«Қоғалыкөлдің құлагері»
Белгілі әдебиеттанушы, журналист Бауыржан Омарұлы жақында өзінің «Facebook» әлеуметтік парақшасына бір фототілші туралы «Жалқы мерген» тақырыбымен эссе жариялады. Онда фототілші туралы суреттеп, олардың баспа саласындағы орнын айқын көрсетті. «Журналистер қауымының ішінде фототілшілердің орны бөлек. Бұл кәсіпті серік еткендер соншалықты көп емес. Бір басылымда әдетте бір ғана фототілші болады. Сондықтан ол бүкіл ұжымның ерке баласы секілді еркін жүреді. Ерназардың сегіз ұлына татитын Ертөстік сияқты. Әріптестерінің бәрі соның аузына қарайды. Жалпы, фототілші деген өте қызық халық. Әрқайсысы өзінше бір әлем. Олардың мінез-құлқы да әркелкі. Бірі – той-томалақты құр жібермейтін сауыққой, екіншісі – басынан құс ұшырмайтын сері, үшіншісі – ауыздыға сөз бермейтін шешен, төртіншісі – желге қарсы қарап тұрып түкіретін қыңыр... Қай-қайсысының да соңынан аңыз еріп жүреді» дейді танымал журналист.
Айтса айтқандай-ақ, әрбір сәтті қалт жібермейтін фототілші суреттермен тарихты қалыптастырып, олар аңызға айналады. Сондай елімізде аңызға айналған фототілшілердің бірі – Болат Омарәлиев. Журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар әріптес ағамыз Сыр топырағынан, оның ішінде Сырдария ауданынан түлеп ұшқан. Небір дарын иелері шыққан қасиетті Қоғалыкөлде балалық шағы өтіп, жас-тайынан қиыншылық көріп өскен. Бала кезден сурет салуға ынтық болған Ызакөлдің тумасы ер жеткенде қолына фотоаппарат алып, әрбір сәтті тарихқа айналдыра білді. Соның арқасында есімі елге мәшһүр болып, «фотожурналистиканың абызы» атанып отыр.
Жақында қуанышты жаңалық жарқ ете қалды. Қазақстанның Құрметті журналисті, қазақ баспасөзінде фотожурналистиканы қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан Болат Омарәлиев туралы «Қоғалыкөлдің «Құлагері» атты ғұмырбаяндық кітап жарық көрді. Авторы – белгілі қаламгер Тілеген Бекарыстанов.
Бұл кітапты Т.Бекарыстановтың жазуы бекер емес. Өйткені, белгілі қаламгер ертеректе дәрменсіз күйге түскенде Болат аға Омарәлиев демеу білдірген, қолдау көрсеткен.
Бұл туралы Тілеген аға алғысөзде жазады. 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Мереке» әзіл-сықақ отауының концерті өткен. Онда Т.Бекарыстановтың «Эх, пожарник» атты миниатюрасы ойнатылған. Осыған байланысты миниатюра авторын аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы шақырып, мәселенің байыбына бармай, «Біздің өрт сөндірушілерді жұмыс істемейді, ұйықтап жүреді дегенсің бе?...» деп дүрсе қойған. Алайда, көрсетілімді өздері көрмеген соң нақты дәлел болмай, мұны дұрыстап тексеретінін айтады. Милиция алдында болған Тілеген аға аудандық мәдениет үйінің директоры Қабдеш Шағыровқа өз шағымын жеткізген.
Түстен кейінгі уақытта бұл кісіні фоторгаф Б.Омарәлиев күтіп алады. Мән-жайды Қ.Шағыровтан естіген фототілші «Сары бала, сені күтіп тұр едім. Бәрін Қабдеш балдызымнан естідім. Кәне, маған өзің айтып берші. Жазғаныңды берсең, тіпті дұрыс болар еді. «Дүрсілдетіп» жіберейік» деген. Алайда, аудандық мәдениет үйінің қызметкері кейін балаларына зияны тиер деген ниетпен жазылған дүниені бере алмайтынын айтады.
Сол күннің ертеңіне облыстық «Ленин жолы» газетіне «Қамысқаладағы концерт» тақырыбында мақала жарияланған. Авторы – Қайырбек Мырзахметов. Болат Омарәлиев оқиғаның мән-жайын бүге-шүгесіне дейін сұрап алып, Қ.Мырзахметовке жеткізген. Содан мақалада Бекарыстанов емес, Байарыстанов деп жазылып, оқиға суреттеліпті. Осы мақаладан соң ішкі істер органындағылар Тілеген ағаны мазаламапты.
Республикадағы беделді газеттің бірі «Лениншіл жастың» тілшісі Мырқы Исаев та аудандық мәдениет қызметкеріне келіп, миниатюраны оқып, болған жаймен танысқан. Артынша, республикалық газетте «Скетчтен туған скетч» тақырыбында фельетон жарияланған. Бірер күн өткен соң аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары Ықылас Күнқожаев анадайдан келіп «Тәке, біз сізді қорқытамыз ба десек, сіз бізді қорқыттыңыз ғой» деп қолын алған екен. Міне, осындай дәрменсіз сәтте Болат аға Омарәлиев қаламгерге сүйеніш болған. Осыдан-ақ фотожурналистика абызының қандай адам екенін аңғаруға болады.
Ғұмырбаяндық кітап екі бөлімнен тұрады. «Өмір бөгетсіз болмайды» атты бірінші бөлімде Болат ағаның балалық шағы, ер жеткендегі қызықтары мен қиыншылықтары, фото түсіруге деген ынтызары, өмір белестері суреттелген. Бір қызығы, автор барлық сәтті қызықты, тартымды суреттеп, оқырман жалықпайтындай еркін тілмен жазған. Кітапты бір деммен оқып, барлық шақ көз алдыңнан құдды бейнебаяндай өтеді.
Алғашқы бөлімде кейінгі уақыттарға шегіністер жасалады. Сол арқылы әрбір қызықты сәттер бір-бір тақырыпқа жүк болған. Оның барлығына тоқталып өту мүмкін емес. Тек «Суретті түсірген: Болат Омарәлиев» тақырыбындағы фототілшінің алғашқы суретінің баспа бетіне жариялану сәтін қысқа шолып өтсек.
Алматыда фотожурналистикадан сабақ берген Юрий Редкиннен суретке түсірудің қыр-сырын үйренген Сыр өрені туған топырағына келіп, әуесқой фототілшіліктен кәсіби маманға айналды. Сол курсты бітіріп келгеннен кейін Б.Омарәлиев түсірген дарияның суреті облыстық «Ленин жолы» газетіне басылған. Бұған ауылдағы жұртшылық қуанған. Ал әкесі Әбушаһма өзгелер секілді қуана қоймаған. Адамның жансыз бейнесін қағаз бетіне түсіргенді онша құптамапты.
– «Көке, фамилияңыз анау-мынау емес, облыстық газетке тасқа басылып елге танылып жатса, жаман ба?! Осы арқылы жұрт Болатты емес, бізді де біліп жатыр.
– Кәне, газеттеріңді беріңдерші, қолдан-қолға ала қашпай, біз де көрейік. Оу, мында «Өмірәлиев» емес, «Омарәлиев» деп жазылыпты ғой. «Омарәлиев» болса, «Омарәлиев» болсын. Негізі әкемнің атынан алыс кетпепті ғой. Мүмкін, баласының есімін осы фамилия елге танытар, бағын ашар. Бәрі осы сөзді құптады. Газетті дауыстап оқыды. Суретті түсірген: Болат Омарәлиев». Міне, сол сәттен бастап Болат аға ел-елді аралап, ерекше сәттерді қалт жібермеген. Оның архивінде танымал тұлғалар, тылсым табиғат, егінжай ерлері, жалпы, барлық тақырыптағы фотосуреттер жинақталған.
Кітаптың екінші бөлімі «Сыр тұнған Сырдың дидары» деп аталады. Онда Қази Данабаев, Айжарық Сәдібекұлы, Әнуарбек Әуелбектің белгілі фототілшімен жасаған сұхбат, материалдары берілген. Онда Болат аға Омарәлиевтің әрбір суретіне талдау жасалған.
Жоғарыда айтқандай, бір кітаптың өн бойындағы құндылығын, қасиетін бір мақалаға сыйғызу әсте мүмкін емес. Сондықтан қалың оқырманға жол тартқан кітап арқылы Болат Омарәлиевті тануға болады. Оның қазақтың фотожурналистика саласына қосқан үлесін анық аңғарасыз. Сол себепті де «Қоғалыкөлдің «Құлагер» кітабын аудандық газет редакциясынан алып оқып шығыңыз...
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ