Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ ҮЛГІЛІ ІСІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ ҮЛГІЛІ ІСІ

Мемлекеттік қызметші қай қырынан алса да өзгелерге үлгі-өнеге болуы керек. Бұл бүгінгі күннің талабы. Яғни, кез келген мемлекеттік қызметші өз функционалдық міндетінен бөлек, қоғамға жақын болып, үлкенге қамқор, кішіге мейірім төгуі тиіс. Осы ретте, бүгін Сырдария ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Бекзат Қыдырбаевтың үлгілі ісі туралы жазуды жөн көрдім.
Өз жұмысына тиянақты маман Бекзат Қыдырбаев әлеуметтік желіде белсенді. Ашықтықты, қолжетімділікті ту еткен ол қоғамдағы түрлі тақырыптар жөнінде өз ойын еркін айтып, пікір бөлісіп отырады. Әсіресе, аудан жаңалықтарын назардан тыс қалдырмай, игі істерге тілектес екенін жеткізіп, әлеуметтік желі қолданушыларымен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Бұл мемлекеттік қызметшінің қоғамға жақын, халықпен етене араласуға бейім екенінің дәлелі іспетті.
Күні кеше 104 жастағы аудандағы ең қарт әжеге 2020 жылға аудандық газетті тегін жаздыртып берген сырдариялық жерлесіміз Әнел Иманғалиеваның үлгілі ісі жөнінде жазған болатынбыз. Аталған жаңалықты әлеуметтік желіден оқыған аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, аудандық газеттің тұрақты оқырманы Бекзат Қыдырбаев өз есебінен мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен бір ардагерге аудандық басылымды тегін жаздырып беруге дайын екенін айтты. Сөйтіп, игі іске ынталы азамат 1977-1992 жылдары табан аудармастан 15 жыл аудан әкімдігінде еңбек еткен Күнімкүл Исабергенова есімді еңбек ардагерінің аудандық басылымды 2020 жылы тегін оқуына өз үлесін қосты. Бұл мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасаған еңбек ардагеріне деген құрметі, жанашырлығы деп білеміз.
Әрине, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру бағытында көптеген жақсы бастамалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осындайда өз міндетінен бөлек қоғамдық жұмыстарға да атсалысып, мемлекеттік қызметшінің жарқын бейнесін қалыптастырып, үлкен-кішіге үлгі болып жүрген Бекзат Қыдырбаев секілді азаматтардың да еңбегі ескерілсе дейміз. Расында да өзі еңбек етіп жатқан саланың еңбек ардагеріне құрмет көрсету – нағыз үлгілі іс және жақсылықтың белгісі ғой.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
24 қазан 2019 ж. 576 0