Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мерейтой иелеріне құрмет

Мерейтой иелеріне құрмет

Ауданнан шалғайда жат­қан ауыл Іңкәрдарияда ауылдық клубтың ұйым­дастыруымен ізгілікке то­лы іс-шара өтті.

«Ауы­лыңның маңында төбе бол­­­са, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылында ақылгөй қария болса, жазып қойған хатпен тең» деген екен бабаларымыз. Себебі қоғамды үлкендерсіз елестету мүмкін емес. Бүгінгі ашық аспан астындағы бейбіт өміріміз, шат­тыққа толы күніміз, тыныш ұйқымыз данагөй қарияларымыздың арқасы.

Қарттарды құрметтеуге, олардың өнегелі өмірін дәріптеуге арналған мәдени іс-шараның кейіпкерлері жасы 70-ке толған ауылдың ақ жаулықты аналары мен үлкен әулеттің ақылшы ақсақалы. Мерейтой иелерінің қата­рын­­да бір салада 35 жыл жұмыс жасаған ұстаз болса, бірі ауылдың құрылуына үлкен үлесін қосқан аза­­­­­­­мат­­­­­тардың жары. Енді бірі талай жылдар мал шаруашылығымен айна­лысқан асыл ана.

Ауыл халқы ерекше құрмет көр­сетіп, мағыналы өмірін үлгі еткен Бисенбай Томпалақов, Әлима Қоңқашева, Орынша Қалбабаева және Бисен Молдабекова бүгінде жет­пістің желкенін керген қариялар. Әрқай­сысының ауылдың тыныс-тір­шілігіне, өсіп-өркендеуіне қосқан үлес­ зор. Олар осынау жылдар ішінде өмір­дің талай белестерінен табыс­ты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтерекке айналды.

Мерекелік кездесуде Бисенбай Томпалақовтың өмірлік жары Айшагүл Томпалақовамен бірге өмір сүрген шақ­тарынан бейнеролик көрер­мен­дерге ұсынылды.

Әлима Қоңқашева мен жұбайы Рақымбек Қоңқашұлының фотосурет­тері, тату-тәтті тірлігі, ұзақ жылғы от­басылық өмірі таныстырылды. Орынша Қалбабаевамен бірге келген қосағы Құралбай Қалбабаев ауыл­дағы береке қонған құтты шаңырақ иелері. Отағасы ауыл шаруа­шылығының жұмысын іл­ге­рі­летуге үлес қосқан азамат. Олар бүгінде ауыл­дың қадірменді қариясы. Ауыл­дағы сыйлы отбасылардың бірі Ибрагим Әлиасқаров пен Бисенкүл Молдабекованың шаңырағы. Сүйікті ана өмірдің жетпіс атты белесін бағын­дырды.

Тағылымы мол іс-шарада ауыл әкі­мі С.Есдаулетовтың «Алғыс хаты» тапсырылды. Ақжарма тілегін білдірген ауыл ардагерлерінің төрағасы Ә.Байманов ауылдың тарихынан сыр шертті. Қиын-қыстау кезеңде шарша­май шалдықпай елге қызмет еткен мерейтой иелеріне ұзақ ғұмыр тілеп, көрер қуаныштары молынан болсын деді.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әр­кім­нің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған дәл осындай адами асқақ қасиетке қан­ша ғұмыр кешкенімен, жеткенде бар, жетпегенде бар.

Кездесу кешінде асқар таудай әкелерге, ақ жаулықты аналарға арналып тамаша ән шырқалды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
27 тамыз 2022 ж. 365 0