Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды
«Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды» дейді халық даналығы. Бүгінде диқан қауымында тыным жоқ. Алажаздай баптаған Сыр салысын төкпей-шашпай жинап алуға жұмылған олар күн-түн демей еңбек етуде.
«Мағжан және К» ЖШС-нің Нариман Сағатбаев жетекшілік ететін бригадасы 3 аумақта бітік егін өсірді. Атап айтатын болсақ, «Соркөл», «Әйтек» учаскелерінде және Сәкен ауылы аумағында, жалпы алғанда 745 гектар күріш алқабы бар. Тәжірибелі бригадир жетекшілік ететін ұжымның «Соркөл» учаскесінде тынымсыз еңбек етіп жатқанының куәсі болдық. Ертелі-кеш алқапта комбайн гүрілі үзілмейді екен.
Шаруашылықтың 10-шы бригадасы дарияның арғы бетінде болса, бұл №11 бригада бергі бетте. Нөмірі он бір, әрі бергі бетте болған соң ба мұнда орақ сәл кештеу түседі. Бірақ басқа бригадалармен терезесі тең қатар бітіреді. «Соркөлде» егін алқабы Тереңөзек-Қызылорда автожолынан таяқ тастам жерде. Бұл жаңа егіннің астығын тікелей «Абзал және К» ТС қоймасына тасымалдауға ыңғайлы. Бригадада техника жеткілікті болғандықтан науқан бойы егін жинау және тасымалдан ешқандай мәселе туындамайтын көрінеді. Біз барғанда озат күрішші Мақсат Жалғасбаевтың алқабында Сыр салысы бастырылып, мол өнімге негіз қаланып жатты.
Жалпы, бригада жыл сайын әр гектардан 60 центнерден төмен өнім берген емес. Биыл да жоғары өнімділікке жетуге толық негіз бар.
– Әр учаскеде егін жинау науқанына жауапты маман бекітілген. «Соркөлде» өзім, «Әйтек» учаскесінде – Жасұлан Мұқтаров, Сәкенде – Әділхан Құлеке. Сондай-ақ осы «Соркөлге» жақын орналасқан жеке шаруа қожалық бар. Оның төрағасы Сағат Әбдіраш деген ағамыз көп жыл аудандық су шаруашылығы мекемесінде жұмыс жасады. Ол кісі бізге ақыл-кеңесін беріп, бай тәжірибесімен бөлісіп отырады, – дейді 14 жылдан бері бригадаға жетекшілік ететін Нариман Сағатбаев.
«Жерге өнген, жерде қалмасын» дегендей, егін орағын ұтымды ұйымдастырып, алтын дәнді қоймаға құйып алу жолында толассыз тер төгіп жатқан диқан қауымы өздері діттеген межеден көрінетініне сенім мол.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ