Отандық өнім шетелде...
АЙМАҚТА АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ. СОНЫҢ АЯСЫНДА ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА «АБАЙ-ДӘУЛЕТ» ЖШС-НІҢ КҮРІШ АҚТАУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ. ОҒАН ОБЛЫС ӘКІМІ Қ.ЫСҚАҚОВ ҚАТЫСТЫ.
Құттықтау сөзінде аймақ басшысы Сыр өңірі күріштен тау тұрғызып, рекордтық көрсеткіштерді көрсетіп келе жатқанын айтты. Мұндай іске аймақ диқандарының еңбегі зор екеніне тоқталды. Сондайақ облыстың күріш шаруашылығы саласы тағы бір заманауи өндіріс ошағымен толығып отырғандығын, бұл өз кезегінде, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындары мен салық базасының нығаюына өз септігін тигізетіндігін атап өтті. Құттықтаудан кейін облыс әкімі зауытты аралап көрді. «Абай-Дәулет»ЖШС директоры М.Сәрсенбаев мұндағы жұмыс барысымен таныстырды. Серіктестік егін шаруашылығымен айналысады. Сонымен бірге мал шаруашылығын да қоса дамытуда. Сыр дақылы саналатын күрішті сапалы өңдеп, оның өнімін ішкі нарыққа және алыс-жақын елдерге өткізуде. Атап айтқанда, қазір компания өнімі Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Украина және Тәжікстан мемлекетіне экспортталуда. Жұмысын бастаған зауыттың негізгі қызметі – күріш жармасын өңдеу мен оны сатуды ұйымдастыру. Осы бағытта серіктестік жаңа технологияларды қолданып, жұмыс көлемін кеңейтуді қолға алған. Жаңа зауыттың ерекшелігі – күрішті ақтаумен қатар, мал шаруашылығына жемдік мақсатқа пайдаланылатын күріш қауызын ұнтақтап, қалдықсыз өнім шығаруға бейімделген. Сағатына 7 тоннадан астам өнім өндіретін зауыт 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде ауданның кейбір шаруашылықтарына демеушілік жасап, Бесарық ауылының көркейіп, гүлденуіне атсалысып келе жатқан «Абай-Дәулет» ЖШС ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Сырдариялықтардың жұмыспен қамтылуын да қамтамасыз етуде. Жаңадан іске қосылған зауыт облыс экономикасын арттыруға септігін тигізбек.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ