Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткі – ел тыныштығы мен әлем тыныштығының қаупі

Есірткі – ел тыныштығы мен әлем тыныштығының қаупі

Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашаққа қауіп төндіріп тұрған індет. Есірткімен қызықсыз өмір сүргенше, болашақ құрып, бақытты өмір сүрген артық. Өмір адамға бір рет беріледі. Нашақорлық адамның, біріншіден, өмірінің қызықсыз өтуіне себеп болады, екіншіден, адамның денсаулығын бұзады. Есірткі тән саулығын зақымдап, өмір жасын қысқартады. Қылмысқа апарады және түрлі аурулар туғызады. Есірткі қолданған ерлі-зайыптылардың балалары кемтар болып туылады.

Қазіргі күні осы бір жаман індеттен көптеген ел қатты зардап шегуде. Ең алдымен, есірткінің әсерінен жер бетіндегі  халықтыңсаны азайып бара жатқанын түрлі ақпарат көздерінен естіп жүрміз. Келешек ұрпаққа: «Балаларымызды жақсы тәрбиелеп,нашақорлықтан, басқа да зиянды әдеттерден  қорғап, халық санын көбейтуге үлес қосыңдар!» - дегім келеді.

Нашақорлыққа, көбінесе, жастар – бейім. Себебі олардың еліктегіш, аңқау сәттерін ақша тапқысы келетіндер жақсы пайдаланып, соған тәуелді ету жолын ойластырады. Көбінесе олар ауқатты отбасы балаларын тұзаққа түсіруді қарастырады екен. Ал олардың құрбылары түрлі қоспаларды егіп көруді қызық көріп, өз өмірлерін өз қолдарымен құртуда. Сондықтан ондай жастарға әлі де өз өмірін қайта бастауға кеңес беріп, жас балаларға бейтаныс адамдармен байланыс жасамау керектігін үнемі айтып отырып,  зиянды заттарды қолданбай, тек бос уақыттарын пайдалы іс-әрекетпен өткізуді насихаттау керек. Мұндай жұмыстар жасалып та жатыр, қазір оқушылар үшін де, жастар үшін де қызықты жұмыс түрлері, үйірмелер мен секциялар өте көп. Десек те, нашақорлықпен өмірін қор етіп жүргендер де азаймай отыр.

Есірткінің ерекшелігі сол – адам оған бір-ақ рет дәмін татқаннан кейін әуес болып қалатын көрінеді. Міне, адамдардың нашақор болуының  себептерінің бірі сонда жатыр. Танысы «бір рет дәмін татсаң немесе иіскесең, шексең, нашақор болмайсың, қазіргі қиындықтардың бәрін ұмытасың, жаның ләззат алады, тыныштықта боласың» деген арбау сөздерімен нашақорлық жолына тартады. Барлығы осылай басталып, ақыр соңында бір рет қате басқан адам екінші рет, бірнеше рет шалыс басып, қайтып шығар жолды таппай, адасады. Ұлы ақынымыз Мұқағалидың мына өлең жолдары ойыма оралып отыр:
«Сүрініп кетпе, сүрініп кетсең болғаны, 
Дей бергін, достым, басыңа қырсық орнады.
Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы,
Аңдамай кейде сүрініп кетсе болғаны,» - деген өлең жолдарында осындай адам өмірінің сәтсіз күндері туралы айтылған. Теледидардан, ғаламтордан өмірі сәтсіздікке ұшыраған жастарды көргенде аяныш сезімі пайда болады. Біз қазір бақытты баламыз ғой! Ата-анамыз, бауырларымыз, туған-туыстарымыз қасымызда.Жадырап, күліп мектепке достарымызбен бірге барамыз, бірге дайындықтарда жүреміз. Киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ. Біз тек қана жарқын болашағымыз туралы ойлануымыз керек. Соған жақсы қадам жасауымыз керек. Нық қадам басып, нәтижеге жете алатын мақсат қоя білсек, біз сол кезде өз мемлекетімізге пайдалы тұлға боламыз. Арманымыздағы мамандықты игеріп алсақ, елге адал қызмет жасауды жоспарлауымыз керек. Алтын уақытымыздың қадірін білуге тиіспіз. Өйткені мемлекет бізге барлық жағдайды жасап отыр. Біз білімді азамат болып, елге адал қызмет етсек, ел алдындағы борышымыздың бірден, бір бөлігінің орындалғаны,- деп білемін.
 
Шындығына келсек, қандай қателікке де адам баласы өзі – кінәлі. Десек те, нашақор жастарымызды «Сен – нашақорсың» дегенмен біздің елдігіміз не болмақ?! Алдын алған жақсы, бірақ нашақорлыққа түскендерді де емдеу, оңалту, айықтыру шараларын дамыту керек. Ең алдымен, олардың бәрін анықтап алу керек. Қазіргі күні әлеуметтік желілердің осы іске пайдасын тигізетінін ескеруіміз керек, басқаға айтпаған сырын олар сол жерде ашып айту арқылы өзіне жәрдем ала алса, одан әрі қайтадан сау адам қатарына қосылуына мүмкіндік болар еді. Себебі есірткіге құмарлық – ұзақ емдеуді қажет ететін ауру. Есірткіге құмарлықтан арылу үшін адам неғұрлым дәрігерге ертерек қаралса, соғұрлым тез жазылады. Егер адам есірткіні жиі қолданса, оның ағзасы соған үйреніп кетеді. Сөйтіп ол адам есірткісіз өмір сүре алмайтындай жағдайға душар болады. Дәрігерлердің беретін сыртқы белгілері: нашақордың түрі бозарған және жүдеу, ішек-қарын жолында жайсыздық сезінеді, қанды іш өтуі де болуы ықтимал екен. Есірткі қолданудың көптеген түрлеріне жастың және сілекейдің ағуы, жөтел, тұмау және түшкіру тән. Сол сияқты асқа тәбеттің болмауы да кездеседі.

Сондықтан осындай белгілері бар адам көрсек, сенім телефоны арқылы хабар беру керек. Осылайша, еліміз бен әлеміміздің тыныштығына қауіп төндіріп тұрған есірткіні түп-тамырымен жою үшін бар күшімізді салғанымыз жөн.Ағайын, достар, замандастар, есірткінің өзіңе де, қоғамға да зиян келтіретінін білейік, зардабы мол болатынын ойланайық! Нашақорлықтың алдын алайық! Немқұрайлы болмайық, келер ұрпаққа жақсы үлгі-өнегелер қалдыруға тырысайық! Есірткісіз бақытты балалық шағымыздың қадірін білейік, достар!

Гүлсезім Әлімхан
Қызылорда қаласы
С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейі
11-сынып оқушысы

20 қазан 2021 ж. 1 241 0