Ананың жүзінде мейірім шуағы
Аяулы ана Ақкенже Атабаева Мереке қарсаңында 66 жасқа толған туған күнін тойлаған еді. Бізбен сұхбаттасу барысында ардақты жан өмір жолындағы бар естелігімен бөлісті. Ол білім және сауда-саттық саласында атқарған қызметі жөнінде кеңінен тарқатып айтты.
Жыраулар мекені – Қармақшы ауданының тумасы Ақкенже Атабаеваның әкесі Сермахан – ұста болған кісі. Көршілес ауданда білім алған ол отбасында 4 ағайынды. Мектеп бітіргеннен кейін педагогикалық колледжге оқуға түсіп, мектепке дейінгі білім беру мамандығын меңгереді. Осылайша, осыдан 48 жыл бұрын жас маман тағылымдамадан өту үшін Тереңөзекке келеді. Бұрын-соңды бұл өлкеге келіп көрмеген бойжеткен өмірлік жары Нұрлыбек Дауылбаевпен танысады.
– Біз қарапайым отбасында тәрбиелендік. Үйде 2 ұл, 2 қыз ата-анамыздың үмітін ақтау үшін өзімізді қамшылай білдік. Әкем Сермахан ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын. Ерекше қасиет үлкен ағам Төлепбергенге дарыған. Бар жамандық атаулыдан балаларын қорғай білген анамның есімі – Пияз. Асыл анамыз үйреткен ғибратты, тағылымы мол нәрселерді балаларымызға айтып отырамыз. Қазіргі уақытта немерелерім мен қыздарымның тәрбиесіне қатты қараймын. Сонымен бірге білгенімді келіндеріме айтып отырамын. Қай кезде де біздің үйдің нәзік жандыларына ер азаматтың алдын кесіп өтпеуді мұқият ескертемін. Үлкеннен тәлім алған менің келіндік өмірімде қызықты сәттер көп болды. Жолдасым жалғыз ұл болғандықтан қарашаңырақты ұстап қалуға тырыстық. Қарт ананың бабын тауып, разылығын алу үлкен абырой еді. Екінші анам Рабиға үнемі ақ батасын беріп отыратын. Қариясы бар үйдің берекесі артып, құтты шаңырақта ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табады, – дейді ардақты жан Ақкенже Сермаханқызы.
Үлкен әулетке келін болып түскен Ақкенже Атабаеваның қызметтік жолы балабақшадан басталды. Ертеректе аудан орталығында №4 санаториялық балабақша болатын. Жүз балаға арналған мектепке дейінгі мекемеде А.Атабаева тәрбиеші ретінде еңбек еткен. Отбасында туберкулез ауруына шалдыққан кісілермен байланыста болған балалармен жұмыс жасаған білікті маман оларға демеу көрсетті. Алғашқы білімді бүлдіршіндерге үйретуге жауапты маман қызметін абыроймен атқарды.
– Бірнеше жыл балабақшада жұмыс істеген кезімде ең бірінші кезекте балаға қамқорлық қажет екенін білдім. Бұрынғының балалары қазіргі бүлдіршіндермен салыстыруға келмейді. Бәрі өзгеше. Негізінен, әр үйдің көзқуаныштарына жақсылап қа¬раған жөн. Әрбір ата-ана перзентінің саналы ұрпақ ретінде тәрбиеленіп шығуын қалайды. Сондықтан тәрбиешіге қойылатын талап жоғары. Санаториялық балабақшада жұмыс істеген қызметкерлерге жеңілдіктер қарастырылған. Айлық табысымызда да басқаларға қарағанда айырмашылық болды, – дейді А.Атабаева.
Кейіннен балабақша жұмысынан қол үзген ардақты ана сауда-саттық саласына бет бұрады. Өзге өңірлерден тауар әкеліп, тұтынушыларға ұсынды. Нарықтық заманға бейімделген ол баға бағамының жыл сайын көтеріліп бара жатқандығын айтады. Сондықтан әр жылдары халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қалыпты айлық табысына сай сауда жасауға бейімделгені рас. Шындығында өмірлік тәжірибесін кәсіпкерлікпен ұштастырған Ақкенже Сермаханқызының жолдасы Нұрлыбек Дауылбаев та ауыл шаруашылығы саласында еңселі еңбек етті. Өз кезегінде қос бәйтерек 5 перзенттен 17 немере сүйіп отыр. Өнегелі отбасының түтінін түтетіп отырған аяулы ананы мерекесімен құттықтаймыз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ