Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер жолы

Майдангер жолы

«Көппен көрген ұлы той» дегендей, Махамбет Бержанов 1943 жылы 18 жасқа толып, Қармақшы аудандық әскери комиcсариаты арқылы әскерге шақырылды. Ол кезде Махамбет аға туып өскен Жалағаш Қармақшыға қарайтын. Өзі қатарлы бұғанасы қатпаған жігіттермен бірге әскери эшелонға мініп кете барды.
Қиыр Шығыста 2-3 ай әскери дайындықтан өтіп, майданға аттанайын деп тұрғанда солдаттар арасында іш сүзегі шығады. Сондықтан М.Бержанов қызмет ететін әскери бөлімнің бағыты өзгеріп, Жапониямен шекараға қалдырылады. Бұл жерде де жағдай оңай емес, шиеленісіп тұрған болатын. Өйткені фашистік Германияның негізгі одақтасы Жапония болғаны тарихтан белгілі. Бұл милитаристік мемлекет 1937 жылдан бастап, КСРО жеріне көз алартып келе жатқан еді. Тіпті бірнеше аралдарды басып алған да болатын. Ал Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік Германияға арқа сүйеді. Сондықтан батыста соғыс жүріп жатқан кезде Жапониямен шекарада атыстар болып тұрды. Әсіресе, жаудың мергендері Кеңес әскеріне көп қауіп төндірді. Жау мергендері арасында әйелдер мен қыздар да болған. Міне, осы жапондықтардың шабуылына қарсы тұрған Кеңес әскерлерінің қатарында жерлесіміз Махамбет Бержанов та болған. Бұл кезде майдангер Чита қаласының Мациевская стансасында орналасқан 94-атқыштар дивизиясының 9-полкінде қатардағы атқыш, 1036 атқыштар полкінде радиобайланысшы болып әскери қызмет атқарған. Ал Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған 1945 жылдың жазында Жапон самурайларына қарсы Забайкал майданының 36-армиясының 1036 атқыштар полкінің құрамында автоматшы болып кескілескен ұрыстарға қатысқан. Ата жаумен арпалысып жүріп, Хайлаяр қаласын жапондықтардан азат етуге қатысып, Ұлы Жеңіске үлес қосты. Осы ұрыста қарша бораған оқтың арасынан жауға қарсы шабуылдаған жауынгер М.Бержанов кенеттен мина жарылып, басынан жарақат алады. Көз алдында жарылған мина ұшқыны жауынгердің маңдайына тиген. Өмірін каска сақтап қалыпты.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанымен Махамбет аға әскери қызметін жалғастырды. Өйткені әскерге тәжірибелі солдаттар ауадай қажет еді. Оның үстіне М.Бержанов сауатты, орысшаға жетік, жазуы маржандай әдемі болатын. Жеті сынып бітірсе де әскер қатарында жүріп, қолға түскен кітаптарды оқуға ынталы еді. Ол өз сауатын осылайша жетілдірді. Соғыстан кейін Махамбет аға Чита қаласының 79-разъезіндегі №250 жеке пулеметті артеллериялық батальонында писарь-каптенарумс, телеграфист және Даурия стансасында №275 жеке байланыс батальонында штабтың аға писарі болып, әскери қызмет атқарды.
Ержүрек жауынгер көптеген ма­ра­паттардың иегері. Ол екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», барлығы 14 медальмен марапатталған.
1948 жылдың 24 ақпанында КСРО Министрлер Кеңесінің «Әскери қызметшілерді әскерден босату туралы» қаулысына сәйкес, әскерден босап елге оралады. Ата-анасымен қауышады. Бейбіт өмірде де мазасыз қызметтің тізгінін ұстайды. ҚазССР-і әскери комиссариатының жолдамасымен өзі туып-өскен Жалағашта аудандық ішкі істер бөлімі уәкілетті уәкілінің көмекшісі болып қызметке кіріседі. Мұнан соң Қармақшы, Арал, Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінде жауапты қызметтер атқарады. Жалағаштан Тереңөзек АІІБ-не аға уәкілетті уәкіл болып қызмет ауыстырған Махамбет Бержанов бұл кезеңде тәжірибелі тәртіп сақшысына айналған болатын. Екі жыл өтер өтпестен бастықтың орынбасарлығына тағайындалады. Әрдайым әділдікке сүйеніп, темірдей тәртіптің болуын қалайтын сауатты басшы көптеген шәкірт тәрбиелейді. Парасаттылығы мен адамгершілігі, іскерлігі мен қырағылығының арқасында 1975 жылы Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Осы лауазымға отырған алғашқы кезде Мәскеуден полковник шенін алады. Ол кезде облыс бойынша 3-ақ полковник болыпты. Қарт майдангер М.Бержанов Қармақшыдан зейнеткерлікке шығып, туған жеріндей бауыр басқан Тереңөзегіне қайта оралды. «Алла Тағала сүйген құлына ұзақ өмір береді» дегендей халқына қалаулы, еліне елеулі болған абыз ардагер 95 жыл өмір сүріп, өткен жылы бақиға аттанды.
«Жақсының ісі өлмейді» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Жеңіс сарбазының Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзекте тұратын шәкірттері әрдайым жарқын істерін құрметпен еске алып, әңгімелеп отырады. Махамбет Бержанов осындай құрметке лайық өмір сүрген жан.

Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ
07 мамыр 2021 ж. 556 0