Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық айлығы басты назарда

Тазалық айлығы басты назарда

Аудан әкімі Р.Рүстемовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округі әкімдері, дербес бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты.
Мәжілісті ашқан аудан әкімі Р.Рүстемов кадрлық өзгеріске байланыс­ты қабылданған шешіммен таныс­тырды. Бірыңғай конкурстық комиссиясының оң шешімі негізінде аудан әкімінің №396-Ө өкімімен аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқаруға Қарсақбаев Бауыржан Бақытбекұлының тағайындалғанын атап өтті.
Бауыржан Қарсақбаев 1978 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетін және «Болашақ» университетін бітірген. Еңбек жолын «С.Сейфуллин» ЖШС-де механик болып бастаған. 2004-2011 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратында маман, жетекші маман, ұйымдастыру-бақылау және кадр бөлімінің бас маманы, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы, облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының әкімшілік бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Облыс әкімі аппаратында бас инс­пектор, облыс әкімі орынбасарының көмекшісі – бас инс­пектор, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының экономика және қала инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бастығы, энергетика және коммуналдық шаруашылықты дамыту бөлімінің бастығы, қала әкімі орынбасарының көмекшісі – бас инспектор ретінде қызмет етсе, кейінгі жылдары Қызылорда қалалық тұрғын үй инс­пекциясы бөлімі мемлекеттік мекемесінің бастығы, Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары болған. 2016-2019 жылдары облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметін атқарып келген.
Кадрлық тағайындаумен таныстырып, аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқаруға кіріскен Б.Қарсақбаевқа сәттілік тілегеннен кейін аудан басшысы жылдың аяқталуға жақын екенін айтып, әрбір сала бойынша атқарылған және атқарылуы тиіс жұмыстардың қорытындысына назар аударды. Сонымен қатар, санитарлық тазарту, көркейту көгалдандыру екі айлығы аясында ұйымдастырылған сенбіліктер қоғам тазалығын қалыптастыруға негіз болғанына тоқталып, тазалық жұмыстарына мекеме қызметкерлерінің ғана емес жергілікті тұрғындардың да қатысу керектігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров хабарлама жасады. Бөлім басшысы тазалық айлығы аясында ауданда 7 рет сенбілік ұйымдастырылғанын жеткізді. Аудан орталығынан бөлек ауылдық округтерде де сенбіліктер өткенін айтып, тазалық жұмыстарының қорытындысын арнайы слайд арқылы баяндады. Дегенмен аудан басшысы Руслан Рүстемов қоғам тазалығын қалыптастыру бағытында дұрыс үйлестірілмеген бірқатар жұмыстарды сынға алып, тазалық айлығын науқанға айналдырмай, күнделікті айналысу қажеттігін ескертті. Қосымша хабарлама жасаған Тереңөзек кентінің әкімі Н.Бисембаев кенттегі көпқабатты тұрғын үйлер ауласындағы ретсіз төгілген күл-қоқысты тазалап, жұмысты күшейтетінін жеткізді. Аудан басшысы аудандық полиция бөлімінің тек ескерту берумен шектелгенін сынға алды. Айыппұлдар салынбаса, кейбір тұрғындардың жауапкершілікті сезінбейтінін айтып, учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен рейд шараларын ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берді.
Мәжілісте қаралған екінші мәселе жылу беру маусымының өту барысына арналды. Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров аудандағы 80 әлеуметтік нысанның 45-і сұйық отынмен, 35-і қатты отынмен жылытылатынын, барлық мекемелердегі жылу беру жұмыстары тұрақты бақылауда екенін айтты. Сонымен бірге, көмір тасымалдаушы мекемелермен жеке тұрғындарға көмір сату барысында баға тұрақтылығын сақтау жөнінде меморандумға қол қойылғанын атап өтті. Бұл жөнінде аудан әкімі Р.Рүстемов мекемеде маман, мектепте оқушы, балабақша бүлдіршін тоңбауы керектігін ескертті. Сондай-ақ, жекелеген тұрғын үйлерде болуы мүмкін өрт оқиғаларының алдын алу мен болдырмау үшін аудандық төтенше жағдайлар бөліміне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нәтижесін баяндауды тапсырды.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Іңкәрдария ауылдық округінің әкімі Сәулет Есдәулетов хабарлама жасап, есепті кезеңде ауылды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту бағытында атқарған жұ-мыстарының есебін берді. Хабар-ламадағы сандар мен сөйлемдерді негізге алып, елді мекенде өркенді істер жүргізілгенін, ауылдың тыныс-тіршілігі тұрақты, дамуы қарқынды екенін аңғарғандай болдық. Бірақ аудан әкімі Р.Рүстемов елді мекендегі түйіні тарқамаған бірқатар мәселелерді атап, ауыл әкімінің жұмысын сынға алды. Оның ішінде жастар арасындағы кәсіпкерліктің кенжелеп қалғаны, облыс және аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмысы, аяқ су мәселесі, ауылдағы бірқатар көшелерде шашылған күл-қоқыстар бар. Сондай-ақ, тозығы жеткен ескі ғимараттар елді мекеннің көркін бұзып тұр. Осы және басқа да мәселерді атап өткен аудан әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, елді мекенде жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын бақылап, зерттеп, нәтижесін баяндауды тапсырды. Қажет болған жағдайда кадрлық шешімдер қабылдайтынын ескертті.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – кәсіпкерлік саласының жай-күйіне, атқарылған жұмыстардың нәтижесіне арналды. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Л.Қозыбаева хабарлама жасап, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту бағытында жүргізілген жұмыстарды баян­­­­­дады. Дегенмен аудан әкімі бірқатар ауылдарда жұмыс баяу жүргізілгенін, салдарынан бірде-бір жоба жүзеге аспағанын айтты. Бір апта көлемінде жұмысшы топ құрып, нақты шаралар қабылдап, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандарының проценттік көрсеткішін арттыру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Кәсіпкер ретінде тіркеліп, бірақ жұмыс жасамай тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің әрқайсысына талдау жасап, жас кәсіпкерлердің жобаларын сүйемелдеуге назар аудару керектігін жеткізді.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерден бөлек, «Аза­мат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес» АҚ-ның аудандық бөлімінің басшысы Ж.Ембергенов қосымша баяндама жасады. Бөлім басшысы ауыл әкімі аппараттарында ашылған «Өз өзіңе қызмет көрсету» бұрышының сапалы жұмыс жасамайтынын, бір анықтамаға бола шалғай ауыл тұрғындары аудан орталығына келетінін айтып, ауыл әкімдеріне нақты бір маман бекітуді ұсынды. Аппарат мәжілісінің қорытындысында аудан әкімі Р.Рүстемов хаттамалық тапсырмалар бойынша аудан әкімінің орынбасарларына, кент және ауылдық округі әкімдеріне, дербес бөлім басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.

А.СЕЙІЛОВ
26 қазан 2019 ж. 748 0