Өмір жолы өнеге
Ғасырға жуық дамылсыз соққан жүрек осыдан 5 жыл бұрын тоқтағанда дәуір көшкенін көпшілік анық байқағаны мәлім. Қай кезде де ерлермен қатар бейнеттің кермек дәмін татқан әрбір ананың өмірі қиыншылыққа толы. Шаруа отбасында бойжетіп, еңбекте шыныққан Мәуия Нақыбаева жөнінде бұған дейін біз басылым бетіне мақала жариялаған болатынбыз. Оқырман қауымның ұсынысы негізінде сүйегі асыл ана есімін жаңғыртып кең көлемде мақаланы жариялауды мақсат еттік.
Ғибратқа толы оның өмірі мал шаруашылығы саласында еңбек етуге арналғанын ел біледі. Өмірлік жары аманат еткен қой өсірудің қыр-сырына қанығып, еңселі еңбегімен ел ішінде даралана білді. Алғашында 4 сыныптық білім алған Мәуия әженің толықтай білім алуына мүмкіндігі болмады. Осылайша, күріш орып, масақ терген ол колхозда қара жұмыс жасаған еді. Әрине, қой шаруашылығы саласын игере отырып, уақ малдың әрбір басынан төл алуға өз үлесін қосты. Өмірлік қосағы Шоқаймен 19 жасында бас қосқан әзиз ана ерімен бірге жайлау мен қыстаудың арасын жол қылады. «Қызылдихан» колхозында Шоқай бас шопан, зайыбы Мәуия көмекші атанады. Ерлі-зайыпты бір отар қойдың бабын тауып, Шопан ата төлінің көбеюіне себепкер болады.
– 94 жасқа қараған шағында дүниеден өткен анамның ел-халық үшін жасаған қызметі әлі есімде. Атамыз Қонақбай шаруа адамы ретінде түзде жүрсе де, перзенттерінің өсіп-жетілуіне барын салады. Анамыз жастайынан әкесінен айырылып, бауырларына қолғабыс етеді. Нағашыларым біздің отбасымызда тұрып, ер жетті. Әкемізден анамыз 33 жасында айырылып қалған. Біздің анамыз сіңілім Шекеркүл екеумізді өсіріп жеткізді. Інілері Қари мен Уәлиді ел қатарына қосып, тағылымды тәрбиесін берді. Сол күннен бастап, екі үйлі отбасыны асырау үшін күні-түні қой бақты. Түн ұйқысын төрт бөлген ананың айналасына айтар ақылы, көрегенділігі мол екенін анық байқайтынбыз. Анамыздың еңбегін өкімет бағалады. Бір жылдары ауданға қарасты Іңкәрдария қаракөл қой совхозы құрылады. Аталған совхозға ХХІ – партсъезд атындағы ауылдан бір қой фермасымен менің анам қоныс аударады. Былтыр Сырдария ауданының құрылғанына 95 жыл болса, Іңкәрдария ауылына – 60 жыл. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан совхозда қой баққан анамыз озат еңбеккерлердің алдыңғы қатарында болған, – дейді Орынкүл Шоқайқызы.
Үйде кәрі анасы мен балалардың жағдайын жасап, өрісте қойға жауапты болған ардақты ана әрбір жүз саулықтан 150-160 бас қозы алған. Еңселі еңбегінің арқасында коммунистік партия қатарына қабылданады. Сонымен қатар 1964 жылы ХХVІ аудандық конференция делегаты болған Мәуия Қонақбайқызы Қызылорда облыстық советінің депутаты ретінде сайланады. Жоғары мінберден көрінген халық қалаулысы ауылдағы ағайынның базынасын атқарушы билік өкілдеріне жеткізіп, күрделі мәселелердің шешілуіне барынша атсалысты. Өз кезегінде Мәуия Нақыбаева Октябрь Революциясы орденімен, Қазақ ССР-на еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері құрметті атағымен, Лениннің 100 жылдық мерекелік медалімен марапатталады. Бірнеше мәрте Ұлы Отан соғысының жеңісіне арналған мерекелік медалі Мәуия әженің кеудесіне тағылды. Көзі тірісінде қол жеткізген марапаттардың ең жоғарғысы – «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы десек, қателеспейміз.
– Үнемі көпшілдігімен елге танылған Мәуия апамызды көзіміз көрді. Қазақта «Еңбек етсең емерсің, ерінбесең жеңерсің» деген тәмсіл бар. Самайынан ақ қырау көрінгенше бір отар қойдың соңында жүрді. Жасаған жұмысын міндет етпеді, ұрпағымен көгеріп-көктеді. Мәуия апайдың үйіне қай кезде барсақ та, қонақ арылмайтын. Құдайы қонаққа қой сойып, қазақы дәстүрді жаңғыртып отырудан жалықпайтын. Шыны керек, әзиз ананың Іңкәрдария ауылында тұрып, қызмет еткенін мақтанышпен айта аламыз. Ауылдың өсіп-өркендеуіне өзіндік із қалдырды. Ауылымыздың құрылғанына 60 жыл толуына байланысты бірқатар азаматқа көше атаулары берілсе деген тілегіміз бар. Оның ішінде, Мәуия Нақыбаеваның есімі ауылымыздың бір көшесіне берілгенін қалаймыз, – дейді Іңкәрдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов.
Бар ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Мәуия әженің қайраткерлігі, табандылығы аналық келбеті – оның өмір жолындағы ел аузында жүрген істерін еске түсіреді. Жылдар бойы Іңкәрдария ауылының аяққа тұруына септігін тигізген ана қой бағудағы қиыншылықты, бейнеткештікпен келген марапатты қалай алғаны жөнінде қарымды қаламгер Шаһарбек Нұрсейіттің «Мәуия апаның миуалы жылдары» мақаласында кеңінен айтып береді.
«Менің жоғары көрсеткішке жетіп, жұмыс жасауыма сол кездегі шаруашылық, аудан басшылары үнемі қолдау білдіріп отырды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев алыс шаруашылыққа атбасын бұрып, шопандар өмірімен жіті танысып, жұмысты алға бастыру жөнінде ақыл-кеңесін беретін. Қарапайым іскер жан еді. Менің ол кісінің қолынан жоғарғы награданы алғаным күні бүгінгідей есімде. Бұл мен үшін еш уақытта ұмытылмайтын сәт» деген болатын.
Осындай ғазиз жүректі жанның ауылдастары қашанда оның үздіктер қатарынан көрініп, даралана алғандығын сағынышпен еске алады.
– Мәуия апайдың ғұмырлық жолы көз алдымызда өрбіді. Қашанда ер азаматтармен үзеңгілес жүріп, әйел заты шамасы келмес жұмыстарды еңсерді. Біз Іңкәрдария ауылының тарихында аяулы жанның орны ерекше екенін айта аламыз. Өткен ғасырда күнкөріс қамын күйіттеп, қой басын көбейте білген оның жүректілігі, іскерлігі жас ұрпаққа өнеге, – деді Құралбай Қалбабаев.
Ауылдасының сөзін қуаттай түскен іңкәрдариялық Кемалбек Тәуекелов Мәуия Нақыбаева хақында аз-кем әңгімеледі.
– Іңкәрдария ауылында небір марқасқа азаматтар дүниеге келген. Сонымен қатар қызметтік жолында қажырлы қайратын көрсеткен майтамалдар аз емес. Соның бірі – Мәуия апайымыз. Бүгінде оның көзінің тірісінде атқарған еңбектері ел-халықтың жадында мәңгі сақталары анық. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдария ауылының дамуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына Мәуия секілді жандардың қосқан үлесі зор. Құрылғанына 60 жыл толатын ауылымыздан ардақты жанға көше атауын беру – құптарлық іс, – деді еңбек ардагері.
Балтабай ОРДАБЕКОВ