Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көненің көзі – «Қойшы арық» каналы

Көненің көзі – «Қойшы арық» каналы

«Сырдария» өзенінің бойында орналасқан әрбір елді мекеннің тарихы тереңде жатыр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде көпшілікке туған өлкенің құнды мұрасын кеңінен дәріптеген жөн. Жергілікті басылыммен байланысын үзбейтін Нағи Ілиясов ауылдық кітапханасының маманы Сәуле Найзатаева бізге өткен ғасырда өмір сүрген Тілепберген Төлендиев жөнінде мағлұмат ұсынған болатын. Өз кезегінде өз заманының заңғар азаматы жайлы қалам тербеуді жөн көрдік.

Негізінен, Тілепберген Төлендиевті бала кезінен ауылдастары Қойшы деп атап кеткен. Әрине, өткен ғасырда аумалы-төкпелі бірнеше оқиға орын алды. Қиын-қыстау күндері Қойшы Төлендиев өз ауылында аяқ су жүретін үлкен каналды қаздырғанын жергілікті жұртшылық жақсы біледі. Қай кезде де кетпені қолынан түспеген ауыл азаматы «Шіркейлі» каналынан құятын 1,6 шақырымды құрайтын каналды ауылға дейін қаздырып әкелген. Қарапайым шаруа адамы ауыл­дастары үшін игілікті іс атқарды. Осылайша, жас­тайынан су шаруашылығы саласын меңгерген ол тұр­ғын­дардың егін егуіне жағдай жасаған. Су мұрабы қаздырған канал осы күнге дейін диқан қауымының қажетіне жарап тұр.

Қарапайым болмыс иесі – Қойшы Төлендиев Ұлы Отан соғысына 1941 жылы аттанады. Кескілескен майдан даласында балақтан қан кешеді. Отан үшін кеудесін оққа тосқан ержүрек батыр небәрі 39 жасында бақилыққа аттанады. Өз уақытында ардақты азамат зайыбы Рәзиямен отасып, бір перзент сүйеді. Соғыстан қаралы хабар келгеннен кейін Рәзия апа тағдыр ісіне көндігіп, жалғыз ұлын өсіріп жеткізеді.

– Қайын атам – Қойшы Төлендиев атында ауылда су арнасы барын мақтан тұтамыз. Қысқа ғұмырында ел үшін еңбек ете білген арда азаматтың ұрпақтары «Қойшы арық» каналына арнайы белгі қойған болатын. Көзі тірісінде ел қазынасы – егіншілік үшін су шаруашылығын дамытқан. Менің жұбайым Нұрылда отбасында жалғыз ұл болғандықтан анасының жанынан табылған. Екінші анам – Рәзия әкеміздің ізгі қасиеттерін, бітім болмысын, азаматтық ісін неме­релеріне үнемі айтып отыратын. Негізінен, енем тылда еңбек еткен. Әкеміз соғыста ерлікпен қаза тапты. Әркез «Қойшы арық» каналының басына барып, әкемізге Құран бағыштаймыз. Рухына тағзым етеміз, – дейді келіні Раушан Қарақызы.

Қазақта «Жақсының аты өлмейді» деген сөз бар. Қойшы Төлендиев қаздырған «Қойшы арық» каналынан іргелі шаруашылық – «Мағжан және К» ЖШС-не қарасты №7 бригадасы аяқ су алады. Шаруашылыққа қарасты 296 гектар егіс алқабы осы канал арқылы суғарылады. Айта кетейік, арда азамат көзі тірісінде Ырғыз жерінен буаз бие алдыртады. Аталған биенің мойнында қоңырау болған. Сол кезде ауылдағы мектепте қоңырау тапшы еді. Көненің көзі саналатын қоңырауды мектепке пайдалану үшін арда азамат сыйға береді. Кейіннен ескі қоңырау музейге қойылады.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
20 тамыз 2022 ж. 469 0