Әлкей Марғұлан студенттік шақта күнделігіне не жазды
Әлкей Марғұлан Ленинградтағы Шығыс институтында оқып жүргенде орыстың шығыстанушылары мен өзге де түркітанушы оқымыстылардың әр дәрісінен қажетті мәліметтерді күнделігіне талмай жазып отырған. Бүгінде сол дәптерлерінің біразы музейлерде сақталып қалған.
Әйгілі тұлға жазған күнделіктің бірі Павлодардағы «Ertis» музейіне келушілердің көзайымына айналып отыр.
Әлкей Хақанұлы 20-ғасырдың басында қазақ даласынан Ресейге барып, білім ала бастаған қазақ жастарының алғашқыларының бірі еді. Семейдегі педагогикалық техникумда тәлім алған уақытта Мұхтар Әуезовпен достасып, қаламгер оған Ленинградқа барып оқуға кеңес береді. Сөйтіп техникумнан соң Ленинград қаласына жолы түсіп, 1925-1931 жылдар арасында ондағы Шығыс институтында, сонымен қатар Ленинград мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің шығыс бөлімінде оқиды. Бұларға қоса Өнер тарихы институтында небір дәрістер тыңдайды.
Фото: Kazinform/Мұрат Аяған
Фото: Kazinform/Мұрат Аяған
- Біздің қолымызда сақталып қалған құжаттардан Әлкей Марғұланның студент шағында, кейінгі ғалымдық қызметінде Ленинград пен Мәскеудің танымал кітапханаларының тұрақты оқырманы болғанын білуге болады. Олардан тапқан сирек кітаптар мен қолжазбалардан алғаш рет Күлтегін жазбаларын, шығыс халықтарының тарихтары мен мемлекет құрылысын, Х ғасырда өмір сүрген араб саяхатшысы Әбу Дулафтың Қытайға, Византияға, бірнеше шығыс елдеріне жасаған сапарларынан құнды мәліметтерді көшіріп алған. Қимақ қағанатын Рашид-ад-Дин оғыздар тайпасы деп атағаны белгілі. Сондағы қимақ бірлестігінің құрылысы жайлы тарихи дүниелерді де ғалымның күнделігінен көре аламыз. Жазбалар орыс және қазақ тілінде жазылып, кириллицамен және араб қаріптерімен түсірілген. Жазуы маржандай, арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де күнделік жақсы сақталып, оқуға мүмкіндік бар, - дейді Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Гүлжайнат Әлиева.
Кезінде Павлодардағы Торайғыров университетіне ғалымның қызы Дәнел Марғұланқызы әкесінің мұраларын тапсырған екен. 2019 жылы мультимедиялық музей ашылғанда оқу орнының басшылығы Ертіс-Баян өңірінен шыққан атақты тұлғалардан қалған жәдігерлердің біразын осында өткізуге шешім қабылдапты. Осылайша құнды күнделік мекеме олжасына айналды.
Фото: Kazinform/Мұрат Аяған
Күнделіктің мұқабасында «Иран, қытай, парсы деректерінен алынған материалдар» деген жазуы бар. Оқып байқағанымыздай, Әлкей Хақанұлы жастығына қарамастан сол кезде кейбір орыс шығыстанушыларының шығыс халықтарының тарихына қатысты қате деректер келтіріп отырғанын жазып, өз тұжырымдарын келтіреді. Мәселен түркітанушы оқымысты Никита Бичуриннің Орта Азия мен Қазақ хандығы бойынша жазбаларына қатысты осындай ескертулер кездеседі.
Фото: Kazinform/Мұрат Аяған
Айтып өтейік, ғалым кейін осы тірнектеп жиған дерек-жазбалары мен Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» атты монографиялық еңбек жазып, «Хандар жарлығының тарихи әлеуметтік мәні» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Қазақтың көне тарихына қатысты зерттеу жүргізгені үшін қуғын-сүргін жылдары тұтқындалып, түрмеде азап шеккені де мәлім.