Тұтастықты ту еткен сурет
Біз әуелгіде мемлекет жерінің тұтастығы, шекара туралы жазбақ ниетіміз болған. Тегінде қазақ «жері байдың – елі бай» деп бекер айтпаған. Туған жер, атамекен атты қасиеттер жүре-жүре адам санасына сіңісіп, сол халықтың өзіне айналып кететін сияқты. Белгілі суретші Сейсенхан Маханбеттің қылқаламынан шыққан туынды бізді ұлт бірлігі мен жер тұтастығына тікелей байланысты деген ойға жетеледі.
Анау бір жылдары Әзербайжан мен Армения арасындағы Қарабақ үшін соғыста бірсыпыра атақонысы иеліктеріне өткенін эфирден жариялаған әзербайжандық журналистің жылап жібергені күллі әлеуметтік желіге таралды. Қуанышты жағдайды жеткізген журналист ежелгі жерлерінің қарамағына көшкеніне толқып кетсе керек. Диктор сөзден сүрініп, әдептен жаңылмай өзін ұстауға тырысқанымен, көз жасын тия алмады. Қуаныштың көз жасы десек те, атажұрт үшін жан алып, жан беріскен жұрттың шеккен қасіреті күлкіге жол бермейді. Эфир алдындағы қаншама дайындығың мен ерік-жігеріңді елемейді ол қасиет. Өйткені ел мен жер, ұлт пен жұрт деген ұғымдар ғасырлар өте келе бір-бірімен бітісіп кетпесе, онда ештеңе жоқ деген сөз. Жердің түгі кетпесі анық, елдің болашағы күмәнді болмақ.
Күні кешегі қырғыз-тәжік арасындағы шекара қақтығысы да жер үшін таластан туған шиеленіс. Өткен айда осы қақтығыстан қырылғандардың рухына Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 19 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Тоқымдай жер үшін таластан қаншама тағдыр күзгі жапырақтай семіп, жер-анасына сіңіп жатыр.
Осы күнге дейін қазақ халқының ішіне түсіп, психологиясына айналып кеткен қасиетті екі ұғым бар десек, оның бірі – атамекені. Байырғы тілдік қолданысында әлем демей, жер-көк, жер беті атаған.
«Еділ үшін егестік, Тептер үшін тебістік. Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық, теңдікті, малды бермедік» дейтін Махамбет сөзінің бетін ашып, сырына үңілгенде, ұлан-ғайыр кеңістікке тап боласыз. «Қиғаш үшін қырылса, теңдік пен мал үшін» екен. Мұндағы теңдік сөзінің мағынасы – еркіндік пен азаттық, мал-жан – ел мен жердің дәулеті, ырыс пен несібе. Үлесіңдегі жер бетінде ұлт болып ұйысарға, жұрт болып қоғамдасарға осы екеуі де керек. Сонау түркілік дәуірден бері Алтын Орда заманында кемелденіп, Қазақ хандығы кезінде салтанат құрған осы сана мен рух бір сәтке болсын күйреп қалған жоқ. ХХ ғасырдың басында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның аузынан былай түрленіп шықты: «Жер, жер және жер! Өйткені жерсіз Отан жоқ! Жерсіз адам жоқ! Жерсіз мемлекет болмайды!», деді Алаш арысы. Мұны айтуымыздың бір себебі, Қазақ хандығы құрылғалы бері бәлен ғасыр бойы біздің халық соғысып қорғаған ұлан-ғайыр алқап ХХ ғасырдың басында осы Алаш арыстары еңбегінің арқасында Қазақстан шекарасы болып ресми бекітілді.
1920 жылы Мәскеуге Кирвоенревкомның №2043 мандатымен келген Әлімхан Ермеков қазақ өлкесінің жай-күйі һәм оның шекарасын белгілеу мәселелері жөнінде баяндама жасағаны тарихтан белгілі. Комиссияның жұмысын Халық Комиссарлар Советінің председателі В.Ленин басқарған.
Мәжілістің қызған кезінде РК(б)П Орталық комитетінің мүшесі Г.Сафаров:
– Түркістандағы орыс кулактарын Ресейге қайта көшіру керек! – деп тұрып алады.
Ленин Ермековке қарап:
– Сіз бұған қалай қарайсыз? – дейді.
Әлімхан Ермеков бұлай істесек, екі жұрт арасында алакөздік пайда болуы мүмкін, жергілікті қазақтарды атамекеніне дұрыстап қоныстандырып алғанша, ішкі Ресейден жаңа көшпелілер әкелуді тоқтата тұрған дұрыс, дейді. Мұны естіген Ленин:
– Ғажап! Орталықтың өкілі, орыс коммунисі орыстарды қазақ жерінен көшіруді сұрады. Ал партияда жоқ қазақ тек көшті тоқтата тұрған дұрыс дейді. Ойланатын жағдай екен! – деп мәз болып, Ермековтің арқасынан қағады.
Дау-дамай ұзаққа созылады. Сол кезде Әлімханның мәжілістен шығуын күтіп отырған Алаш ардагерлері арасында Ахмет Байтұрсынұлы айтты деген бір сөз елге жайылады: «Біздің Әлімханмен бес сағат сөз таластыруға шама-шарқы жеткен орыстың мынау сақау адвокаты Владимир Ильич адамзаттың төресі екен!», депті.
Ленин мәжілістің соңында автономия құру жөнінде Ұлт істері халық комиссары Иосиф Сталинмен пікірлесіңіздер, онда арнайы жоба бар дегенді айтады. Мәжілістен соң Әлімхан осыны Әлихан Бөкейханға айтқанда, Әлекең:
«Сталин не шешер дейсің?! Оның білігі мен білімі белгілі ғой!», деп жүріп кетіпті. Белгілі суретші һәм журналист Сейсенхан Маханбеттің мына бір картинасында қазақ шекарасы белгіленген сол күннің белгісі тұр. Сурет сондығымен құнды. Ал 1920 жылдың 24 тамызы саналатын сол күннің мән-маңызын біз алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың сөзімен түйіндейміз:
«Қазақ Автономиялы республикасы 1920 жылы қазан айында жарияланды. Соның алдында, қазақ жерінің шет-шегін белгілеу үшін Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков (баяндамашы) Ленинге, бірде Сталинге кіріп жүріп, 1920 жылы 24 тамыз күні Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіттірді, оған Ленин мен Сталин қол қойды (Біз сол бекітілген территорияның қазір 15 пайызынан айрылып қалдық. Қарақалпақстан, Шыршық – Өзбекстанға, Елек, Алтайдың арғы беті, Жазатыр жотасы Ресейге берілді). Бүкіл әлем мемлекеттері 1991 жылы сол территорияны Қазақстан мемлекетінің жері ретінде таныды».
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Egemen Qazaqstan»
«Egemen Qazaqstan»