Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жат жерде қалған жауынгер

Жат жерде қалған жауынгер

Жақында редакцияға Нұр-Сұлтан қаласынан хат келді. Хатта еңбек ардагері Романқұл Дос­жан Сырдария аудандық комиссариат арқылы қан майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен әкесінің інісі Көшен Қыздарбеков туралы жазыпты. Майдангерді іздестіру нәтижесінде ол туралы толық мәлімет табылғанын айтып, Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы қарсаңында бір боздақтың есімі анықталғанын сүйіншілепті. Осыған байланысты еңбек ардагерінің мақаласын жариялауды жөн көрдік.
Кешегі 1941-1945 жылдары өткен Ұлы Отан соғы­сында қол жеткізген Жеңісімізге 75 жыл толғалы отыр. Бұл кескілескен қанды-қырғын соғыстың зардабын көрмеген отбасы жоқ шығар. Оның әр жанұяға әкелген қайғы-қасіретін айтып жеткізу қиын. Біреуі әкесінен, аға-інісінен айырылса, енді біреулері жарынан айырылып, қаншама жастар қыршын кетті. Сондай отбасының біреуі Досжан Қыздарбеков әкемнің отбасы деуге болады.
Әкемнің інісі Көшен Қыздарбеков 1942 жылы 10 қаңтарда Сырдария аудандық комиссариат арқылы осы ауданның «Кооператор» колхозынан (9 ауыл) майданға кеткен. 1943 жылы тамыз айында Ленинград қаласын қорғауда хабар-ошарсыз кеткен.
Ағамыз туралы бұл деректі 1999 жылы облыста шыққан «Боздақтар» кітабының қосымша томынан бірінші рет білдік. Кітапта: «Көмен Қыздарбеков – қызыләскер, бұрынғы №9 ауылдық кеңесте 1909 жылы туған, білімі бастауыш, колхозшы, Сырдария АӘК арқылы 1942 жылы майданға аттанып, атқыш ретінде соғысқа қатысқан, 1943 жылғы тамызда Ленинград қаласы үшін болған шайқаста хабарсыз кеткен, (ІҚАІЖБҒЗИ, түбір)» – деп келтірілген. Есімін қате жазыпты. Бұл деректер 1947 жылы 9 желтоқсанда Қызылорда қалалық әскери комиссариатының Мәскеуге жіберген сержанттар мен қатардағы жауынгер шығындары деген №2/0551 құпия хабарламасында келтірілген екен.
Кезінде әкеміз інісі туралы тіс жарып ештеңе айтпайтын, айтпай кетті де. Себебін кейін білдік, бұл деректерді құпияландырып тастаған екен. Соғыстан кейінгі уақыттардағы іздестірулерден еш нәтиже шықпады. Досжан әкем інісі туралы ештеңе де білмей, 1975 жылы бұл дүниеден озды.
Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары Ресей Феде­рациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық архиві Ұлы Отан соғысына байланысты көптеген материалды «құпия грифін» алып тастап, ғаламторда жариялай бастады. Іздестіру барысында К.Қыздарбеков туралы екінші дерек шыққан екен, оны 2017 жылы 9 мамырда ғаламтордан («Память народа», ОБД «Мемориал» сайттары) таптым.
196 дивизияның 1944 жылы 10 наурыздағы Мәскеуге жеке құраманың шығындары жөнінде жіберген дерегінде (орыс тілінде): «Аты-жөні «Коздарбеков Кушен – қызыләскер, 1917 жылы Ақтөбе облысы, Сырдария ауданы, «Кооператор» колхозында туғаны, Свердлов облысы Кирпин АӘК арқылы майданға кеткені, 196 атқыштар дивизия құрамында соғысқаны, 1944 жылы 10 ақпанда қаза тапқаны, алғашқы жерленген жері – Стража поселкасы, Полнов ауданы, Ленинград облысы» екенін жазған. Бұл дерек әкемнің інісі екеніне еш күмәнім болған жоқ, қуанышым мен өкінішім қатар келді. Марқұм әкем інісінің соғыста ерлікпен қаза тапқаны туралы деректі білмей кетті. Енді бұл деректегі інісінің туған жылы мен туған жерін, майданға алынған жерін анықтау керек болды. Осыған орай 14 мемлекеттік және бір қоғамдық мекемеге сұрау салып, хат жаздым. Арасында бірнеше рет электронды поштамен хат жазуға, телефонмен қоңырау шалуға да тура келді.
Қызылорда облыстық архивінен 1940-1942 жылдарғы Сырдария ауданы Интернационал ауылдық кеңесінің («Кооператор» колхозы) Досжан әкемнің отбасына ашқан парақшасы табылып, онда інісі Көшеннің 1942 жылы майданға кеткені, жасы шамаман 1917 жыл екені жайлы деректер бар екен. Свердлов пен Ақтөбе облыстарының мекемелері облыс көлемінен бұндай азаматтың майданға жіберілмегенін растады. Дивизия хатшысы інісінің деректерін жазғанда қателескен болуы керек.
Псков (бұрынғы Ленинград облысының терри­ториясы) облысы Гдов (бұрынғы Полнов) ауданы «Полнов ауыл тұрғындары» әкімшілігі қазір Стража поселкасының жоқ екенін, ол жердегі соғыс кезіндегі жерленген жауынгерлерді, кейін іздестіру барысында табылғандарын қасындағы Ямм селосындағы бауыр­ластар зиратына қайта жерленгенін хабарлады. Осы деректерді бір жылдан аса тиісті орындарға сұрау салып, анық-қанығына жетіп, әкемнің інісі екеніне көзімді жеткіздім.
Алған деректерім бойынша, Псков облысы Струго-Красненск аудандық біріккен әскери комиссариаты мен «Полнов ауыл тұрғындары» әкімшілігіне Ямм селосындағы бауырластар зиратындағы гранит тақтаға Көшен Қыздарбеков ағамның есімін енгізуді сұрап хат жаздым. 2018-2019 жылдары бұл әкімшіліктен электронды поштамен үш хат алдым.
Берген жауаптары қуанышты хабар әкелді. 75 жыл бойы белгісіз болып келген Көшен ағамның есімі қайта жаңғырып, барша халыққа белгілі болатын болды.
Әкімшіліктің хатында 800-ден аса жауынгердің аты-жөнін анықтап, жеңістің 75 жылдығына есімдері жазылған гранит тақта қоятынын жазыпты және маған алғысын білдіріпті.
Әкімшілік кейінгі хатында, әкемнің інісінің аты-жөні гранит тақтаға жазылғанын айтып, оның суреттерін жіберіпті. Мен де әкімшілікке алғысымды айтып, хат жазып жібердім.
Міне, 75 жылдан кейін Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Сыр елінің бір боздағының мәңгілікке орын алған жері белгілі болды.
Көшен Қыздарбеков майданда 196 Гатчин Қызылтулы атқыштар дивизиясы 893 атқыштар полкінің құрамында соғысқан.
196 атқыштар дивизиясы (2 құрылымы) 1941 жылдың 20 желтоқсанынан 1942 жылдың 24 сәуірі аралығында Соль-Илецк (Орынбор облысы) қаласында Орынбор, Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан және Қазақстанның басқа да облыстарының тұрғындарынан жасақталған. Дивизияның 80 проценті қазақтардан тұрған. 1944 жылғы соңғы дерегінде дивизияда 200-дей қазақ болған екен.
Ағамыз 196 атқыштар дивизиясының құрамында (893 атқыштар полкі) Ұлы Отан соғысының шешуші шайқастарына қатысқан. Ол Сталинград шайқасына, Ленинград қаласын қорғауға, Синявск биігіндегі шайқасқа, Ораниенбаум плацдармында, Гатчино қаласын босатуға қатысқан. Сталинград шайқасында дивизиядан небәрі 500 жауынгер ғана аман қалған.
196 атқыштар дивизиясының соғыстағы жауынгерлік қимылы журналында 893 атқыштар полкінің бір ба­тальоны 1944 жылы 9 ақпанда Стража поселкесін немістерден босатқан.
10 ақпанда Гдов-Псков темір жолының Стража, Кз., Лесн., (7664) учаскелерін әрі қарай ұстап тұрған, ол Ямм бекеті маңында қорғаныста тұрған жауларды құртуға үлкен септігін тигізген.
Стража поселкасы маңындағы ұрыста, 1944 жылы 10 ақпанда қасындағы жүзден аса жауынгермен бірге Көшен ағам да ерлікпен қаза тапқан. Олардың ішінде Гурьевтен Ахмурдин Бейсембай (негізі Ахмурзин), Қостанайдан Кабанов Григорий Васильевич есімді отандастары бар.
Бұйырса, Көшен ағамның зиратына барып, тағзым етіп, туған жерінің бір уыс топырағын саламын деген шешімім бар.
Досжан Қыздарбеков әкем, өзі де 1942-1945 жылдары еңбек армиясының қатарына алынып, Мәскеу облысы Скопин ауданы «Октябрьскуголь» трестіне қарасты шахтыда жұмыс істеген. 1926 жылы баласы Абызбай Досжанов та 1944 жылы күзде майданға алынып, Ленинград қаласындағы Ішкі істер жөніндегі комиссариаты әскерінің қатарында болған.
Сөзімді қорытындылай келе, мұндай алапат соғысты ұрпағымыз көрмесін, елімізде тыныштық, ортамызда бірлік, береке болсын дегім келеді.

11 ақпан 2020 ж. 920 0