Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жер топырағы бұйырмақ немесе сырдариялық жауынгердің мәйіті табылды

Туған жер топырағы бұйырмақ немесе сырдариялық жауынгердің мәйіті табылды

Сан мыңдаған адам өмі­рін жалмаған Ұлы Отан со­ғысы салған жара әлі де жазылар емес. Олай дей­тініміз, Қазақстаннан қан майданға 1 миллион 300 мыңнан аса жа­уын­­гер аттанса, олардың жартысынан көбі елге орал­­мады. Ал туған жерге кел­меген­дердің ішінде 271503 сарбаз хабар-ошар­­сыз кеткен.

Бүгінде сол хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Оған мемлекет тара­пынан айтарлықтай көңіл бөлінбесе де, еріктілердің белсенділігі арқылы бі­раз жауынгерге туған жер топырағы бұйыруда. Мәселен, осыдан 6-7 жыл бұрын Ресей мемлекетінің Ленинград облысынан сырдариялық жауынгердің мәйіті табылып, ұрпақтары анықталып, туған жерге арулап көмілген еді. Оны аудандық газет бетінде ақпараттандырған да едік. Мұндай жұмыстар бүгінгі бейбіт ұр­пақтың Отан үшін жан пида еткен қа­һарман жауынгерлерге деген ерекше құр­меттің белгісі екені анық.

Жақында көршілес Ресей мемле­кетінің Ленинград облысынан тағы бір сырдариялық жауынгер мәйітінің та­был­ғаны жөнінде хабар жетті. Ол хабарды «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Әлия Сағымбаева жеткізді. Қоғамдық бір­лестік құрылтайшысы Қызылорда об­лы­­­сының қорғаныс істері жөніндегі де­пар­таментіне жауынгер мәйітінің та­был­ғандығы жөнінде хат жолдаған. Тиі­сінше, аудандық қорғаныс істері жөнін­дегі бөлімге де арнайы хат жолданып, жауынгердің ұрпақтарын іздестіру жұмыстары жүргізілген. Аудандық ре­дак­цияға да осыған байланысты хат келіп, бас редактордың арнайы тапсырмасымен біз «Атамның аманаты» қоғам­дық бірлестігінің құрылтайшысы Әлия Сағымбаевамен телефон арқылы сөйле­сіп, мән-жайды білген едік.

– Елімізде қазақ тарихын жаңғыртуға қатысты «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы іске асырылуда. Соның негізінде ХҮІ-ХІХ ғасырлардағы тарих пен рухани құндылықтар қамтылып жатыр. Негізінен, осы бағдарлама аясында Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан үшін ерлікпен қаза тауып, қан майдан даласында қалған, хабар-ошарсыз кеткен жауыргерлерді іздестіріп, ерліктері мен есімдерін жаңғырту керек деп есептеймін. Бұған қатысты бүгінде мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінбесе де, біз секілді еріктілер ұрыс даласында хабар-ошарсыз кеткен сарбаздарды іздестіріп, олардың ұр­пақ­тарын тауып, туған жеріне жеткізу жұ­мыстарын жүргізудеміз. Соғыс жылдарында оққа ұшырап, қаза болған сарбаздарды топырақпен көміп кете берген. Содан біраз жауынгер хабар-ошарсыз кеткендер санатына жатқызылған. Тран­шеяларға көмілген сарбаздар Ресей, Украина, Беларусь мемлекеттерінің аумағында көп, – деген Ә.Сағымбаева осы өңірден қан майданға аттанған жауынгер туралы айтты.

Ресей мемлекетінде хабар-ошар­сыз кеткен сарбаздарды іздестіру жұмыс­та­рын еріктілер тобы атқаруда. Жақында Ленинград облысында Суворов атындағы ресейлік іздестіру тобы біреудің бақ­шалық жерінен екі жауынгердің мәйі­тін тапқан. Соғыс кезеңінде әрбір жа­уынгердің мойнында гильза болған. Онда сарбаздың аты-жөні, қай жерден соғысқа аттанғаны туралы мәлімет жазылады екен. Мұның қан майданда қаза тапқан жауынгердің кім екендігін анықтауға септігі тиген. Десе де көбісі мұны жаман ырымға балап, лақтырып тастайтын көрінеді. Ленинград табанынан табылған қос жауынгердің бірінде мұндай гильза болмаған. Сондықтан оның кім екендігі белгісіз. Ал екінші жауынгерден гильза табылып, онда «Култасов Дажекбай. Кызылординская обл, Теренузекский район, №5 аул совет. Жена – Култасова Бачжан. Кызылординская обл, Теренузекский район, №5 аул совет» деп жазылған.

Жауынгердің аты-жөні бел­гілі болған соң ресейлік іздестіру тобының жетекшісі Ольга Стружанова Әлия Сағымбаеваға қазақстандық жауынгердің мәйіті табыл­ған­дығы жөнінде хабар берген. Қоғамдық бірлестік құ­рылтайшысы ол кісі туралы ақпарат іздестіреді. Ресей Қорғаныс министрлігінің «Память народа 1941-1945» сайт архивінен екі құжат табылған. Бірінде «Култасов Дажекбай. Донесение о безвозвратных потерях. Дата рождения: 1904. Место рождения: Казахстан, Кзыл-Ординская обл., Теренузекский, аулсо­вет №5. Дата призыва: Терень-Узякский РВК, Казахская ССР, Кзыл-Ординская обл., Терень-Узякский р-н. Воинское звание: красноармеец. Пос­леднее место службы: 136 сд. Дата выбытия: 02.09.1942 – 09.09.1942. Причина выбытия: пропал без вести. Место выбытия: Ленинградская обл.» делінген. Ал екіншісінде «Култасов Дадыкбай. Военно-пересыльные пункты и запасные полки. Дата рождения: 1904. Дата призыва: Терень-Узякский РВК, Казахс­кая ССР, Кзыл-Ординская обл., Терень-Узякский р-н. Воинское звание: красноармеец. Военно-пересыльный пункт: 78 зсп. Выбытие из воинской части: 18.08.1942. Куда выбыл: 136 сд» деген ақ­парат берілген.

– Хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлер туралы ақпарат Ресейдің архивінде сақтаулы. Бүгінде сол архивтің 30-35 пайызы ашылған жоқ. Архив сайттан табылған мәліметтер бір адам туралы екені анық. Тек қан майдан даласында жазылғанда қате кетуі мүмкін. Сондай-ақ, әйелінің аты Бачжан емес, Балжан немесе Бағжан болуы да мүмкін. Жауынгер 1904 жылы Тереңөзек ауданы №5 ауылдық кеңесте туылған. 1941 жылы Тереңөзек АӘК арқылы әскер қатарына алынған. 1942 жылдың 9 қыр­күйегінде Ленинград үшін майданда хабар-ошарсыз кеткен. Бұл кісінің кім екен­дігі белгілі болған соң туған жеріне ұрпақтарын іздестіру мақсатында арнайы хат жолдадық, – деді Ә.Сағымбаева.

Телефонмен байланыс барысында қоғамдық бірлестік құрылтайшысы бұ­ған дейінгі атқарған жұмыстарынан да құлаққағыс етті. «Атамның аманаты» қо­ғамдық бірлестігіне хабарсыз кеткен сарбаздарды іздестіріп беруге ұрпақтары атынан көптеген өтініштер түседі екен. Осы жұмыстарды үйлестіруде Сыртқы істер министрлігі, шет мемлекеттердегі елшіліктермен тығыз жұмыс жасалады. Жауынгерлер туралы ақпарат шыққанда немесе олардың мәйіті табылғанда ұр­пақтары іздестіріліп, олардың сол мем­лекетке барып келуіне ұйытқы бо­лады. Бірақ, олардың қаржылық шы­ғын­­дары қоғамдық бірлестік тарапынан қа­рал­майды. Бұған дейін еліміздің бірнеше өңіріне 13 жауынгердің мәйіті жеткізіліп, туған жер топырағы бұйырған. Осындай жұмыстарды атқаруда Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда өңірлерінде еріктілер белсенділік танытатынын айтады қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы. Кей жағдайда жауынгер мәйіті табылып, олардың ұрпақтары табылмаса, мәйіт бе­рілмейді екен. Бұл көршілес Ресей мем­лекетінде Заңмен бекітіліпті.

Бізбен әңгімесінде Ә.Сағымбаева жа­уынгердің ұрпақтары табылғанын сүйін­шілеп, байланыс нөмірін де берді. Ол кісіден мән-жайды білген соң, қан майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгердің ұрпағы Марат Дәдікбаевқа да арнайы хабарластық. Ол кісі мәіті табылған жа­уынгердің туған атасы екенін, ұзақ жылдар бойы іздестіріп келе жатқанын айтты.

– Дәдікбай Құлтасов – менің туған атам. Ол кісі архивте көрсетілгендей, 1904 жылы дүниеге келген. Ол кездегі №5 ауылдық кеңес сол Тереңөзек пен Шаған ауылының ортасындағы Жар­тықұм деген жер болуы керек. Ал әжемнің есімі – Бағжан. Менің Сәруар Бейісов деген көкем болған. Ол кісі менің атаммен әрі туыстас, әрі замандас. Сол көкем «Жаздың бір күнінде Дәдікбай әскерге шақырту келгенін айтты. Содан кейін қан майданға аттанып кетті» деп атам туралы айтып отыратын. Сол шақыру қағазы келгеннен кейін менің атам ұлы, яғни менің әкем Кенжебекті ертіп Тереңөзекке барған. Ол кезде менің әкем 10 жаста болған екен. Аудан орталығына барғаннан кейін қатарластарымен эша­онға мініп, әскер қатарына алынады. Оларды Ақтөбе қаласына апарып, сол жақта 136 атқыштар дивизиясы жа­сақталады. Соның құрамында бір ай жат­тығудан өтіп, сұм соғысқа аттанған. Менің атам Волков майданына қатысқан. 1942 жылдың 2 қыркүйегінде соғысқа кіріп, 9 қыркүйек күні қаза тапқан, – деді жауынгер ұрпағы.

М.Дәдікбаев қан майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерді іздеп табу әкесі Кенжебек Аяповтың арманы болғанын жеткізді. 2002 жылы өмірден өтемін дегенше ұрпағына атасын іздеп табуды ескертіп отырады екен. Соған орай Марат Дәдікбаев жыл сайын Ресей мемлекетіндегі елшілікке хат жолдап отырған. 2008 жылдары Подольскідегі Ресей Қорғаныс министрлігінің архи­ві цифрландыруға байланысты ашылға­нынан хабардар болып, ол жақтан да жауынгер туралы сұрау салдырған. Ал 2011 жылы соғыста қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен 13 млн жауынгердің тізімі жарияланыпты. Солардың ішінен Дәдікбай Құлтасовтың есімі де бар екен. Дегенмен жауынгердің қай жерге жерленгені белгісіз болған.

Іздестіру барысында жауынгер ұр­пақтары «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестік өкілдерімен жолыққан. Нақ­тырақ айтқанда, қоғамдық бірлестік мү­шелері Қызылордада арнайы кездесу ұйымдастырып, хабарсыз кеткен сарбаздар іздестіріліп жатқаны туралы құлағдар етілген. Сол кездесуде М.Дәдікбаевтың Шаған ауылында тұратын Тұраш деген жеңгесі сырдариялық жауынгер туралы айтқан. Содан жақында жақсы хабар жетіп, Ленинград табанында Дәдікбай Құлтасовтың мәйіті табылған.

– Бұл хабарды 20 қыркүйек күні естідім. Содан қоғамдық бірлестік өкіл­дерімен кездестік. Енді атамның мәйітін туған жерге жеткізу қарекетін жасаймыз. Бұйырса, өзі туған жерге апарып, арулап көміп, Құран бағыштайтын боламыз. Осы жұмыстарға мұрындық болған қоғамдық бірлестік өкілдеріне шынайы алғысымды жеткіземін, – дейді М.Дәдікбаев.

Біз жауынгердің ұрпақтары туралы сұрағанымызда, Д.Құлтасовтың екі ұлы болған. Біріншісі Кенжебек болса, екін­шісінің есімі белгісіз және жауынгер майданға аттанғаннан кейінгі 2 жылдан соң бақилық болыпты. «Әкем ол кісі туралы көп айтпайтын» дейді дербес зейнеткер М.Дәдікбаев.

Ал Кенжебек Аяповтан 4 ағайынды тарайды. Үлкені Әлия бүгінде Байқоңыр қаласында тұрады. Одан кейінгісі – Қожабек Дәдікбай. Бұл кісінің есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан, Шаған ауы­лын рес­публикаға танытқан білікті бас­шы, іскер ұйымдастырушы бола біл­ген. Өмірден өтсе де бүгінде ол кісінің есімі мақтанышпен айтылады. Аға­йындылардың үшіншісі Марат Дәдік­бай да елге белгілі тұлға. Баспасөз сала­сында өзіндік қолтаңбасы бар қарымды қаламгер ақпараттық салада, одан бөлек «Қазақстан Күріш одағы» заңды тұлғалар қоғамының атқарушы директоры, «Рауан» баспа үйі» ЖШС-нің ком­мерциялық директоры, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен ат­қар­ған. Бүгінде құрметті зейнет демалысына шығып, Астана қаласында тұрады. Ал әулеттің ең кенжесі Жанат Дәдікбай Қызылорда қаласында.

Осындай өсіп-өнген әулет бүгінде ата­ларының мәйіті табылып, туған жер топырағы бұйыратынына бек қуанышты екендіктерін жеткізді. Біз де бейбіт өмір үшін жан пида еткен сырдариялық жауын­гердің туған жерге ертерек жет­кізілуіне тілекшіміз.
Ердос БЕРКІНБАЕВ
24 қыркүйек 2022 ж. 611 0