Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Қайсарлық пен адалдық

Қайсарлық пен адалдық

Екінші дүниежүзілік соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Махамбет Бержанов әкеміздің аймаққа жасаған қызметі мен өткен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа қайсарлық пен адалдықтың ақ туындай рух береді.

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ардагер әкеміз ортамызда болғанда 100 жылдық ғасыр то­йын тойлап отырар ма еді, кім білсін. Тұтас бір дәуірдің тұлғасына айналған абзал азаматтың өмірден озғанына да 5 жыл болыпты.

Махамбет әкеміздің ғұмырбаяны туған жер тарихымен сабақтас. Қара­ке­рейт Байтаңат биден өрбіген Қоқы­бай болыстың туған інісі Оразбайдың ұлы Бержанның жалғыз ұлы Махамбет әке дүниеге келген 1925 жыл ауыр кезең еді. Махаң үш жасқа келген жылы Кеңес үкіметі байларды ашық тәркілеп, көнбегенді көгендеп түрмеге жапты. Қудалауға түскен осындай отба­сылар жоғары жаққа үдере көшті. Бірақ мұндай нәубет бұл әулетті әуреге салған жоқ. Өйткені Қоқыбай ата Кеңес үкіметі келгенде «Енді билікті жұмысшы-шаруа алады, мал-мүлікке қол салады» деп болжапты. Жарықтық тегіне тартқан әулие кісі ғой. Сөйтіп, қолындағы алтын-күмісін, өрістегі ма­лын түгел қолхозға өз еркімен беріпті. «Бала-шағамыз аман болсын, сол байлық» деген екен, жарықтық. Соған қарамастан «бай болыстың балалары, Бидас деген түп аталары хан болған» деп, сыртынан саусақ көрсетіп шошайтып көрсеткендер де табылған. Бірақ олар зиянын тигізе алмапты. Қоқыбай атаның көрегендігі, ақылдылығы арқасында Байтаңаттың әулеті кеңестік қудалаудан, репрессия­дан аман қалған екен.
Махамбет әке 1943 жылы жеті жылдық мектепті бітірген соң Кеңес әскері қатарына алынып, Чита облысы, Забайкал әскери округінің құрамында соғысқа кірген. Ол 1945 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қиыр Шығыс майданы Кеңес Одағының Қарулы Күштерінің Маньчжурия, Оңтүстік Сахалин және Курил аралдарындағы ең қуатты жапон құрлықты тобын талқандау жөніндегі әскери науқанына толықтай қатысқан. Жапондықтардың басып алған Қытай жерлерін азат еткен әскер құрамында болған. Соғыстағы ерлігі үшін алған орден медальдардан бөлек Жоғарғы Бас қолбасшы Сталин­нің өз қолымен қол қойған «Әскери қызметі үшін» мақтау қағазын алған офицер Бержанов Махамбет әкеміз 1948 жылы елге оралады. Жеңіс жауынгерін елге келісімен жергілікті партия басшылығы Жалағаш ау­дан­дық ішкі істер бөліміне қызметке алған. Кейіндеу Махамбет Бержанов әкеміз КСРО Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебін оқып бітіреді. Сөйтіп, төрт бірдей ауданның ішкі істер бөлімдерінде жедел уәкіл, аға уәкіл, соңында Тереңөзек аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып он екі жыл қызмет атқарады. Адал еңбегінің, қолының тазалығы­ның, қатал тәртіптің арқасында абырой биігіне көтерілді. Жұртшылық ол кісінің болмыс бітіміне, мінез-құлқына, отбасылық азаматтық ұстанымына, тіп­ті киім киісі мен сөз саптауына қарап, тектіліктің, тазалықтың, әділдіктің үл­гісі деп санайтын болған. Тереңөзек ауданындағы нәтижелі жұмысы жо­ғары бағаланып, кейін Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалады. Қармақшы халқы әкейді іскер, талапшыл басшы, шындықты сүйетін азамат ретінде қадірледі. Аудандағы замандастары «Басшы болса, Бержановтай болсын» деп осы күнге дейін еске алады екен. Ол ауданда он жылдай қызмет істеп полковник шенінде зейнетке шықты. Облыс бойынша сол кездегі үш полковниктің бірі болыпты. Осылайша, Махамбет әке соғыстың соққылаған от балғасына иленіп, жалы­нын қақ жарып, бейбіт өмірде де елдің тыныштығын, қоғамдық тәртіп үшін қылмыскелермен күресіп, талай ұйқысыз күндерді басынан өткізген адам.

Махамбет әке менің әкем Жүсіпәлі­мен құрдас, қызметтес дос болған. Әңгімемнің басында ардагерлігінен бөлек өмірінің өзі бізге өнеге болғанын айтып кеткенмін. Соңғы жылдары абыз ақсақалға көлігіммен қызмет жасап, елдің қуанышы мен қайғысына ортақтасып, тәлімді іс-шараларға бірге барып, ғибаратты әңгімелерін тыңдап сырлас болып, батасын алып жүрдім. Негізі Махамбет әкені біздің ауданымыздың шын пат­риоты десек, қателеспейміз. Оған ол кісінің өнегелі отбасылық ұстанымды өмірінен көп мысал келтіруге болады. Ауданнан Қармақшыға көшіп бара жатқанда аудан орталығындағы қам кесектен салынған үйін сатпай, «түбінде Тереңөзекке қайтып келем» деп аманат қылып көршісіне тапсырып кеткен. 1984 жылы зейнетке шыққанда облыстағы басшылары қаладан үй беріп, құрмет жасаса, «маған Тереңөзектен артық жер жоқ» деп, осы кезде ұлы Қайраттың отырған, баяғы көршісіне аманат қылған ескі қонысына көшіп келген екен. Ол кісі қалған өмірін осы үйде тұрып, аудандағы ардагер замандастарының көшін бастап, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Тереңөзек ау­даны­­­ның зиялысы, құрметті азаматы болды.
Бір қызығы, 35 жыл бойы ай са­йын зейнетақысын банкіге өзі барып алып, керегін қалтасына салып, қалғанын қайта сақтауға өткізеді екен. Бір күні кассада зейнеткерлердің тізімінде бұл кісі жоқ болып шығады. Сөйтсе «Облыс орталығындағы соғыс ардагерлеріне түгел үй беріліп жатыр, үкімет тарапынан беріліп жатқан заңды жеңілдіктерді сендер неге пайдаланбай жүрсіңдер» деген бір ақылгөй ағайынның айтқанының әсерінен бұл кісінің тізімі қалаға еніп кеткен екен. Сонымен әскери тәртіп бойынша мәселе қайта қаралып, үш күннің ішінде «прописка» бұрынғы қалпына келтіріліпті. Жақындарына «Үйді кезекте тұрып, я маңдай термен тапқан ақшаларыңа сатып алыңдар, оған толық мүмкіншіліктерің бар» деп майдангерге берілетін жеңілдіктер туралы әңгімені осылай жауып тастаған екен жарықтық. Бұл ұстаным – қанмен берілген, ата-бабадан бері келе жатқан тектілік. Тектілік адамның ізгілікке ұмтылып, жақсылыққа жанасып жүріп, ұрпағына ұлағатты тәрбие беріп, кейінге өнеге қалдыруынан көрінеді. Айта берсең осындай қызықты, тәлімді, өнегелі мысалдар жетіп жығылады.
Махамбет Бержанов туралы Дүйсенбек Аяшұлының кітабында ана мен әкені, өмірлік жарын, ба­уыр мен ағайын-туысты, көршілерді, құда-жег­жатты қалай қадірлеп, құрмет тұтқаны туралы салиқалы әңгіме қозғайды. Өзінің ұл-қыздарының әрқайсы­сын ерек­­­­ше жақсы көріп, көшеде, қызметте, қонақта, тіпті үйдегі дастарқан басында ас ішу мәдениетіне дейін әке сүзгісінен өткендері туралы балалары толғаныспен баяндап, оқыған адамға өмірлік өнеге қылып айтады.

Жұмыста абыройлы басшы атанған майдангер отбасында да ардақты әке, асыл жар, ақылшы ата болды. Жары Тынымкүл анамызбен бірге ұлағатты ұл-қыз өсірді. Әкейдің жанына жалау, ісіне тілеу, үйінің алтын діңгегі, берекесі болған балалардың анасының еңбегі зор. Баланың барлығын Алмагүл әжесі бауырына басып, қазақтың салт-дәстүрі мен обал сауапқа негіздеп тәрбиелейді. Бәрі жоғары білім алып маман болды. Бүгін олар әке-ана үмітін ақтап, ел дамуына әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Ұлы Қайрат Бержанов бүгінде мемлекеттік қызметтің біраз сатысынан өтіп, қазір сот саласында судья ретінде қара қылды қақ жарып, әділдікті ту етіп, адал еңбек етіп келеді. Әке жолын жал­ға­ған текті азаматтың болашағына зор сеніммен қараймыз.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, қазір заман өзгергенмен, еліміздің әрбір азаматының Отан алдындағы ата-бабаларымыз салып кеткен айқын міндеті мен парызы өзгермейді. Біз әрқашанда ардагер әкелеріміздің ер­лі­гін насихаттап, ұрпаққа сыйлаған әрбір бейбіт күндерін қадірлеуіміз керек. Сондықтан ер есімі ел жадынан ешқашан ұмытылмайды. Таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, уақыт өткен сайын Махамбет Бержанов әкеміздің тұлғасының да асқақтай беретіні анық.


Марат Омаров,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы

06 мамыр 2025 ж. 56 0