Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздің болашағы – қазіргі жас ұрпақ

Еліміздің болашағы – қазіргі жас ұрпақ

Еліміздің болашағы – қазіргі жас ұрпақ. Сол өскелең ұрпақ тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын көкейкесті мәселесі болары айдан-анық нәрсе. Жаңа ғасыр баласының мінез-құлқын, қадір-қасиетін қалыптастыру үшін өзін-өзі басқаруды нығайтып, ұжымдық шаруашылық істерге дағдыландырудың тәр­­­биелік маңызы ерекше. Сондықтан тәлім-тәрбие ісіндегі ескеретін бір жайт – оқушылардың жеке бас ерекшелігін қатаң зерттеп, бақылаудың айрықша мәні бар. Белгілі педагог Г.К.Ушинский «Баланы жан-жақты етіп тәрбиелеу үшін оны жан-жақты білу керек» деген ой айтады. Ағартушы, ақын М.Жұмабаевтың «...Әр­бір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өзі үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген тұжырымдамасы өзекті. «Аталар сөзі – ақылдың көзі» демекші, ұлттық тәрбие беруде ел ішінде құндылығын жоймаған даналық сөздерді де орынды пайдаланудың ерекшелігі мол. Абыз баба Қорқыт атамыздың «Анадан өнеге көрмеген – қыз жаман, атадан тағылым алмаған – ұл жаман», «Жақсы бала ана үшін екі көздің сыңары», «Ұлың өсіп жетілсе, отбасының мерейі, бас көзі» деген тәлім-тәрбиесі мол сөздерінің берер тағылымы жоғары. Махмұт Қашқаридың «Атасынан ақыл алса, тентек ұл да жөнделмек» деген өсиетін әлі күнге дейін өнеге етіп келеміз. Сөз мәйегі мақал-мәтелдер арқылы тәрбиелеу, яғни шешендік дәстүр бойынша бірлікті сақтау, тобықтай ойдың түйінін шеше білуге ұрпағымызды үйрету көп нәрсеге жетелері анық. Себебі, біріншіден, адам бойына біткен алуан қасиет, дарындылық туған топырақтан дариды, екіншіден, ата-бабалар қаны тамған туған жеріміз киелі, үшіншіден, туған жерді келер ұрпағымызға мұра ретінде қалдыратын халықпыз, төртіншіден, туған жерге деген сүйіспеншілік, мейірім кейінгі ұрпақтарға да сарқылмас бұлақтай ана сүтімен, бесік жырымен берілгені орынды. Осы тұста «Жақсы бала өсірген мәуелі бәйтерекке айналады» сөзінің мәні тереңде екені хақ.
«Сөздің сәні – мақал»демекші, қазақ отбасындағы тәлім-тәрбиенің сан ғасырлық жинақталған бекем дәстүрі қысқа да нұсқа етіліп, бай да көркем тілмен өріліп, мақал-мәтелдерімізде көрініс тауып отыруы қуантады. Айталық «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы», «Атаның баласы емес, халықтың баласы бол», «Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт», «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Өлімнен ұят күшті» деген мақал-мәтелдерді алайықшы. Расында, өсер ұрпағына ар мен ұят категориясын, жеті атасын білу, халқын, елін сүюмен өнерді қадірлеуде қазақтан дана халық некен саяқ. Ар мен ұятты адамгершіліктің шырқау шыңына қойған қазақты текті емес деп қалай айтасыз. «Ұяттан өртенгенше қара жерге кір», – деп тұр емес пе?
Тегінде қазақ баласын, ұят болады, обал болады, жаман болады деп тәрбиелеген. Осы үш тәлімде өз қадір-қасиетін жоймайтын тағылым жатыр. Халық педагогикасы – қазақ халқының сан ғасырдан бергі атадан балаға өлмес мұра болып келе жатқан тәрбие жөнінде жинақталған мұрасы. Ол ұрпақтан ұрпаққа ауыса отырып, бірте-бірте нәрленіп, кемелденіп, ізгілікке бастайды. Сонау «Жеті жарғыдан» бастап, ата-салт, әдеп-ғұрпымыз талай ұрпақ үшін теңдесі жоқ, тәрбиелік құндылығы мол, адамгершілік кодексіміз болды.
Халқымыздың ғасырдан ғасырға қастерлеп келген дәстүрлері өте көп. Абай атамыз «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, баяғыдан көрінер» дегендей дүние бірқалыпта тұрмайды, жаратылыстың бар нәрселері бір түрден екінші түрге ауысып жатады. Біздің болмысымызда ұлтқа деген сүйіспеншіліктің терең орнығуына сол балаң күндерде алған тағылымымыз тікелей әсер етті. Біздің буын өкілінің көпшілігі дәл осындай әсерді бастан кешкені күмәнсіз.
Тұлғаның қалыптасуының шешуші кезеңі-балалық шақ. Өкінішке орай, дәл осы кезең рухани-танымдық жетілуден гөрі балалар мен жасөспірімдердің оқу үдерісі қиындықтары мен күресіне көбірек арналып жатады. «Жаста берген тәрбие жас қайынды игендей» екені белгілі. Әрине, ұлттың негізі, ұлттық танымы дұрыс қаланбаған жас буынның толыққанды тұлға болып қалыптасуы екіталай. Ұлттық дүбаралық, шалалық қысқа мерзімде тек жеке тұлғаның ғана емес, бүкіл ұлттың басын ауыртатын мәселеге айналатынын төл тарихымыз дәлелдеп отыр. Ғасырлар сынынан өтіп, сұрыпталып жеткен ұлттық құндылықтардың ешбірі өзге дәстүрлерімен, ұстанымдарымен мүлде қайшы келмейді. Сан ғасырлар бойы шынайы адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген қазақтың ұлттық дәстүрі келер ұрпақ үшін мың жылға жетерлік рухани азық болмақ.
Біз дәстүрлі танымымыз бен мәдениетімізді сақтай отырып, батыстың жалаңаш, даңғаза идеологиясы мен ғасырлық діннің жабық, оқшау керітартпа көзқарасынан қазақтың болмысын, қазақтың жанын арашалауға міндеттіміз.
«Тәлім – табалдырықтан» демекші, күнделікті өмір­дегі игілікті істер де, келеңсіздіктер де­отбасындағы тәрбиеден туындайды. Сөз жоқ, «Баламның қарны ашпасын, киімі бүтін болсын» деген материалдық шарттылық рухани тәрбиеге көп көлеңкесін түсірді. Тегінде қазақ «қарамасаң қатын кетеді, бақпасаң бала кетеді» деп тегін айтпаған. Айналып келгенде бала тәрбиесіне ата-ана тікелей жауапты. Әркім өз баласына ие болса, көп нәрсені ұтарымыз анық. Қоғамдағы жат қылықтардың көбеюі бізді толғандырып отыр. Адам үшін нағыз қасірет – тұрмыстық жоқшылық емес, рухани жан дүниесінің азуы. Оны түзеу, қалыпқа түсіру, түптеп келгенде тәрбиеге тіреледі.
Қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген болатын.
Біз ата-ананы пір тұтқан,тегімізді атадан, тілімізді анадан қалаған халықпыз. «Қыз ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе, ұл жарылқап ас бермес, әке үлгісін көрмесе» дейтін данышпан бабаларымыз. Қазақ халықтың өзіндік мінез-құлық ерекшелігі жайында «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейтін сөзді қастерлеп айтады. Өйткені оның ата дәстүрі, халық дәстүрін сақтауға саяды. Ол дәстүр әрине малшының баласы малшы, дөкейдің баласы дөкей болсын демейді. Атаның азаматтығын, ананың ізеттілігін әр ұл-қыз өз ұрпағына үйретуін, бойына сіңіруін мақсат етеді.
Мәселен, әлдебір биологиялық ауытқулардың салдарынан қойдың баласы ешкінің лағына ұқсап туса, оған бәріміз таң қаламыз, халыққа жария етеміз. Ал кәдімгі қазақтан қазақша сөйлемейтін, қазақ дәстүрін сыйламайтын, қазақтың құндылықтарын ескермейтін баланы көрсек, оған ешқайсымыз таңданбаймыз. Бұл өте жаман әдет, қасірет.
«Ескірген ескісін сақтайды, ел болған естісін сақтайды» деген тамаша тағылымды да тапқыр мақал көп нәрсені меңзеп тұр. Ендеше жаhандану жағдайында өмір сүріп жатқан ұрпақтың санасында ұлттық тәрбие қалыптасқанда ғана біз «елім» деген өміршең ұрпақ тәрбиелей аламыз. «Рухы биік елдің ертеңі жарқын» демекші бәсекеге қабілетті, білімді, дені сау, Отанын қорғайтын, ержүрек, шыншыл ұрпақ тәрбиелеу ісінде адал тер төгу – бәріміздің парызымыз деп түсінейік.

Нағыман Әйтенов,
ардагер-ұстаз,
Қазақстан Журналисттер одағының мүшесі.
15 қазан 2019 ж. 1 256 0