Оқ пен оттың ортасында ерлік көрсеткен
Біздің балалық шағымыз сұрапыл соғыстың аяқталғаннан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Жеңіске жеткен соң елді қайта қалпына келтіру, қаңырап қалған ауылдарды қайта түлету өте қиын болды. Мұндай ауыртпашылық оқ пен оттың ортасында жеңіс үшін жанқиярлық ерлік көрсетіп, елге келген жауынгерлерге қайта жүктелді. Сұм соғысты еңсергендер бұл істе де зор жауапкершілік танытты. Олардың қатарында ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысып, майдан даласында жауға тойтарыс берген Бекмағанбет Күзембайұлы әкеміз де бар болатын.
Соғыс шебінде Отан үшін от кешкен майдангерлердің түр-тұрпаты ерекше болатын. Бала болсақ та оны аңғаратынбыз. Сом денелі, күні-түні шайқасқа түскен жауынгерлердің түрі сұсты болғанымен олар халыққа жанашырлық танытты, ерен еңбектің нақ үлгісін көрсетті. Балалық шағымыздан Бекмағанбет секілді әкелердің қамқорлығын көріп өстік.
Әкеміз Бекмағанбет 1905 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Құндызды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, ерте есейген. Ұлы Отан соғысына дейінгі аралықта кеңшардың шаруа қожалығында еңбек етіп, диқан болған. Жастық шақтан ата кәсіппен айналысқан Бекмағанбет Күзембайұлы 1942 жылы Тереңөзек аудандық әскери комиссариатының шақырылуымен майдан шебіне аттанған. Әскери дайындықтан өткен әкеміз Ленинград түбінде ұрысқа қатысады.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ленинград үшін болған шайқастың өте ауыр болғаны тарихтан белгілі. 900 күн мен түнді қоршауда өткізген ленинградтықтардың табандылығы мен ерлігі дүниежүзін таңдандырды. Қала қорғаушылары қорғаныс шептерін де тұрғызды. Қару-жарақ және оқ-дәрі жасаған кәсіпорындар өте ауыр жағдайда – атылған оқ пен төбеден түскен бомба астында жұмыс істеді. Зеңбірек оғынан, аспаннан түскен бомбалардан, ауру және аштықтан 1 миллионнан астам адам қаза тапты. Алайда, фашистер Ленинградты ала алмады. Міне, осы Ленинград шайқасында Бекмағанбет әкеміз оқ пен оттың ортасында ерлік көрсетті, жауға тойтарыс берді.
Әкем Сәдуақас Тасболатов ұрыс даласында Бекмағанбет Күзембайұлымен бірнеше рет кездескенін айтып отыратын. Ең алдымен, жаудың ентелеген екпінін басуға арналған кезекті шайқаста екеуі жанқиярлық ерлік көрсетеді. Осы ұрыста Бекмағанбет әкей ауыр жарақат алыпты. Қан майданда кезекті рет жауға қарсы сес көрсеткен соң жарақат алған жауынгер госпитальға жеткізіледі. Ал кезекті бір ұрыста менің әкем ауыр жараланады. Госпитальға емдеуге жеткізілгенде сол арада өз бауырын екінші мәрте көреді. Ол кезде Бекмағанбет Күзембайұлы жарақатынан толық айыққан екен. Сонда әкеме «Ауылға, елге жетсең, көз көргендерге, ағайынға сәлем айт. Біз Жеңіске жетеміз. Аман-сау болсақ жүздесерміз» деп, майданға қайта кіріскен.
1945 жылдың мамырында Кеңес әскерлері Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Менің әкем елге келген. Жеңіс жалауы желбірегеннен кейін Бекмағанбет әкеміз де елге аман-есен оралған. Жоғарыда айтқандай, соғыстан кейінгі ауыртпалықты әкелеріміз еңсере білді. Майдангер әкеміз кеңшарда пошташы болып жұмыс жасады.Кейіннен кеңшар шаруа қожалықта күріш екті. Егін егуде тәжірибесі мол диқан қамбаға мөл өнім құйып, жоғары жетістіктерге жетті. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында еткен еңбегі елеулі болды.
Майдангер әкеміз ІІ Дүниежүзілік соғыстағы ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және Ұлы Жеңістің 30, 40 жылдық мерекелік медалімен, Кеңес әскері Қарулы Күштерінің 60, 70 жылдық мерекелік медальдарымен және көптеген марапаттармен марапатталды. Бейбіт өмірдегі еңбегі үшін де алғыстарға кенелді. Оны өзіміздің көзімізбен көрдік.
Жыл сайын Жеңіс күнін тойлауда Бекмағанбет әкелеріміз кеудесіне орден-медальдарын тағып алып шығатын. Жұртшылық ерекше құрмет көрсететін. Кейінгілерге ақыл-парасатын, өнегесін айтып отыратын. Бірақ отты жылдардағы естеліктерін көп айта бермейтін. Бізбен әңгімесінде өзі көргенді өзгелердің көрмеуін, бейбіт өмірдің баянды болуын тілеп отыратын еді.
Бекмағанбет әкеміз өмірлік серігі Жәмила әжемізбен бірге бақытты ғұмыр кешті. Жәмила әжеміз байсалды, барлығына жанашыр жан болатын. Өнегесі мол кісілердің үйінен мейман арылмай, өзінен кейінгі ізінен ерген жандарға қолдау көрсетіп отыратын. Ардақты жандар 11 перзент тәрбиелеп, өсірді. Олардан тараған ұрпақ бүгінде елдің әр алуан саласында жемісті еңбек етуде. Қазір ұрпақтарынан 32 немере, 48 шөбере бар. Сұм соғыстың зардабы қаншама отбасын есеңгіретіп, қаншама жүректі жаралады. Бекмағанбет әкеміз қан майданнан оралмаған екі ағасы Досмайыл мен Ысқалидың балаларын да бауырына басып, өсіріп, жетілдірді, қорған болды.
Қазақта «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген тәмсіл бар. Өзіміз қарттық кезеңге жетсек те Бекмағанбет әкелеріміздің орны ойсырап тұрғанын сеземіз. Ақылман қарияның көрегенділігі, елді бір арнаға ұйыстыра білуі – нағыз тектіліктің көрінісі саналатын. Олардың өнегесін бүгінгі ұрпақ білуі керек деп ойлаймын. Сондықтан да бейбіт өмір үшін ерлік көрсетіп, жауға қарсы кеудесін оққа тосқан Бекмағанбет Күзембайұлының есімін жаңғырту, жастарға үлгі ету үшін бір көшеге есімі берілсе құба-құп болары анық. Ер есімі – ел есінде мәңгі сақталатыны ақиқат. Біз ер есімін, ерлікті ешқашан ұмытпауымыз қажет.
Сансызбай СӘДУАҚАСҰЛЫ,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы