Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Имандылық адамгершілікке жетелейді

Имандылық адамгершілікке жетелейді

Ислам – адамның бойындағы тамаша адами қасиеттерді жетіл­дірудің қағидаттарын кемелдендіруді қамтитын ерекше дін. Оның негізі бүкіл адамзаттың рух және дене тұрғысынан жетілуін, қоғамда өмір сүрудің қағидасын қалыптастырып, дүниеде мәнді және маңызды болуды мақсат етеді. Өмір көрсетіп тұрғандай, асыл дініміз жеке тұлға мен қоғамның жамандықтардан арылып, бейбітшілік пен тыныштық меңзейтін жолды ұсынады. Ойлауды, жаңа бағыттағы ізденістерді, әдептілік пен имандылыққа үйренуді бұйырады. Соның барысында ақыл мен ғылымға сүйенеді. Оның жүйелі әрі өркениетті дін деп танылуы содан.
Осы жерде өмір заңы және оның қызығы өсіп өнуде, өрбуде.Ұрпақ тәрбиелеу ісінде діннің алар орны ерекше екені белгілі. Баланы имандылыққа үйретіп, ата-ананы, ұстазды, үлкенді, бауыр мен досты құрметтеуге, сыйлауға шақырады. Халқымыз баласына тәрбие беру ісінде үлкенді қадір тұтуды, олармен ілтипатты қарым-қатынаста болуды үйретеді. Сондай-ақ ата-ана барлық балаға тең көзқараста болуды, сыйласа білуді қатаң ұстанған. Мұндай ұлағатты да, келелі жақсы істердің ойы ғасырдан-ғасырға жалғасып, өз құндылығын жоймаған төмендегі нақыл сөздермен айқын дәлелденеді. Мысалы: «Үлкенді сыйласаң, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», «Аға әдепті болса, іні әдепті. Апа әдепті болса, сіңілі әдепті», «Әдептің не екенін әдепсізден ұғарсың», «Жақсы мінезді қыз елге жағады» және т.б. Бұл мақал-мәтелдердің мән-мағынасы құнды, мазмұны тереңде.
Әр сөздің салиқалы түйіні келелі ақылдан туындайтынына терең үңілген қариялар «Ақылды адам батпанақ, ақылсыз адам сасқалақ», «Ақыл азбайды, білім тозбайды», «Ақыл дария, алсаң да таусылмас» деген құнды ойлы сөздерді бала санасына ұғындыра білген.
Әрине, тәрбие отбасынан бастау алады. Халық айтса, қалып айтпайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бала ес білгеннен нені көрсе, не нәрсеге бейімделсе, өскенде соған бейім болатынын меңзеген. Бала тәрбиесі жайында дана Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан.Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деп осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен. Сол кезеңде осы қағидаларды қатаң ұстай білген қазақ баласын 7 жасынан бастап хат тануға, иманды да ибалы жолға қадам басу үшін ұстазға оқуға бергені белгілі.
Жалпы, бала тәрбиесінде, отбасы тәрбие­сінде иманның алар орны орасан зор. Бұл туралы ақын-жазушылар мен ғұлама ғалым­дардың имандылық туралы айтқан сөздері өз құндылығын жоймай, қадір-қасиетін сақтап келеді.
...Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және де хақ жолы деп әділетті – деп дана Абай айтса, ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин өз өлеңін:
...Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар оқылық! – деп басталуында үлкен мән бар.
Ал ақиық ақын Мұқағали:
Дін – ғылымының анасы,
Дін – ғылымның әкесі.
Ғылым – діннің баласы,
Дін – ғылымның көкесі! деген. Осы өлеңдерден-ақ барлық ұғым атаулы иман деген сөзге сыйып тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Бақыт, байлық, береке, бірлік – иманда. Осы тұрғыда өсер ұрпақ бойына имандылықтың асыл қасиеттерін ұғындыруда ата-ана орны ерекше. Бұл мәселеге жіті мән беруіміз баланы адамгершілікке жетелейді.
Бес жасқа дейінгі кезең – баламыздың санасы кез-келген ақпаратты тез қабылдап алатын аса қабілетті кезең. Осы аралықта балаға қолдан келгенше, жақсы үлгі көрсету қажет. Әр адамның болашағы балалық және жастық шақтағы көргендері мен алған әсеріне байланысты. Бүлдіршіндер мен жастар адамның рухын шыңдап, жігер беретін ортада ақыл-ойы ұшқыр, көргенді болып өседі. Мейірімділік пен имандылық әліппесін бойында қалыптастырады. Адам арам ниеттен қаншалықты бойын аулақ ұстаса, сонда ғана иманды жүзді болары анық.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бес нәрсе келмей тұрып, солардың қадірін түсінуді өсиет еткен.
...Науқастық келмей тұрып денсаулықтың,
Уақытсыздық келмей тұрып бос уақыттың,
Кедейлік келмей тұрып байлықтың,
Ажал келмей тұрып өмірдің
Кәрілік келмей тұрып жастықтың қадірін біл, – деген. Яғни, жастықтың қадірін білу дегеніміз зейін мықты болған кезде иман­дылыққа ден қоюды айтады. Сондықтан бала жастайынан ізгілікке бейім болып, жақсы істерге жаны құмар болып өскені жөн. Бұл елдің жарқын болуына кепіл болады.
«Иман – сенімнің қабы» дейді. Ендеше бәріміз егемен елдің саналы ұрпағының бойына имандылықтың нұрын құйып, жақсы­лықтың ақ жолына тәрбиелеу ісінде тер төге берейік.

Нағыман Әйтенов,
Шаған ауылы

06 шілде 2019 ж. 1 786 0