Қазақстанда әскери борышын өтеуден бас тартқандарға айыппұл салынады
Еліміздегі жаңа заң бойынша, әскери борышын өтеуден бас тарту - заңмен қудаланатын әрекет. Тіпті, сарбаз болудан бас тартқаны үшін айыппұл да салынады екен.
Қорғаныс министрлігіндегілердің сөзінше, әскерге шақыру жұмыстарына жергілікті әкімдік жауапты. Ал заң бойынша, биыл әскери борышын өтеуден бас тартқандарға 12 мың теңге айыппұл салынады екен. Былтыр осындай жауапкершілікке тартылғандар бар көрінеді.
«200-ден аса сондай азаматтар бар. Айыппұлды төлеп, бәрі-бір әскерге барады», - дейді ҚР ҚК Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің басқарма басшысы Азамат Дүйсімов.
Десе де әскерге бірден алып кетпейтін жағдайлар да бар. Мысалы, күндізгі оқу бөлімінде білім алып жатса, отбасылық жағдайы мүмкіндік бермейтін санаулы жағдайлар болса.
«Судья қызметіне орналасқандар, депутат атанғандар, сайлауға түскендер босатылады», - дейді ҚР ҚК Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бөлім басшысы Руслан Тапашев.
Жыл сайын 200 мыңдай адам әскерге шақыру комиссиясында медициналық тексеруден өтеді екен. Былтыр солардың 8 мыңға жуығы шақырту бойынша келмепті. Министрлік мамандары комиссариатқа келмеу мәселені шешпейтінін айтады. Өйткені әскерге шақырту бірден сарбаз боласыз деген сөз емес. Медициналық комиссия әскерге жарамсыз деп тануы мүмкін екенін де ескеру керек, дейді.