МАЙДАНГЕР ҰСТАЗ
Кино лентасындай тізбектелген бал дәуреннің әрбір сәті, аралас-құралас болған жандар ап-айқын көрінеді. Әдебиеттегідей менің балалық шағымның кейіпкерлері жағымды, жағымсыз болып бөлінбейді. Қоғалыкөл жағасындағы зәулім ғимарат №44 Октябрь орта мектебі. Шағын бөлмеде он шақты жас жиналып домбыра, мондалин, баянмен неше түрлі сазды нақышына келтіріп сызылтқанда, бұрымы иығына төгілген, гармоншы жігіттің иығына қолын қойып ән салған әнші қыздың сиқырлы үні жүрегіміздің түкпірінде әнге, өнерге деген сезіміміздің бүр жаруына ықпал етті.
Ауылда шоқша сақалды, бәкене бойлы Батырша атты сары шал болды. Бүкіл ауыл балаларының шашын сол ақсақал алатын. Ұзын сонар кезектегі балалардың басын өзі жуып, сахар сабынмен жібітіп, ұстарасын қайыс белбеуге жанып алып шашыңды әп-сәтте айнадай етіп, сыпырып тастайтын. Сен кімсің, кімнің баласысың, ісі жоқ. Сол еңбегіне ақы да дәметпейтін. Алланың разылығы үшін тазалықты ту еткен иманы мықты, ахыреттің егініне дән себу мен сауап жинаумен өткен қазақтың дархан көңілді қарттарын көрген біздердің өткен шағымызда жағымсыз кейіпкерлердің болмауы да заңдылық ендеше.
Ал ұстаздарымыз ше? Алғашқы ұстазымыз Бәкібай ағайымыз қан майданнан оралған, тұла бойы жас ұрпаққа деген шапағаттың шуағы төгілген мейірімді жан еді.
Төлеу Сейілов ағай есімде ерекше сақталыпты. Дене шынықтыру пәнінен беретін ұстаздың тәртібі өте қатаң еді. Қыс болсын, жаз болсын ол кісі келе жатқанда бас киімімізді алып жол жиегіне сымдай тартылып, тік тұрып құрмет көрсететін едік. Жоғары сыныптарға неміс тілінен сабақ беретін Жұмағали Шамбаев соғыстан соң неміс жерінде тұрып қызмет еткен. Неміс қызына үйленіп екі қыз, бір ұлын сонда қалдырған жан. Үстіне қылау жұқтырмайтын, шалбарының қыры сынбай жүретін, зиялылықтың эталоны болған бұл ұстазымыз туралы тек ертегілердей аңыздар ғана айтылатын.
Дүйсенбаев Бәкібай 1922 жылы дүниеге келген. Сырдария ауданына қарасты, Қызылордадағы 1-Май мектебін бітірген Бәкібай ағайымыз мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курсты бітіріп 1940 жылы Жалағаш ауданындағы Таң орта мектебінде ұстаздық жолын бастаған.
1942 жылы қаңтар айында армия қатарына шақырылады. 152 атқыштар бригадасы құрамында Орал қаласында Кеңес Одағының Батыры Н.Ілиясовпен бірге әскери дайындықтан өтеді.
1942 жылы мамыр айында Мәскеуді қорғау ұрыс қимылдарына қатысады.
Қалмақ АССР-нің астанасы Элистаны Астраханьмен жалғап тұрған жолды қорғау 152 атқыштар бригадасына тапсырылады.
1942 жылдың аяғына дейін аудан орталығы Яшкуль селосының терістік бетін қорғауға қатысқан Бәкібай ағай 120 мм ауыр миноменті 82 мм минометті, 42 мм зеңбіректі ату істеріне машықтанып шайқас жүргізді.
1942 жылдың аяғына Манычтан мұз арқылы өту үшін болған кескілескен шайқасқа қатысады. Үш қазақ жауынгері жау танктерін өзеннен өткізбей талқандап жатты. Неміс танкісі бұларды байқап қалып зеңбірекке оқ тиіп екі қазақ мерт болып, Бәкібай ағай екі аяғынан бірдей жараланады. Саратов госпиталінде емделген жауынгердің екі аяғын бірдей 1943 жылдың 28 мамыр айында кесуге мәжбүр болады.
Осы қиын кезең жайлы Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов өзінің «Жауынгер жолы» атты кітабында былай баяндайды:
«Сыртымыздан ойран салуды ойластырған жаудың танкілерін тік көздеп атқылауға зеңбіректерді дайындауда шайқастардың осы бір ауыр кезегінде батарея жауынгерлері ерекше ұйымшылдық көрсетті. Олардың ішінде Бәкібай Дүйсенбиев те жүр.
Батарея жауынгерлері жаумен күшті шайқас жүргізіпті. Өздері де сол шайқас үстінде бірсыпыра шығынға да ұшырапты. Мен жерлестерім Бәкібай мен Әрталаптар аман ба деп сұрадым. Олар төменде деп байланысшы солдат терең сай жақты нұсқады. Келсем, беттері жабулы, қаза тапқан үш жауынгер қатар жатқанын көрдім. Олардан бөлек басқа бір тасада жатқан Бәкібайдың үстінен шықтым. Зорға сөйлейтін Бәкібай ауыр жаралы болғандықтан тіптен де үнсіз жатыр екен, қасына жақын барып бетіне төне қараған маған бетін бұрып: - Нағи, - деді де тағы көзін жұмды. Жолдас лейтенант қалай жараланғанын айта аласыз ба, - деп сұрадым. – бағана өзің кетісімен Дүйсенбиевтердің зеңбірегі немістердің бір танкісін істен шығарды. Осы зеңбіректің тұрған жерін байқап қалған жаудың басқа бір танкісінің атқан снаряды бірден өлтірді де, оған қоса панораманы да қиратты. Дүйсенбиевті жаралады. Үшінші жігітті де өлтірді, - деп Жердьев анықтап тұрып айтып берді.»
1944 жылы елге оралған майдангер соғыс қаруын, білім қаруына алмастырып 37 жыл ұстаздық қызмет атқарады.
Телікөл, Қызылорда, Крупская мектептерінде, 1951-1970 жылдары №44 Октябрь орта мектебінде, 1970-1980 жылдары №44 орта мектепте мұғалім болып жемісті еңбек етіп, еңбек зейнетіне шықты. Осы жылдары қайсар жан еңбектен қол үзбей Қызылорда педагогикалық институтын сырттай оқып, жоғары білім де алды. Қоғалыкөлде қиын кезеңдер артта қалып жүріп-тұруына қолайлы жеңіл төрт «Запорожец» көлігін өкімет тегін беріп майдангер ұстазға зор құрмет көрсетуден кенде қалған жоқ.
Екі аяғынан бірдей айырылған қайсар жан, білікті ұстаз, аптал азаматтың өмір жолы кім-кімге болса да өнеге боларлық ғибратты ғұмыр.
Мектепке барып келіп уақыт өткізіп емес, еңбегін жан-тәнімен сүйген шығармашылық шалқар шабытпен атқарған талай педагогикалық оқулардан жүлде алған қажырлы еңбегі еленіп абырой биігінде болған ұстазымыз Дүйсенбаев Бәкібай 1966 жылы Қазақ ССР ағарту ісінің озық қызметкері, 1967 жылы білім саласының ең жоғарғы марапаты, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болды.
Талай шәкірттің өміріне азық боларлық сауапты іс білім беру ісінің майталманы, майдангер ұстаз жары Маржан апайы екеуі өмірге алты ұл-қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген аяулы әке. Абзал азамат 1991 жылы 19 маусым күні өмірден озды. Өнегелі өмірі кейінгіге үлгі болған азаматқа құрмет ретінде Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен 2000 жылы соңғы еңбек еткен Қызылжарма ауылындағы көшеге Бәкібай Дүйсенбаевтің есімі берілді.
Жұмабай Байзақұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі