АУДАН МЕДИЦИНАСЫ – ЖАҢА БЕЛЕСТЕ
«Сырдария аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК жанынан медициналық көмектің сапасын арттыру және қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында “CALL-орталық” жұмысы іске қосылып, бүгінде аудан тұрғындарына қызмет етуде.
Мұнда медицина қызметкерлері тарапынан шағым, ұсыныс, дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақырту және тағы да басқа медициналық қызмет туралы ақпараттың барлық түрін алуға мүмкіндік бар екенін айта кеткен жөн. Осы орайда, арнайы бөлінген сала мамандары орталыққа келіп түскен сұрақтарға дүйсенбі-жұма күндері таңғы сағат 08.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін, сенбі күні сағат 09.00ден 13.00-ге дейін жауап береді. Бұл ретте, аудан тұрғындары 8(72436) 79-9-11 нөмірін теру арқылы “CALL-орталыққа” хабарласа алады.
Сонымен қатар, Сырдария аудандық ауруханасында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында бірқатар іс-шара жүзеге асырылып, игілігін көпшілік көруде.
Қазіргі таңда кезекті электронды басқару жүйесін енгізу мақсатында электронды терминалдар іске косылып, тіркеу бөлімі жұмысы модернизациялану мақсатында цифрлы пост құрылып, “CALL-орталығы” жаңадан өз жұмысын бастады. Бұл дегеніміз дәрігерлер кабинетіндегі кезекті азайтуға мүмкіндік береді. Пациенттердің дәрігерлерге алдын ала жазылуын енгізу пациенттің жеке уақытын жоспарлауға, олардың медициналық ұйымдарда өткізетін уақытын 1 сағаттан 15 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, анализді тапсыру кабинетіндегі кезекті азайту бойынша жұмыс реттеліп, тұрғындарға мейлінше қолайлы жағдай жасалмақ.Мұнда пациенттерге әркез көмекке келуге дайын тұратын медициналық қызметкерлер қызмет көрсетіп, кеңес береді.
Ел алушылар электрондық жүйе арқылы дәрігерге жазылып, емханаға тіркеліп, қажетті кеңес ала алады. Сондай-ақ, дәрігерлік қабылдауға телефон және интернет арқылы “Е-gov” электрондық үкімет порталы және «Дамумед» мобильді қосымшасымен жазылу мүмкіндігі туындағаны қуанарлық жағдай.
Б.ОРДАБЕКОВ