Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сурет сыры: Батырмен жүздесу

Сурет сыры: Батырмен жүздесу

Газеттің ажарын ашатын атрибуттың бірі – айдар. Өткен жылдың соңғы айлары­нан бері аудандық газетте жаңа айдарлар ашылып, бұл оқырмандардың санын кө­бей­тумен қатар олардың белсенділігін арт­тыруға ықпал етіп отыр.
Бір ғана мысал. «Кент көшелері» айдары аясында кент тұрғыны, зейнеткер Жақия Мырқыұлының бірнеше танымдық мақалалары жарық көрді. Сондай ақ газеттің жаңа айдарының бірі – «Сурет – тарих» деп аталады. Осыған орай жақында кент тұрғыны Е.Аймаханов қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлымен «Құрметті теміржолшы» әкесі Әбдірахметтің бірге түскен суретін жолдапты.
– Көзімнің қарашығындай сақтап жүрген естелік бұл. Әкем соғыстан броньмен қалған теміржол саласының майталманы еді. Зейнеткерлікке шыққасын жылда мемлекет тарапынан берілетін жеңілдік бойынша санаторийде демалатын. Сондай бір демалыс сәтінде қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлымен кездесіп, естелік суретке түсіпті. Ғажайып ерлік иесінің кез келгенмен суретке түспейтіні белгілі. Халық батыры әкемнің өмір тарихын білген, пікірлескен. Аудандық газетте «Сурет – тарих» деген айдар ашылған екен. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында осы суреттің жарыққа шыққанын жөн көрдім, – дейді Ерғали Әбдірахметұлы.
Қазақтың батыр ұлының соғыс кезінде тылда еңбек етіп Жеңісті жақындатуға үлес қосқан азаматты бағалағаны деп түсінуге болады бұл естелік суретті. Әбдірахмет Аймаханов теміржолдың байланыс саласында еңбек етсе, әке жолын қуған ұл Ерғали бүгінде аудандық телекоммуникацияның жергілікті бөлімшесіне жетекшілік етеді. Ұрпақтар сабақ­тастығы осылайша жалғасып жатыр.
Отан үшін от кешкен батыр мен соғыс жылдарында ерен еңбек еткен аға ұрпақтың есімі ел есінде мәңгі сақталады.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
11 сәуір 2020 ж. 740 0