Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Астананың іргесінен Алтын орда дәуірінің кесенелері табылды

Астананың іргесінен Алтын орда дәуірінің кесенелері табылды

Астананың іргесінен Алтын Орда дәуірінде салынған қос кесене табылды, деп хабарлайды 24.kz.

Бұл академик Әлкей Марғұлан жазып кеткен  - Сұлутам мен Сырлытам. 

Тарихшылар Қорғалжын ауданының бұл тұсы Ұлы Жібек жолының бойы екенін айтады. Сол себепті стратегиялық маңызға ие. Тілшіміз Бақыт Топтаева бабақорымға барып, ежелгі құрылысты көріп келген еді. Біз де көрейік. 


Күрек, кетпен, қылшақ ұстаған археологтар Жошы ұлысы тұсында салынған ескерткіш орнын аршып жатыр. Тарихшылар бұл маңда бес кесене бар дейді. Соның екеуін Әлкей Марғұлан кезінде Сырлытам мен Сұлутам деп сипаттап, жазып кеткен. Археологтар сол кесенелердің дәл үстінен түстік дейді. Бұған қазба кезінде табылған құмыра сынығы дәлел.

Пердехан Мұсылманқұл – ҚР ұлттық музейі археологиялық тарих бөлімінің жетекшісі:

- Орта ғасырлық қыш өндірісі тарихында мұндай таңбалар рудың таңбасы немесе сол ыдысты жасаған шебердің таңбасы болуы мүмкін. Көріп тұрғандарыңыздай бұл қазақ ру тайпаларындағы мына таңба қатты келмейді.

Қазба орнынан табылған тағы бір құнды дерек – сырлы қыш. Мұны сол заманда кесененің қасбетін әсемдеу үшін қолданған.

Пердехан Мұсылманқұл – ҚР ұлттық музейі археологиялық тарих бөлімінің жетекшісі:

- Мына жерде де сол құйылып оның сырты сырлы бояумен боялып жасалған. –Демек, Сырлы там осы болуы мүмкін деген теорияны растауы мүмкін ғой. – Мүмкін ия, сол кездегі Марғұлан айтып кеткен Қорғалжын ауданы аумағындағы Сырлытам ескерткіштері деректердің осы қазба жұмыстары дәлелдеуі мүмкін.

Сәулет өнерінің сырлау техникасы негізінен Оңтүстік аймақтағы орта ғасырлық ескерткіштерге тән. Кесекте сақталған сыр да Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде қолданылған бояуға келіп тұр. Бұл да Жібек Жолы бойындағы елді-мекендер арасында алыс-берістің дамығанының айғағы, - дейді тарихшылар. Қазір толықтай аршылған екінші кесене де сәулет тұрғысынан осыған ұқсас болуы мүмкін. Оның да орта ғасырларға тән белгілері бар. Есігі сол кездегі наным-сенімге сай, солтүстік-батысқа қараған.

Сырым Есенов, тарихшы-археолог:

- Байқап қалғаным, мынадай бір ерекше, кірпіш пе? Не нәрсе? – Енді бұл сегіз қырлы өрнекті кесене. Бұл әсіресе, жаңағы айып отырған орта ғасырлық кезеңдерге өте жиі қолданылған. Мынаның сыртын өрнектеу үшін. Дәл бұны өрнектеді ме, жоқ әлде қасымыздағы кесенеге пайдаланып, кейін мынаның құрылысына пайдаланып жіберді ме, ол нақты белгісіз де. Бірақ шамамен мынаның сыртында жоғарғы жағында болуы мүмкін.

Тарихшы ғалым кесененің күмбезі болғаны жайында тағы бір дәлел келтіреді.

Сырым Есенов, тарихшы-археолог:

- Ішінен көріп тұрған аппақ, бұл әкпен ақталған. Іші сыланған жақсылап тұрып, ал енді есігінен тек қана табалдырығы сақталған. Қалған жері өкінішке қарай, шіріп кеткен. Енді бұл кесененің ерекшелігін көрсетеді. Яғни ішінен әктелған болу себебі, яғни оның үстінде күмбез болғанын дәлелдеп тұр. Ашық болса, оны әктеудің қажеті жоқ қой. Яғни, төбесі жабық болған.  Үлкен кесене болған.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Сәулет-құрылысы орта ғасырларға тән кесенелердің басқа емес, дәл осы Қорғалжын аумағынан табылуы тек бір нәрсені білдіруі мүмкін: бұл өңір Алтын Орда, Жошы ұлысы дәуірінде үлкен стратегиялық маңызға ие болған. Ұлы Жібек жолымен бойлай қозғалған керуен де осы аумақты басып өткен деген тұжырым бар. Енді осындай ескерткіштердің айдалада еш қараусыз, қоршаусыз бұзылып жатқаны, олардың әр кезеңде тоналғандығы өткенімізді жаңғыртуға күш салған ғалымдар үшін үлкен кедергі. Тіпті мына кесененің егістік аумағынан табылғаны да біраз дүниені аңғартады.

Айтпақшы, тура сол маңда 1973 жылы академик Әлкей Марғұлан бастаған археологиялық экспедия кезінде табылған Бытығай кесенесі бар. Тарихи ескерткішті 2007 жылы сәулетші Марат Сембин  қалпына келтірген.

Сырым Есенов, тарихшы-археолог:

- Міне мынау көріп тұрғандарыңыздай, қазба кезінде ашылған кірпіштер. Сол заманның кірпіштері, тура сол өлшемінде кірпіштерімен жеткенінше қалаған оның үстінде осындай ағаш болғандығы туралы жазба деректері бар. Соны кейін жетпеген жеріне қазіргі заманның кірпіштерін қолданып бұл ғимаратты қалпына келтірген.

Ғалымдар енді Ұялы ортағасырлық қорымды зерттеуге бірнеше жыл керек екенін айтады. Дегенмен, Алтын орда дәуіріне қатысты құнды деректер Қазақстан тарихының көптомдығына енгізілетіні анық. Тек құнды жәдігерлерімізді сақтап, өткенімізді жаңғырту үшін біраз күш те, қаржы да керек.
29 маусым 2023 ж. 214 0