Киіз үй – ежелгі сәулет өнері
Ақ үй, ақ орда, боз үй – киіз үйдің безендірілуін ерекшелейтін атау. Бұл – ежелден ата-бабамыз мекендеген баспананың қонаққа арнап тігетін киіз үйі. Жалпы, қазір біз көріп жүрген киіз үй дәл сол қалпында пайда болмағаны анық. Ол адамзаттың тұрмыс-тіршілігінің пайда болуымен қатар дамудың әртүрлі кезеңіне сай жетілдіруінің нәтижесі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, көненің көзі саналатын киіз үй туралы, құрылымы мен пайдалану ерекшеліктері жайында айтатын боламыз.
Негізінен, мал шаруашылығымен айналысқан Орта Азия елдерінің халқының баспанасы саналатын киіз үйдің төрт түрі бар. Олар жаз мезгіліне арналған киіз үй, мереке-тойға арналып тігілетін киіз үй, жорық кезінде тігілетін киіз үй және қойма немесе асхана ретінде пайдаланатын киіз үй. Әр киіз үйдің атауына сай өз жабдықтары да болады. Мәселен, жас жұбайлардың отау үйінің жасауы сәнді келеді. Жиһаздары да ою-өрнекпен безендіріліп, қымбат ағаштан арнайы ұсталардың қолынан шығады.
Қазақтың ежелгі сәулет өнері саналатын киіз үйдің ең әдепкі құрылысы бірнеше сырықтың басын қосып, буып, күрке іспеттес болған баспананы айтуға болады. Келесі сатысы – сырықтардың басын қосып бумай, оны шығыршыққа өткізіп қоюы. Кейін көшпелі халық сырықтың ұшын әр жерден арнаулы тесік жасалған дөңгелекке кигізген, яғни қазіргі шаңырақтың қарапайым түрі пайда болған. Жетіле түскен күрке бұрынғысына қарағанда әлдеқайда кең әрі биіктей түскен. Келесі кезеңде осы күркенің сырықтары жоғарғы және төменгі бөліктерден тұрды. Осылайша, уық пен керегенің негізі қаланған.
Ғасырлар бойы осындай киіз үйді паналаған көшпенді халық тұрмысына ыңғайлы болғандықтан ең қолайлы баспана болып қалған. Жылдың төрт мезгіліне, ауа райының барлық жағдайына төтеп беретін баспананың артықшылығы өте көп. Киіз үйдің ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасуы да талапқа сай, жел-дауыл тұрғанда көп шайқатыла қоймайды. Өзінің беріктігімен мықты баспана болған. Күмбез болып келгендіктен жауын-шашын өтпейді әрі жинап, қайта тігу де қиындық соқтырмайды. Ыңғайлы баспананы жаугершілік заманда сарбаздар өздерімен алып, қолданып жүрген.
Киіз үйдің негізгі бөліктері мен жасалуына тоқталатын болсақ, негізгі қаңқасын – сүйегі дейді. Олар кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық. Киіз үйді жасайтын ұсталар үйдің сүйегін жасайтын «үй ағаштарын» кемі алты ай бұрын дайындайды. Қабығын аршымай бабымен кептіріп арнайы морға төсеп, балқытқаннан кейін тезге салып, ысқаурынмен қысып түзетеді немесе қажетті қалыпқа келтіріп иеді. Иілген киіз үй ағаштарын арнаулы үлгідегі ырғаққа салып қатырады. Ырғақтан шыққан ағаштарды жоңғымен қабығын аршып, жонып, қырнауышпен қырнайды. Уықтың бүгілі мен керегенің бас жағына сай-сай етіп сызық салады. Мұнан соң кереге желісіне көк өткізілетін жерге белгі – дембі салып, үскімен тесіп, қайыспен көктейді. Яғни, түйенің иленбеген мойын терісінен жіңішке етіп тілген таспаны өткізіп түйіндейді.
– Кереге киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Керегенің әр ағашын желі, ал керегелік желінің ең ұзынын – ерісі, қысқалауын – балашық, ең қысқасын сағанақ деп атайды. Бір керегеде 14 ерісі, 9 балашық, 9 сағанақ болады. Керегенің көктеліп біткен әр бөлігін қанат деп атайды. Қанат саны үй көлеміне қарай көбейе береді. Екі-үш қанаттан бастап, отыз қанатқа дейін. Қазіргі жасалып жүрген киіз үйдің кереге желісінің ерісі 2 метр, балашығы 1 м 80 см (ең ұзыны), сағанағының ең кішісі 30 см. Кереге желісінің айқасып көктелген, уық байланатын жері керегенің басы деп аталады. Киіз үйдің үлкен не кіші болуы осы кереге басының санына байланысты. Кереге жасалуына қарай желкөз, торкөз болып бөлінеді. Керегенің бас санына қарай уық саны да азайып, көбейіп отырады. Желкөз керегенің көзі үлкен, арасында бір желі көктелмей бос қалдырылады. Мұндай кереге жазылғыш келеді. Торкөз керегенің көзі тар, жұдырық сыймайтындай болады. Кереге желісін көктегенде бос қалдырылмайды. Мұндай кереге аса көп жазылмайды, тұтынуға төзімді, – дейді қолөнер шебері Жәнібек Маханбетұлы.
Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол Сыр талынан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді. Оны уықтың иіні дейді. Уықтың жоғарғы түзу жағын қары, шаңырақ көзіне сұғынатын төрт қырлы ұшын қаламы деп атайды. Уықтың кереге басына байланатып жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау дейді. Киіз үй уықтарының ұзындығы 2 метрден келеді. Сонымен қатар негізгі бөлігі саналатын шаңырақ – киіз үйді тұтастырып тұратын шеңбер тәріздес жасалады. Оны көбіне тораңғылдан, қайыңнан иіп, қоспаларын жалтырауық металмен құрсаулайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңбері тоғын деп аталады. Оған уық салынатын төрт қырлы көз – қаламдықтар теседі. Шаңырақ тоғынының үстінен түндікті көтеріп тұру үшін және киіз үйдің төбесіне жауын-шашын кірмеуіне 45 градус шамасында айқастыра бекітілген ағаштарды күлдіреуіш дейді. Күлдіреуіш арқылы үйге жарық түсіп, түтін шығады.
Сықырлауық – киіз үйге кіріп шығатын есік. Ол табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттен құралады. Екі босаға мен маңдайша үлкен өрнектермен оюланады, есіктің беті нәзік өрнекпен немесе металмен қапталады.
Киіз үйдің әбзелдері пісірілген киізден жасалады. Киіз күн сәулесін және жаңбырды өткізбейді әрі жылуды сақтайды. Киіз үйге сән беру үшін ою-өрнекпен безендіріледі. Киізден жасалатын әбзелдер туырлық, үзік, түндік, киіз есік болып бөлінеді. Туырлық – керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, үзік – кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты, түндік – шаңырақты, киіз есік – сықырлауықты жауып тұрады. Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұстастыру, сыртқы әбзелдерін бастырып тұру мақсатында бау-құрлар қолданылады. Олар таңғыш, бас арқан, белдеу, шалма, желбау, басқұр, туырлық бау, үзік бау. Киіз үйді тіккенде бақан пайдаланады. Шаңырақты көтеріп тұруға арналған бақанды майыспайтын, мықты, түзу ағаштан жасайды. Ертеде киіз үйдің шаңырағын қарулы жігіттер ат үстінде тұрып бақанмен көтерген.
«Шаңырағың биік болсын», «Босағаң берік болсын» деген ақ тілектер – сонау ежелгі ғасырдан бері айтылып, қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан бата-тілектер. Мұның түп-төркіні осы біз айтып өткен киіз үйден бастау алатыны анық. Сондықтан ұлы халқымыздың қасиеті мен сәні саналған сәулет өнері киіз үй ұрпаққа мұра болып қала бермек. Оның кейінгі толқын білуі тиіс.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ