Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

№ 30 газет

26 сәуір 2025 ж.

№ 29 газет

22 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Рухы мықты жауынгер

Рухы мықты жауынгер

Екінші жаһан соғысына қатысып, жанкештілік пен ерліктің үлгісін көрсеткен Жеңіс сарбазының бірі шағандық Ақдәулет Үмбетаев еді.

Ол 1920 жылы 1 мамырда Аламесек ауылдық кеңесінің аумағында дүниеге келген. 1939 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскери жаттығуда шыңдалған сарбаз Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда майдан шебіне аттандырылады. Пулеметшілер ротасының атқышы болған жауынгер соғыстың алғашқы жылында ерлік көрсетіп, 1941 жылдың аяғында КПСС мүшелігіне қабылданады. 1942 жылы үлкен шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін Кеңес Одағы бойынша алғашқы жүз жауынгердің бірі болып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Осы жылы Қырым маңайындағы шайқаста ауыр жарақат алып, тұтқынға түседі. Рухы мықты жауынгер оңайлықпен тұтқынға түспейтіні белгілі. Жас сарбаз Ақдәулет Үмбетаев қызмет ететін батальон саны басым жаумен 4-5 күн шайқасады. Окоптан бас көтерсе жаудың снайпері қағып түсіреді, ал артқа шегінейін десе, рұқсат жоқ. Артта ОГПУ әскері тұр. Алдын болжаған Ақдәулет партбилеті мен медалін окопқа терең етіп көмеді. Ауыр жарақатпен есінен танып қалып, жау қолына түскенде, оның коммунист екенін фашистер білмейді. Сөйтіп 2 жыл тұтқында болып, азап шегеді. Мүмкіндік сәт туғанда әзер деп тұтқыннан қашып шығып, Чехословакия партизандарына қосылады. Тұтқында болғанда немісше тіл үйренгені партизандық қозғалыста көп көмегі тиеді.

Соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін де 1 жылдай тергеуде болады. «Аққа Құдай жақ» дегендей, ақталып шығады. КПСС мүшелігі мен «Ерлігі үшін» медалінің шапағаты тиіп, қуғын-сүргінге ұшырамай, 1946 жылы елге оралады. Ауылға келгеннен кейін Қызылорда педагогикалық учили­щесіне оқуға түсіп, мұғалім мамандығын алады. Оқытушы болып жүргенінде «тұтқында болды» деген арыз түсіп, ол қызметінен босайды. Рухы мықты, қайсар мінезді Ақдәулет ағамыз Өзбекстанның астанасы Ташкентке барып, екі жылдық ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнының дипломын алған соң Қызылорда облыстық өсімдік қорғау станциясының маманы болып, 17 жыл жемісті еңбек етті. Өткен ғасырдың 60-жылдардың ортасында көп жылғы еңбегі лайықты бағаланып, Мәскеуге Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесіне барады.

Ақдәулеттің үлкен ұлы бүгінде мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ұмытпас Байдәулетовтің айтуынша, әкесі Ақдәулет Отанға берілген, еңбекқор, жан-жақты білімді адам болған. Өз заманының адал перзенті халыққа қалтқысыз қызмет еткен.

– «Узтоп» тарап, осы елді мекеннен Құмқалаға дейін тартылған мотовоз жолы иесіз қалды. Бұл теміржол біздің үйіміздің іргесінен өтетін. Көршілеріміз шпалы мен рельсін алып, пайдаланып жатқанда, әкем «қоғам мүлкінің бірде-бір бұрауын алуға болмайды, жауап бересің» деп, тоқтау салған, – дейді.

Білікті агроном елді көркейтіп қана қоймай, өз ауласына 35-40 түп апорт алмасын егіп, жемісін көрген. Аудандық «Еңбек Туы» газетінің штаттан тыс тілшісі атанып, Шаған, көршілес Ақжарма, Іңкәрдария шаруашылықтарының еңбеккерлері туралы тартымды мақала жазған.

Рухы мықты жауынгер Екінші дүниежізілік соғысының 20, 25, 30 жылдық мерекелік медальдарымен, «Үздік атқыш» төсбелгісімен және бейбіт өмірде Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған.

Жеңіс сарбазы Ақдәулет Үмбетаев 1982 жылы 62 жасында дүниеден озды. Артында жары, 13 баласы қалды. Асыл жары Ибагүл Шәкірқызы бар балаларын кәмелетке жеткізіп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Қазіргі таңда 9 ұл мен 4 қыздың үшеуі зейнеткер, қалғандары түрлі салада жұмыс жасайды. Мұғалім, дәрігер, құрылысшы, тәрбиеші, күрішші, т.б. Үмбетаевтар отбасы Қазақстан энциклопедиялық Алтын кітапқа енгізілген. Өнегелі отбасы ретінде облыстық телевидение қысқаметражды фильм түсірген. Бұл жанұя 2023 жылы «Мерейлі отбасы» облыстық са­йысында жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал 2024 жылдың қорытындысында отанасы Ибагүл Шәкірқызы Сырдария ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. «Орнында бар оңалар» деген осы болса керек.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

29 сәуір 2025 ж. 178 0