Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашық аспан астында ақындар бас қосты

Ашық аспан астында ақындар бас қосты

Ақын – асқақ рухтың адамы. Аудандық басылымның 85 жылдығына орай қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен Нағи Ілиясов ауылында «Жүректен шыққан сырлы сөз» тақырыбымен поэзия кеші өтті. Ашық аспан астында ақынға да, тыңдарманға да шабыт сыйлаған кешті жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Жасыл желекке бөле­ніп тұрған ауыл көркі ерекше көз тартады. Әсем табиғат пен таза ауа үйлесімі жас ақындар жырымен тіпті айшықтала түскендей болды. Ауылдағы «Еңбек аллеясында» республикалық деңгейдегі жыр мүшәйраларының жеңімпазы атанған, өзіндік оқыр­маны қалыптасқан сырбойылық жас ақындар бас қосып, ауыл кешін көріктендіре түсті.

Ерекше, еркін форматтағы поэзия кешін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Үсенұлы мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Төребек Жұмабекұлы ашып берді.

– Құрметті поэзия кешіне жиналған өнерсүйер қауым, бүгін жақсы бір кештің куәсі болғалы тұрмыз. Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдығына арналған поэзия кешіне қош келдіңіздер. Облыс әкімі биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялағанын білесіздер. Атаулы жыл аясында көптеген іс-шара өтіп, мәдениет пен руханият саласында іргелі мекемелер бой көтеріп жатқаны да сіздерге аян. Салада атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы халықтың рухани қазынасын байытары сөзсіз. Бүгін облыс қана емес, республикалық деңгейдегі жас ақындар ауданға ат басын бұрып, іргелі ауылда бас қосып отырмыз. Талаптарыңызға нұр жаусын, қаламдарыңыз мұқалмасын, – деді Ж.Төрәлиев. Ал батагөй ақсақал Төребек ата ақындарға шалқар шабыт тілеп, тілеулес­тігін білдірді.

Жас ақындар Ұлықбек Тәңірбергенов, Ақжол Түменбай, Айдар Сайлауов, Дина Бөкебай және Ақтөре Ибрагимұлы поэзия кешінің құрметті қонақ­тары ретінде төрден орын алды. Содан кейін ақындар кезек­пен өлең оқып, өлең-жырға, поэзияға шөліркеген халық­тың шөлін қандырды. Алдымен туған жер, Отан, отбасы туралы өлеңдерін ортаға салған ақындар махаббат поэзиясына да кезек берді. Одан кейін белгілі өлеңдердің авторы Ақжол Түменбай мен ақын қыз Дина Бөкебай поэти­калық дуэльге шығып, тартысты дуэль көрсетті.

Кеш соңына таяу ақын аға-апаларының ізін басып келе жат­қан мектеп оқушылары Айшат Ешмұратова, Нұрахмет Мансұров, Назым Кенжебекқызы, Жансая Әбибуллақызы ақындардың өлеңін оқып, көрерменнің ыстық ықыласы­на бөленді. Жас ақын­дарға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевтің алғыс хаты мен естелік сыйлық табыс­талды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары поэзия кешін­де қонақ болған ақындардың сөзіне жазылған бірнеше өлеңді орындап, ауыл кешінің сәні мен мәнін үстеді. Ең қызығы, аудандық газеттен поэ­зия кеші өтетіні туралы ақпараттанған жас ақындар аллеяға көптеп жиналып, өз кезегінде жырдан шашу шашты. Жас ақындар аудандық газеттің 85 жылдығына арнаған арнауымен кешті қорытындылады.

Ашық аспан астында, әуелеген әсем ән мен сырлы поэзияға қаныққан жұртшылық ризашылығын білдіріп жатты. Республикадағы «Үлгілі ауыл» атанған батыр атындағы ауылдың әдемі табиғаты ақындарға шабыт сыйлап, көрерменнің көңіліне қуат сыйлады.

Көтеріңкі көңіл-күйде тәмамдалған кеш­ті ауыл әкімі Сағдат Нұрмағамбетов, аудандық жастар ресурс­­тық орталығының директоры Айгүл Ахметова, мәдениет сала­сының ардагері Күләш Құдабаева қорытындылап, жылы лебіздерін білдіріп, аудандық газеттің мерейтойымен құттықтады. Бірнеше сағат бойына сыршыл поэзиямен жан сарайын толтырған тыңдарман әдебиет әлемінде өзіндік өрнегін сызып келе жатқан жас ақындармен естелік суретке түсті.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 мамыр 2024 ж. 287 0