Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘРБИЕ БАСТАУЫ – ОТБАСЫНАН

ТӘРБИЕ БАСТАУЫ – ОТБАСЫНАН


Баламыз ержетіп өскен сайын тәрбиесі де күрделеніп, оған қойылатын талаптар да күшейе түседі. Ақыл-ойының дамуы, ұнамды мінез-құлқын жетілдіре түсу ең негізгі міндетке айналады. Мұндай күрделі процесс алтын ұя отбасында, мектепке дейінгі жаста қаланатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Дана халқымызда «баланы бес жасқа дейін хандай құрметте, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген өмірлік түйін бар.
Қазіргі кезде кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтындығы жасырын емес. Баламызды балабақшаға, мектепке жіберіп, балабақша мен мектеп тәрбие-білім береді деп бар ауыртпалықты сол кісілерге міндеттеп қою ақылға сыйымсыз. Баланы мектепке берген соң, ата-ана сынып жетекшісімен тығыз қарым-қатынаста болып, оның өз деңгейінде тәрбие мен білім алуына бірлесе әрекет жасаса қандай ғанибет! Баланың келешек өмірі, яғни қызығушылығы, достары, ортасы жайлы жіті мән бере қарап, зерттеп еркін әңгімелесіп, өзімен тең ұстап, пікірін тыңдау керек. Қайсыбір ата-аналар жұмысбастылықты сылтау етіп, «Баланың тамағы тоқ болып, киімі көк болса болғаны» дегенді желеу етеді. Үйге берілген тапсырманың орындалуын қадағаламайды, тексермейді. Бұл әрекеттердің бәрі оқушы күнделігінде айқын жазылған. Тек уақыт бөлу керек. Балалар өз ата-аналарының, бауырларының қылықтарын, іс-әрекеттеріне мән бере қарап, тез қабылдап алады. Егер жанұяда дөрекілік, ұрыс-керіс, маскүнемдік немесе тағы басқа да жағымсыз жағдайлар болса, балаларға әрдайым кері әсер етеді. Бұндай әрекет мектеп, ұстаздың жасап жатқан еңбегін, күш-жігерін жоққа шығарады.
Баламыз басты үлгі-өнегені алдымен отбасында өз ата-анасынан алатыны ақиқат. Отбасының бірлігі мен ынтымақтастығы оның құрамындағы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығынан, тіпті өмірге бірегей көзқарас ұстануынан, соған орай ерлі-зайыптылық және ата-аналық сезімін терең түсіне білулерінен де айқын сезіледі.
Отбасының негізгі міндеті – баланы еңбек етуге, жарқын сезімдер мен нұрлы мұраттарға тәрбиелеу және адамдар арасында өмір сүре білуге үйрету. Бұл асыл қасиеттердің барлығы отбасы-ошақ қасында қалыптасып шығады. Мұнда әсіресе, отбасындағы ересек адамдар арасында өздерінің жеке бастарының өнегесі арқылы жас балалардың бойында осындай сезімдерді қалыптастырады.
Ата-анасын сыйлап, білімді болуын қалайды, әрі еңбексүйгіш, жақсы адам болса, еліне, халқына пайдасын тигізетіндей бір маман иесі, дәрежелі қызмет иесі болса екен деп тілеуін тілейді. Ұрпағымыз өмірге келісімен көп көңіл аударып, оның өнегелі қасиеттерін отбасында қалыптастырған орынды. Ел ертеңі, өркендеуі дамуы өскелең ұрпағымыздың тәрбиелі жан-жақты білімді болуына көп байланысты. Сол егеменді еліміздің болашағы келбеті болсын десек, бала тәрбиесіне бар қажыр-қайратымызды жұмсап көп еңбек төге білейік, ағайын!
Г.ӘЛЖАНОВА
11 мамыр 2018 ж. 2 097 0