Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұлақ көрсең, көзін аш!

Бұлақ көрсең, көзін аш!

Қырық мыңға жуық халыққа ақпарат таратып, оқырманның сүйікті басылымына айналған «Тіршілік тынысы» газетінің жарық көргеніне биыл – 85 жыл. Мерейтой аясында жыл көлемінде ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Жақында мектеп оқушылары арасында «Төл басылымның тұрақты оқырманымын» тақырыбында аудандық эссе байқауы өткізілген болатын. Шығармашылық байқауда сөз мәйегін келтіріп, даралана білген үздік шығармаларды «Тіршілік тынысы – 85 жыл» айдары бойынша оқырман назарына ұсынбақпыз.

Редакциядан

ТӨЛ БАСЫЛЫМНЫҢ ТҰРАҚТЫ ОҚЫРМАНЫМЫН

Газет – халықтың көзі,
құлағы һәм тілі
А.Байтұрсынұлы

«Халықтың жанашыры» атанған бұл газеттің шығу тарихы тереңде жатыр. Сонау 1938 жылы Тереңөзек қайта аудан мәртебесіне ие болып, 1939 жылдың 26 наурызынан бастап алғаш «Сталин жолы» деп аталатын газет жарық көрді. Басылым 1963 жылға дейін «Еңбек майданы» атанса, 1963-1967 жылдар аралығында «Сырдария» ретінде жарыққа шықты. Сәйкесінше, 1967 жылы іргелі аудан аумағы екіге бөлініп, газет атауы «Еңбек туы» болып қайта өзгертілді. 1992 жылы газет «Тереңөзек тынысы» ретінде оқырман қолына жетсе, 1997 жылдан бастап «Тіршілік тынысы» атауымен басылып шығып келеді. Төл газетіміз аудан төңірегіндегі қарымды қаламгерлердің, ақын-жазушылардың еңбектерін үздік­сіз жариялады. Тарихы терең төл басылымның ең алғашқы редакторы Серғазы Абдуллаев болған екен.

Сыр журналистикасында өзіндік орнын қалыптастырған дарынды тұлға­лар­дың, қаламгер жазушылардың майталман маман ретінде қалыптасуына басылымның атқарған рөлі зор. Бүгінде төл басылымның «Тіршілік тынысы – 85 жыл», «Экономика», «Қоғам», «Саясат», «Тарих», «Әлем», «Спорт» секілді бірнеше айдар халық игілігі үшін жұмыс жасауда. Әрбір айдар бойынша жарық көретін мақалалар елеулі мәселенің шешілуіне себепкер атанады. Мәселен, экономика саласындағы елімізде немесе аудан төңірегінде қандай да бір елеулі өзгерістер болса, соны халыққа жеткізіп отырады. Сонымен қатар қоғамдағы, яғни Сыр еліндегі оқиғалар тілшілердің ұдайы назарында. Ал «Тарих» бөліміне тоқтала кетсек, «Адам өткенін білмей, болашағын болжай алмайды» дегендей, қандай да бір қасиетті Сыр топырағында, жыр елінде орын алған оқиғаларды тарихпен ұштастырып, жан-жақты тоғыстыра отырып, жаңғыру тұрғысынан барынша баян етеді.

Спорт елімізді әлемге танытады. Осы ретте, Сырдария ауданындағы өрендердің, жас ұрпақтың биік белес­терді бағындырған аудан азаматтарын, яғни жүлдегерлер мен жеңімпаздарды газет бетіне жариялап, әлеуметтік желілерде де бөлісіп отырады. Осы арқылы болашақ құрметті азаматтарды тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды ішкі түйсігіне сіңіреді. Ұрпақты шабыттандыру, жігерлендіру газетке ұлы тұлғаларды жариялау арқылы жүзеге асады. Ал біз газетті оқығанда рухани азық, өзімізге керек ақпарат, маңызды оқиғаларды аламыз. Себебі, газетте республикалық, халықаралық деңгейде белестерді бағын­дырған оқушылар, еліміздің үлгі тұтар азаматтардың еңбектері жарыққа шығады.

«Негізінен қазіргі таңда газеттің болашағы жоқ, жаңа технологиялар кө­бейіп, ІТ саласы ерекше дамығандықтан газет күші жойылды» деген көпшілік арасында пікір жиі кездеседі. Менің ойымша, бұл – қате пікір. Негізінен елде немесе әлемде қандай да бір даму орын алғанда газет беттерінен толық, шынайы, әрі нақты ақпараттар байқауға болады. Газет оқу сауаттылыққа, ақпараттың шынайылығына алып келеді және де газет беттерінде ақпарат, оқиға жазылса, міндетті түрде автор белгіленеді.

Өз ойымды қорытындылай келе, кейбір әлеуметтік желілердегі ақпа­рат­тар жалған болуы мүмкін, бірақ газет бетіндегі ақпарат шындық болып табылады. Сол себептен газет оқу­дан жалықпай, әрқашан ақпараттың шынайы­лығына көз жеткізген дұрыс.

Алтыншаш АРЫСТАНБЕК,
№37 мектеп-лицейдің
9 сынып оқушысы

***
Қолына таяғын ұстаған әжемнің пош­та жәшігіне күніне бірнеше рет барып, газет-журнал күтетінін ес білгелі көріп жүрмін. Кешегі соғыс жылдарында газеттерден жеңіс хабарын күткен сол кездің балалары, атам мен әжемнің газет-журналға құмарлығы бүгінгі күні біздің отбасылық дәстүрімізге айналды. Олардың сүйікті газеті Сырдария ауданының айнасы – «Тіршілік тынысы» еді. Міне, атам мен әжемнің тәлімінің арқасында мен де газеттің тұрақты оқырманына айналдым.

Сүйікті газетім 1939 жылы ел арасына тарап, өз қызметін халыққа арнап келеді. Кешегі соғыс жылдарында «Сталин жолы» деп аталған бұл басылым сол даланың қуанышын да, қайғысын да, ерлердің ерен ерліктерін, тылдағы еңбекшілердің жан кешті ерліктерін елге жеткізіп, елдің рухын көтеріп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қосты. Әр санынан тың дерек күткен халықтан 1956 жылы «Еңбек майданы» деген атау алған газетіміз енді елді соғыс емес бейбіт еңбек пен татулыққа шақырып, еңбек ерлерін мақтанышпен елге жеткізе бастады. Елдегі өзгерістерге байланысты газет атауы «Сырдария», «Еңбек туы», «Тереңөзек тынысы», «Тір­шілік тынысы» болып қайта аталса да, сол өзі­нің бағытынан таймай, халық тіршілігін, әр тынысын елге жеткізіп отырады. Билік пен халық арасындағы тың деректер мен жаңалықтарды алғашқы қарымды қалам­герлеріміз А.Қойшыбаев, Қ.Татанов, Н.Рахметова, М.Дәдікбаевтар жеткізуді бас­таса, әрі қарай баспа жұмысын жандандырып, тәуелсіздік тұғырының нық тұруына өзіндік үлесін қосып жүрген редакция ұжымын айтар едім.

Алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» демекші, қазір ғаламторға қанша телмірсек те, шынайы да шыншыл ақпарат беретін құндылығы жойылмайды. «Тіршілік тыны­сының» «Қоғам», «Таным», «Аймақ», «Есеп» беттері аудан жұртшылығын жаңа­­лықтан хабардар етсе, «Сенбілік» бетіне әр оқырманға көңіл-күй сыйлайтын қалжың, әңгіме топтастырылған. Ал менің сүйікті оқитын айдарым «Маман­дығым – мақтанышым» айдары. Мектеп бітіруге жақындап қалған менің және құрдастарымның ойын дөп табар бұл айдарда мамандық түрлері, сала майталмандары мен пайдалы кеңестер жазылады. Міне, үлкеннің де, кішінің де көкейіндегі мәселелерге жауап беретін газетіміз осынысымен де құнды.

Қазіргі қатарластарым керекті ақпарат іздегенде, ой білдіргенде әлеу­мет­тік желіге жүгінеді. Дегенмен газетсүйер аға ұрпақтан баспасөздің рухани құндылығын бойына сіңірген мен секілді оқырмандары тұрғанда қазақ баспасөзі рухани жаңғырудың ұйытқысы болып қала береді. Газет­тің әр беті мен дерегі біздің білім көкжиегімізді кеңейтеді. Осы орайда 85 жыл толып отырған төл газеттімізге жүрек жарды өлең шумағын арнағым келеді.

Терең бойлап, тарихымнан сыр шерткен,
Жаршысы сен, даңқың
көкпен тірескен.
Тіршілік көзі айналдың елдің көркіне
Мерейің үстем, қайнаған
қызу еңбекпен.
Сан тармақты «Тіршіліктің тынысы»
Оқығанның қанар, шіркін, құрышы!
Ел жадында сақталады қашанда
Мың ғасырлық мұрағаттың ұлысы.
Қашанда оқырмандарын тәрбие­леуде үлкен мән-мағынаға ие газе­тіміздің мерейі үстем болып, асқақтай берсін.

Шахназ МЕҢЛІБЕК,
№147 орта мектебінің
9 сынып оқушысы

***
Газет – халық арасындағы байланыс, елеулі мәселерді айқындайтын басылым. Басылым әлеуетін шаруашылықтың барлық саласын дамытуға себепші күш, халық мәдениетін асқақтататын пәрмендік құрал, жұртшылықты жаппай Отаншылдық рухта тәрбиелейтін қуатты қару деп түсінемін.

Газет оқу – іздену, құштарлығын оятатын және адамның мәдениетін жоға­рылатып отыратын ерекше үдеріс. «Оқы­ғанды көңілге ықыласпен тоқылық» деген Ы.Алтынсарин атамыздың нақыл сөзін естен шығармайық. Газет­ тің құдіреті ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Мен «Тіршілік тынысы» газетінің тұрақты оқырманымын. Өйткені бұл газет нақты мәліметтер көзімен, өзекті мәселелерді талқылаумен, сапалы сараптамаларымен баурап алды.

«Тіршілік тынысы» – өзі үн қатпаса да, ішкі әлемімен еліктіретін, жан сарайыңды серпілтетін, көңіліңе шабыт қондыратын, кез келген кезде қажетті ақпаратты қамтамасыз ететін әрі оқырманды жалықтырмайтын халық серігі деуге де болады.

Шын мәнінде, газет қоғам айнасы саналады. Біздің ауданымыздың айнасы, әрі жалғыз басылымы – «Тіршілік тынысы» екенін көпшілік жақсы біледі. Басылым ұжымының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын айтқаны мен журналистердің мірдің оғындай өткір сөздері мен көркем жеткізетіндігі ұнайды. Газет бетіндегі қоғамдық өмір­дің сан саласын бейнелейтін тақырып­тар сындарлы жазылып келеді. Яғни өңірдің тыныс-тіршілігі мен шежіресі деу­ге болады.

Айдар – газеттің ішкі құрылымының хабардар ететін, оны танытатын басты компоненттерінің бірі. Олар қызметі жағынан негізгі және арнаулы болады. Маған «Рауан», «Ерен ерліктердің жемісі – жоғарғы жетістік» секілді айдарлар ұнайды. Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін, жас мамандардың ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды болғандықтан, бұл айдарлар ұрпақты талпындырып, жігерлендіреді.
Ұлт мәдениеттің гүлденуімен, газет сала­сының қоғамдық қызметтің кеңеюімен тығыз байланысты. Сондық­тан газеттің еркін қанат жайып, одан әрі дамуына үлес қосуымыз қажет.

Газеттің бір басылымның артында үлкен еңбек жатыр.

Гүлім ҚЫЛЫШБЕК,
№42 мектеп-лицейдің
9 сынып оқушысы

***
Газет – жұртшылықты жағымды жаңалықтарымен сүйіншілеп, руханият­қа бойлататын, билік пен халық арасын байланыстыратын құрал. Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Оны оқыған са­йын түрлі жаңалықтарға қанығасыз. Газет бетінде қоғамдық өмірдің сан саласын бейнелейтін тақырыптар жазылады. Аудан көлемінде жарыққа шығып, ақпарат тарататын оқырманның басылымы – «Тіршілік тынысы» газеті.

Биыл жаңалық жаршысына айналып, елдің мұң-мұқтажын жеткізіп келе жатқан Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне – 85 жыл. Бұл мерейтой – аудан тұрғындары үшін ерекше мереке. Өйткені газет басылып шығарылған уақыттан бастап-ақ халықтың сүйікті басылымына айналды. «Тіршілік тынысы» газетінің тарихы сонау 1939 жылдан бастау алады. Сексен бес жыл аз уақыт емес. Осы аралықта ауданның жалғыз басылымы аудан халқымен, тұрмыс жағдайымен бірге жұмыс жасап келеді. Еліміз егемендік алғаннан кейін ел тұрмысы газет бетінде айқын көрініс тапты. Маған ұнаған газеттердің бірі – «Тіршілік тынысы». Неге? Себебі, ауданымызда болып жатқан жаңалықтар осы газет бетінде жарияланып отырады. Жаңалықтардан қалып қойдым демейсің. Тек қоршаған орта ғана емес, пайдалы ақпараттарымен де бөлісіп отырады. Газет әр оқырман үшін ең керекті ақпараттарды таратады деп есептеймін.
Маған кітап оқу ұнағандықтан газетті де жібермей оқимын. Себебі газет те кітап секілді адамның жан дүниесін байы­тып, сөздік қорды кеңейтеді.

Қорытындылай келе «Тіршілік тынысы» газетінің оқырмандары көп бол­ғанын қалаймын. Әсіресе осы оқырмандар арасынан жастар көптеп кездессе екен деймін. Олардың сана-сезімінде «осы газеттің пайдалы тұс­тары көп екен ғой» деген тұжырым болғаны жақсы. Ал «Тіршілік тынысы» газеті жарыққа шығуын тоқтатпай, ары қарай да құндылығын жоғалтпаған баспасөз болады деп сенемін.
Ел жаршысы жақсылықтың атанған,
Жазулы онда маржан сөзбен бар арман.
Мерейтойың құтты болсын бүгінгі
Қауышуға асығады оқырман!

Айзере САҒАТҚЫЗЫ,
№139 орта мектебінің
10 сынып оқушысы
13 сәуір 2024 ж. 336 0