Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘЖІЛІСМЕНДЕР СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ДАМУЫНА ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ

МӘЖІЛІСМЕНДЕР СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ДАМУЫНА ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Б.Смағұл, Н.Әлтаев, Б.Кесебаева, Н.Жұмаділдаева Сырдария ауданында болып, әлеуметтік-мәдени нысандардың жұмысымен танысты.
Халық қалаулылары аудан әкімі Ғ.Қазантаевпен және аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікеновпен бірге ең алдымен «Еңбек даңқы» музейінде болды.
Аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталықтың жұмысымен танысқан депутаттар «Еңбек даңқы» музейінде жинақталған құнды жәдігерлердің сапалы сақталып, жинақталғанына жоғары баға берді.
Аудандық музейдің қызметкерлері Кеңес Одағы тұсындағы және Тәуелсіздік жылдарындағы Сырдария ауданының даму деңгейі, жүзеге асырған жасампаз жұмыстары мен жетістіктері жөнінде кеңінен таныстырды.
Аудан әкімі Ғ.Қазантаев аталған музейдің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылғанын атап өтті.
Жұмыс сапары аясында мәжілісмендер аудандық мекемелер үйінің, оның ішінде аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысып, көпбалалы аналармен кездесті. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау жұмыстарының жүргізілу барысын көрді.
Сонымен қатар, «Ақжарма және К» серіктестігінің күріш ақтау цехында болып, ұжым қызметкерлерімен пікір алмасты және спорттық сауықтыру кешенін аралады.
Мәжілісмендер Сырдария ауданының даму қарқынына жоғары баға беріп, жергілікті атқаушы биліктің жұмыстарына жеміс тіледі.
Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.
02 мамыр 2019 ж. 742 0