Қарттар құрметке бөленді
«Достық» үйінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №1 филиал кітапханасының ұйымдастыруымен 1 қазан – халықаралық қарттар күніне» орай «Қарты бар үй – қазыналы» тақырыбында сала ардагерлерімен кездесу кеші өткізілді. Мерекелік кездесуде ұзақ жылдар бойы кітапханада қызмет еткен қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Ізгілікті іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары Ажар Оразымбетова, Айгүл Ахметова және еңбек ардагерлері қатысты.
Екі бөлімнен тұратын кездесу кешінде кітапханашы Ләззат Серікбаева көпшілікке тағылымы мол кітаптарды таныстырып, айтулы мерекенің мән-мағынасын аша түсті. Өз кезегінде №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп оқушылары ақындардың қарттар жайында жазылған өлеңдерін жатқа оқыды. Ойы жүйрік оқушылардың ұстазы Жұлдыз Бедебекова ардагерлерге ақжарма тілегін жеткізді.
Сонымен бірге аудандық мәдениет үйінің әншілері Нағима Бекшаева мен Динара Жәкешова жиналған қауымға арнап әуезді ән шырқады. Кітапхана ардагерлері Күлтай Асанова, Гүлстан Нұржакиева, Әсем Қосымова, Гүлзабира Оразбекова, Алтын Ізтілеуова мерекемен құттықтап, кітапхана саласында атқарған қызметтері жайында айтып берді. Жас ұрпақ тәрбиесінде кітаптың алатын орны ерекше екенін атап өтті.
– Қазіргі уақытта елімізде қарттарға үлкен мән беріп, айрықша көңіл бөлініп, жан-жақты қамқорлық жасалуда. Әрине, «Қарт жүрген жер – береке» деген тәмсіл бар. Кітапхана қызметінде бірнеше жыл еңбек еткен ардагерлеріміз жастарға үлгі-өнегесін көрсете білді. Қырық мыңға жуық халыққа сан түрлі кітапты үлестіріп, рухани дамуына өзіндік үлес қосты. Отбасында аяулы ана, қызметте білікті маман бола білген әрбір ардагерге ерекше қолдау көрсетуіміз керек. Қай кезде де, қарттық жасқа келген адам айналасына ақылын айтып, көрегенділік танытады. Бұл ретте, барша ардагерлерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – дейді сала ардагері Гүлстан Нұржакиева.
Танымдық іс-шараның екінші бөлімі «Тосын сый» деп аталды. Бұл бөлімде құрмет төрінен көрінген ардагерлердің немерелері «Менің асыл әжем» тақырыбында эссе жазып, жиналғандарға оқып берді. Сондай-ақ ардақты әжелеріне гүл шоғын ұсынды. Осындай мерекелік көңіл-күй сыйлаған кітапханашы Л.Серікбаеваға қазыналы қариялар өз алғысын жеткізді.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сала ардагерлерін мерекемен құттықтады.
– Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ауданымызда қазыналы қарттарға тұрақты түрде қолдау көрсетіле бермек. Бірнеше жыл қажырлы еңбек еткен ардагерлер жастарға ақылын айтып, жол нұсқауда. Биыл дәстүрлі түрде дөңгелек жасқа келген ардагерлерді марапаттаған болатынбыз. Қазірігі уақытта қарттарды сауықтыру, демалыс орындарына жіберу мәселесі алдыңғы орында тұруы тиіс. Бүгінгі іс-шараның мән-мағынасы терең. Адамға рухани азық сыйлайтын кітап ешқашан құндылығын жоғалтпайды. Сондықтан халыққа елеулі қызмет жасаған сала ардагерлерін мерекемен шын жүректен құттықтаймыз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ