Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 59 газет

09 тамыз 2025 ж.

№ 58 газет

05 тамыз 2025 ж.

№ 57 газет

02 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Абайды білмек парыз ойлы жасқа...

Абайды білмек парыз ойлы жасқа...

Абай – әлемдік тұлға. Осыдан бес жыл бұрын атаулы мерекелер тізбесіне енген Абай күні туралы пікірінде Президентіміз бұл күннің той қуалайтын емес, ой қуалайтын дата екенін айтқан еді. Мемлекет басшысы айтқандай, ғұламаның өлшеусіз еңбегіне орай белгіленген атаулы күнді ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуға, дамытуға арнау керек. Осы тұрғыдан келгенде Абай күнінің мән-маңызы айрықша, көтерер жүгі ауыр екені айтпаса да түсінікті.

Абай Құнанбайұлы өз халқының мұң-мұқтажын, қоғамдық-филосо­фиялық ойларын, мәдениеті мен әдебиетін жаңа сапаға көтерді. Ұлы ақынның арман-тілегі бүкіл адам­заттың ең биік асыл мұрат­тарымен үндесіп жатыр. Ұлы ақын арман еткен «бүтін адам», «толық адам» тұжырымдамасы ең озық ой-идея ретінде бүгінгі күні де оқыр­манын бей-жай қалдырмайды. Абай­ды тану арқылы біз өз болмысымызды танып, болашағымызды бағдарлаймыз.

Абай шығармашылығы – адамзат даналығының таусылмас қазынасы. Бұл байлықты ақтарған сайын тың жаңалықтың көзін тауып, ескі мен жаңаны жалғастыру жолындағы рухани бастаушыны танимыз. Ғұ­ла­маның әрбір шығармасы әр кезең­дегі оқырманына ерекше. Мы­салы мектеп жасында оқыған Абай шығармаларын есейгенде қайтара оқысаң, жаңа қырынан қарап, жаңаша ой түйесің. Абай туындылары қай кезде де өзінің құндылығын жоймайды. Абайдың әдеби мұралары – қазақтың бітім-болмысын, ұлттық ерекшелігін тамыршыдай дөп басуымен өміршең.

Абай Құнанбайұлы туралы інде­те ізденгендер көп. Солардың ішін­де, Абайдың бұрын-соңды қазақ ақын-жырауларына ұқсамайтын да­ра­лығын алғаш тілге тиек еткен Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұма­баевтар еді. Мағжан ақын 1912 жылы «Шолпан» журналында «Алтын хакім Абайға» деп өлең арнаса, Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қа­зақ» газетінде «Қа­зақ­тың бас ақы­ны» деген кө­лемді мақала жазды. Одан кейін Абай Құнанбайұлының өзін, шығар­машы­лығын зерттеп, көлемді, ауқымды ең­бек­тер жазған ғалым-жазушылар қатарында Мұхтар Әуезов, одан беріректе Мекемтас Мырзахметұлы, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Ғаббас Тоғжанов, Ғарифолла Есім есімдерін ерекше айтып өтуге болады.

Абайдың «хакім» есімін жан-жақты зерделеп берген ғалым Ғ.Есім «Абай ұлттық ойлаудың ерек­ше үлгісін ұсынған. Абай ұсын­ған ойлаудың үлгісі – хакімдік. Ол осы хакімдік арқылы ұлттық ойлауды әлемдік деңгейге көтерді. Абайдың хакімдігі Сократ, Платон, Аристотель дәстүріндегі ойшылдық. Сондықтан ұлттық ойлауды Абай көтерген деңгейден түсірмеу – абайтанушылардың бәрінің есінде болатын қағида» деп түйіндейді.

Атағы жер-жерге жайылып, көп­­шілік мадағына ие болған Абай жұрттың мақтанына елітіп әкесі Құнанбайға «Әке, мен сенен асып түстім. Сен жетпегенге жетіп, болыс сұлтаны да болдым» десе керек. Сонда өзінің ақылдылығымен талай дауды әділ шешкен Құнанбай «Мықты болсаң, өзіңнен асқан ұл туғыз, сонда мықтымын десең болады» деген екен. Расында да, Абайдың Абай болуына Құдайдан кейін себепкер әкесі қажы мен анасы Ұлжан еді.

Биыл Абай Құнанбайұлының ту­ғаны­на – 180 жыл. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бас ақынымыз туралы зерттеу еңбектері баршылық. Жер-жерде Абай Құнан­бай­ұлының ескерт­кіштері де қо­йылған. Ал Абай туралы фильм­дердің көбі – деректі фильмдер. Онда көбіне Абай өмірінің үш кезеңі көрсетіледі. Біріншісі – ата-анасының, әжесінің қасында жүрген бала Абай, екіншісі – ер жетіп сезімдері бүршік атқан жас Абай, сондай-ақ егде тартып, шәкірт тәрбиелеген даналық кезеңі.

Қорыта айтқанда Абай мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, ма­ңызын жоймайтын қайнар көзі. Бұл күні Абай есімі ұлттық сана-сезімде мәңгі аталатын ұлы тұлғаға айналды. Ұлы Абайдың асыл мұрасы халқымызды білім мен ғылым сапарына жетелеп, санасында мәңгілік сақталары хақ.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден
09 тамыз 2025 ж. 247 0