Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық денсаулығына арналды

Халық денсаулығына арналды

Сенбі күні таңертең ұялы телефоныма жолдас жігіт хабарласты. – Қалайсың?
– Шүкір, өздерің?
– Жақсымыз. Сұрайын дегенім, ауданда бүгін үлкен шара болайын деп жатыр ма? Орталық алаңға шатыр тігіп қойыпты. Таңертеңнен музыка қосылып тұр.
– Иә, денсаулық фестивалі өтейін деп жатыр.
– Онда бару керек екен. Денсаулықты тексертуге уақыт тапшы.
Өзім де іле фестиваль барысынан арнайы репортаж дайындау мақсатында орталық алаңға бет алдым. Жергілікті халық енді жинала бастаған кез екен. Шатыр астында медицинаның түрлі бағытын меңгерген дәрігерлер жұмысын бастап кеткен. Алдына келген қарапайым халықтың денсаулығындағы кінәратты анықтап, аудандық ауруханаға қаралуға кеңес беруде. Егде тартқан кісілер шағымын айтып, сол мезетте дертіне дауа табуда. Сонымен қатар, жылжымалы флюро автокөлігі жұмыс істеп, үздіксіз тұрғындарды қабылдады. Арнайы ЭКГ аппаратының көмегімен кардиолог дәрігер жүрек ауруларының айқын белгісін анықтап, кейбір кісілерге диагноз қойды.
Негізінен аудан әкімдігінің қолдауымен «Денсаулық сандарына қол жеткіз!» ұранымен «Денсаулық фестивалі - 2019» кең ауқымды акциясы орталық алаңда өткізілді. Акцияны аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев ашып, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламаны атады. Жаппай халықтың қатысуымен орын алып жатқан акцияның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, халық денсаулығын жақсартудағы негізгі міндеттерді айтты. Бұдан кейін аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Ә.Іскендірова дене белсенділігін артыру жолдарын және салауатты өмір салтын ұстану жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында №1 «Қызғалдақ» бөбек­жай балабақшасы мен №13 «Нұрбөбек» балабақ­шасының тәрбиеленушілерімен бірге акцияға қатысушылар таңғы жаттығуды орындап, дене белсенділігін арттырды. Өз кезегінде №131 Т.Қозыбаев, №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің, №35 И.Тоқтыбаев және №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің оқушылары дайындаған спорттық қойылымы мен флэшмоб көпшілікке ұсынды. Жергілікті ерікті тұрғындар арасында аудандық спорт клубы жаттықтырушыларының ұйымдастыруымен «қол күрес», «арқан тарту», скакалкамен секіру секілді спорттық сайыс ұйымдастырып, белсенді қатысушылар мен жеңімпаздар облыстық жас­тар денсаулығы орталығының арнайы бағалы сыйлығымен және дипломымен марапатталды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Аталған акция шеңберінде күні бойы ауқымды шаралар жүргізілді. Оған аудан тұрғындары тартылып, мамандар тарапынан пайдалы кеңес алды.

Б.ОРДАБЕКОВ
17 қыркүйек 2019 ж. 681 0