Елге қадірлі жауынгер

Ауыл тұрғындары Айғали Ерманұлының елі үшін сіңірген еңбегін, ауыл адамдарына көрсеткен көмегін, адами қасиетін, ағайыншылығын, ұлтжандылығын айтып, халықтың қамы үшін ханға қарсы қасқая қарап сөйлейтін батыр мінезін аңыз етіп айтады.
Екінші дүниежүзілік соғыстың оты шарпығанда Айғали Ерманұлы 18 жастағы азамат болған. Әкесі Ерманның үлкен отбасында сегізінші бала болып дүниеге келген. Жастайынан шаруаға араласып, үлкендерге қолқабыс ете жүріп, ерте есейген. Қазақстанға келген нәубет – ашаршылық жылдарында отбасы туған-туысқандарымен Өзбекстанды паналайды, бірақ келер жылы елге оралады.
Ардақты азаматтың өмірдерегінде: «1933 жылы он жастағы Айғали Ерманұлы Қызылорда қаласының оңтүстік-батысында, 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан Құлкетөбе түбіндегі Хан мектебінде оқып білім алып, жетіжылдықты 1939 жылы бітіріп шығып, 1942 жылға дейін колхозда әртүрлі жұмыстар атқарады» деп жазылған.
– Майданға 1942 жылдың маусым айында әскер қатарына алынып, Уфа қаласында бір айлық дайындықтан өтеді. Калинин майданындағы 45-гвардиялық атқыштар полкі құрамында ұрысқа кіреді. Ржев қаласын қорғаудағы кескілескен ұрыста қатардағы жауынгер Айғали әкеміз ауыр жарақаттанады. Иваново қаласындағы госпитальда бірнеше ай емделген соң қайта сапқа қосылады. Әкеміз Ржев, Торжок, Торопец, Великие Луки, Невель, Старая Русса қалаларын, Белоруссия, Латвия, Литва республикалары жерлерін азат ету ұрыстарында бірнеше рет жарақат алып, контузияға ұшыраса да қайтадан қатарға қосылады. Жеңіс күнін Кенигсберг қаласында қарсы алған. Фашистік Германия талқандалғанымен әкеміз болған әскери бөлім Еуразияны көктей өтіп, Жапон милитаристеріне қарсы шайқасқа аттанды. №39 Армия қатарында соғысып, 1945 жылдың 3 қыркүйегінде Порт-Артур қаласында Жапонияны тізе бүктірген, жеңісті сонда қарсы алып, әскери қызметті одан әрі жалғастырады. Елге 1947 жылдың мамыр айында оралады, – дейді майдангердің ұрпағы Мейрамкүл Тәутенова.
Елге оралған соң Айғали Тәутенов 1947-1953 жылдары колхозда бригадир, ферма меңгерушісі, колхоз бастығы, партия ұйымының хатшысы қызметін атқарған. 1953-1954 жылдары Қазалы қаласындағы ауылшаруашылық техникумында оқып, бухгалтерлік мамандық алып, 1960 жылға дейін К.Маркс атындағы колхозда есепші болады. Кейін қой фермасында бригадир, Тереңөзек созхозының К.Маркс бөлімшесінде егіс бригадирі болып абыройлы еңбек етеді. 1965 жылдан бастап Тереңөзек ауданы №1 күріш совхозында, одан соң ҚазССР-ның 50 жылдығы атындағы совхозда күріш өсірумен айналысады. Өндіріс бригадирі, бөлімше меңгерушісі болып, 1986 жылы 59 жыл еңбек өтілімен зейнеткерлікке шығады. А.Тәутенов мемлекет марапатына, ел алғысына бөленген жан.
А.Тәутеновтың есімі Қазақстан Республикасының «Алтын кітабына» жазылған. Үздік еңбек көрсеткіші үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған. Ол Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс, қола белгілерінің иегері атанды. Үлкен әулеттің басшысы, ынтымағы жарасқан отбасының отағасы әулеттің анасы Кенжегүл Бөжекқызымен отандасты. Асыл ананың соғыс жылдарында көрген бейнеті аз болмаған. Ер-азаматтар соғысқа аттанып кеткен шақта, елдегі бар ауыртпалық қарттардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Кенжегүл Бөжекқызы сауатты, еті тірі болғандықтан қоғам өміріне белсене араласады. Ауылдық кеңеске хатшы, төрағасы, колхозға есепші, колхоз бастығы болып қызмет атқарады. Ер азаматтар соғыстан қайтып, халық шаруашылығы түзеле бастағанда сауда саласында қызмет атқарғаны ел есінде.
Өмірлік қосағы Айғали Тәутенов екеуі үш ұл, төрт қыз өсіріп, оларға өнегелі тәрбие берді. Барлық балаға жоғарғы білім алуға жол көрсетіп, адал еңбек етуге баулыды. Қазіргі таңда балаларының барлығы да елге адал қызмет атқарып жүр. Балаларының үлкендері – зейнетке шыққан елдің қадірлі азаматтары.
Соғыс, еңбек ардагері, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Отан соғысы» орденінің иегері Айғали Тәутеновтың өнегелі өмір жолын жалғастырып отырған ұрпағы бар. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы болар, сірә!
Бибісара ЖАНӘЛІ