
Шара барысында аудан орталы­ғындағы мектептердің 7-11 сынып оқушылары еңбегімен елге танылған тұлғаларға сұрақтарын қойып, тұ­щым­ды жауап алды. Ардақты ар­­­да­герлер аудан жастарын еңбек­сүйгіштікке, адамгершілікке, үлкенді сыйлай білуге және аталы сөзден ғибрат алуға үндеді.

А.СЕЙІЛОВ

29 қазан 2019 ж. 652 0