Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ САУЫҚТЫРЫЛДЫ

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ САУЫҚТЫРЫЛДЫ


Ауданға қарасты елді-мекендер тұрғындарына амбулаториялық – емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері медициналық қызмет көрсетуде.
Жақында «Ашық есік» күні акциясы аясында дәрігер-терапевт, акушер-гинеколог, психолог, психиатор, ерлерді қарау кабинеті мамандары, онколог Бесарық дәрігерлік амбулаториясында тұрғындарды қабылдады. Жүкті, босану жасындағы әйелдер мен 60 жастан асқан 100-ден аса ауыл тұрғындары дәрігерлік тексеруден өтіп, кеңес алды. Сондай-ақ, Ақжарма дәрігерлік амбулаториясында 0-5 жас аралығындағы балаларды балалар неврапотологы, хирург, офтальмолог, стоматолог, лор дәрігері, логопед профилактикалық тексеруден өткізіп, қарау жұмыстарын жүргізді. Осы күні ақ халаттылар ауылдың 117 баласын тексеріп, олардың арасындағы аурушаңдықты ерте анықтау мен алдын алу шараларын жүргізді.
Айта кету керек, осы күні Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы ауылдарында жылжымалы стоматология кабинеті жұмыс істеп 417 бала сауықтырылған. Қазір жылжымалы стоматология кабинеті Бесарық ауылындағы балалар мен жүкті әйелдерге тегін қызмет көрсетуде. Сондай-ақ белгіленген кестеге сәйкес флюро машинасы барлық елді-мекен тұрғындарына өз қызметін ұсынуда. Осылайша емхана дәрігерлері апта сайын ауылдық жерлерге шығып, медициналық тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ

29 қыркүйек 2018 ж. 1 058 0