Ғасырлық тарихы бар канал
Тарихы тереңде жатқан Сәкен Сейфуллин ауылында «Құрұмбек» каналы орналасқаны мәлім. «Су – тіршілік көзі» десек, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған канал ауыл халқының күні бүгінге дейін кәдесіне жарап тұр. Жыл сайын егін егіп, бақшалық жерге дәнді дақыл орналастыратын шаруа біткен сарқырап аққан каналдың суын пайдаланады.
1920-1930 жылдары Кеңес өкіметінің орнауына байланысты мал шаруашылығының жағдайы сараланып, әрбір жерге шашыраған ауылдағы ағайынды орталықтандыру жүргізілді. Ашаршылықтан отбасын аман алып қалу үшін халық тұрғылықты жеріне көше бастады. Ауыртпалық кезеңді еңсеру және қиын-қыстау сәттен шығу, ауыл тұрғындарының бүйірін қысқан ашаршылықтан аман қалуы үшін абыз ақсақал Құрұмбек Айтуғанұлы каналды қаздырған екен. Ел үшін жасаған ізгі амалы ғасырлар бойы көптің игілігіне арналған сауапты іс екенін дәлелдеуде. Көргені мол ақсақал қашанда елдің ұйытқысына айналып, ғибратын көпшілікке жеткізе білген. Өзі туған ауылда 1887-1947 жылдары өмір сүрген Құрұмбек Айтуғанұлы көпшіліктің айтуынша, ауылда болыс болған деседі. Әділ сөйлеп, адал жүрген қарияның келер ұрпаққа қалдырған мұрасы өлшеусіз. Болашақты әріден ойлаған оның еңбегі жеті ата ұрпағына жететіндігі даусыз. Өзі туған ауылға аяқсуды әкелуге ықпал еткен арда азаматтың есімі ешқашан ұмытылмасы анық.
Өзі қаздырған каналдың аты 1988 жылы Құрұмбек Айтуғанұлының құрметіне қойылған. «Құрұмбек» каналының ұзындығы 1 шақырымды құраса, ені 16,0 метр болады. Қазіргі таңда «Құрұмбек» каналының бойынан «Құндызды жер» шаруа қожалығы 200 гектар күріш, 70 гектар жоңышқа, «Абзал және К» ЖШС 200 гектар күріш алқабын сумен қамтамасыз етіп, халықтың несібесін молайтуда.
Баба есімін жаңғырту мақсатында бірнеше жыл бұрын Құрұмбек ақсақалдың үшінші ұрпағы Бахытжан Аманбекұлы канал бойына белгі орнатып, 130 жылдығына арнап ас берген еді.
– Баба рухына тағзым ету – қасиетті борыш саналады. Атамыздың көзін көрген ауыл қариялары оның еңбегін жарыса айтқанда, кеудемізді мақтаныш кернейді. Жергілікті тұрғындарды ашаршылықтан аман алып қалу үшін қолдан келген амалы – канал қаздыру еді. Осындай игі істің басынан табылған Құрұмбек Айтуғанұлының есімі мәңгі жаңғыра бермек. Бүгінде ауылдың кіреберіс бөлігінде атамыз қаздырған канал орын алып тұрғанына қуанамыз. Өткен жылы ауыл әкімшілігінің қолдауымен «Құрымбек» каналы тазартылып, арнайы тоспа орнатылыпты. Игілікті іске мұрындық болған азаматтарға алғыс айтамыз, – деді Бахытжан Аманбекұлы.
Құрұмбек Айтуғанұлының қызы Ханшайым Ұлы Отан соғысына қатысқан деген дерек бар. Қан майданда ер азаматтармен қатар кеудесін оққа тосқан батыр қыздың өзінің аты жазылған қаруы болған. Ғасырлық тарихы бар каналдың іргелі әулет үшін тарихи маңызы зор. Баба ұрпақтары ізгілікті істің жаршысы бола бермек.
Балтабай ОРДАБЕКОВ