СЫРДАРИЯДА ЖАҢА ӘКІМ
Сәрсенбі күні әкімдікте аудан активі өтіп, аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов Сырдария ауданының жаңа әкімін таныстырды.
Қызылорда облысы әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Сырдария аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Сырдария ауданының әкімі лауазымына Руслан Рүстемов тағайындалды.
Жиында алдымен облыс басшысы бұрынғы әкім Ғанибек Қазантаевқа алғыс білдіріп, оның бастамасымен ауданда қыруар жұмыс атқарылғанын, барлық сала бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілгенін атап өтті. Осынау елеулі еңбегі үшін Ғ.Қазантаевқа облыстың ең жоғарғы марапаты саналатын Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыс етті.
Мұнан кейін аймақ басшысы аудан тізгінін ұстаған Руслан Рүстемұлының еңбек жолымен таныстырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Руслан Рүстемов 1968 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын Қызылорда педагогикалық институтының Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы ретінде бастаған.
1997-2002 жылдары – Қызылорда қаласы әкімінің аппаратында маман, консультант, Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі.
2002-2008 жылдары – Қызылорда облысының мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппаратының әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары.
2010-2016 жылдары Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы, екі мәрте Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасын басқарған, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Жаңақорған ауданының әкімі болған.
2016 жылдың тамыз айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.
"Тт"-ақпарат