Ою-өрнекте мыңжылдықтың сыры бар
Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан көз жауын алатын ою-өрнектерді көріп, оның мағынасы туралы ойға қалмау мүмкін емес. Қазақ халқының қолөнерінде өзіндік ерекшелік, қайталанбас мағына бар. Себебі, қай ою-өрнекті алып қарасаңыз да оның мыңдаған жылдық тарихы бар екенін түсіну қиын емес. Дана халқымыз осы ою-өрнектер арқылы табиғаттың тылсым құпиясынан сыр шерткен.
Ежелгі заман дәуірінде дүниеге келген ою-өрнектердің ең көнесі ретінде ру немесе тайпа таңбасын қарастыруға болады. Таңба әрбір рудың, әулеттің белгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа берілген. Қазақ халқымыз ру таңбасын малына пайдаланған. Таңба салу, ен салу арқылы өз руына тиесілі мал екенін білдірген. Мұндай дәстүр халқымыздың көшпенді салтына сәйкес қолданылған. Мыңдаған бас малдың кең далада еркін жайылып жүруіне, бір-бірінен ажыратуына осы таңба себеп болған, яғни сол арқылы малдың егесін білген.
Сонымен қатар, түрлі қазба жұмыстары кезінде табылған түрлі тұрмыстық құралдар, дөңгелек, төртбұрыш, үшбұрыш тәрізді, жануарлар мен құстың белгісі бар заттар олардың таңба үшін қолданылғанын айғақтайды. Әсіресе, үшбұрыштың көптеп кездесуі оның мағынасының мәнділігінде жатса керек. Яғни, үшбұрыш табиғаттың үш дүлейі саналатын су, жер және ауаны тұспалдаған.
Тұрмыстың барлық салтында қолданылған ою-өрнектерді де бесік жасағанда да қолданған. Мұнан басқа сәбидің иткөйлегінен бастап, өсе келе күйеу жігіт пен қалыңдықтың той көйлегіне де оюдың сан түрін салып тіккен. Жалпы, адамның тұрмыс-тіршілігінде қолданылатын барлық затта киіз үй, көрпе-жастық, киім-кешек, қару-жарақ т.б. барлығы дерлік оюмен сәнделген. Мұның себебін ою киімді сәнді етумен қатар, ол көз тиюден сақтайды деген сенім болған. Ал мал шаруашылығында зұлым күштен қорғайды деп ырымдаған. Сондықтан ат әбзелдеріне оюды көптеп салып, сәйгүлікке жылдамдық, адамға сәттілік әкеледі деп сенген.
Қолөнер шеберлері оюды кез келген матаға оймаған. Байлықтың белгісі ретінде алтын мен жақұтқа, інжу мен күміске – әділдік пен шыншылдықтың, маржанға – қуаныштың, ақыққа – сенімнің, мөлдір топазға – тазалықтың белгісі ретінде қолданылған. Шеберлердің айтуынша, оюды ою нағыз есеп дейді. Әрбір ою-өрнекті ойғанда дәлдік пен симметрия заңына сәйкес негіздейді. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі өзбек, қырғыз өрнектеріне қарағанда өзгеше. Мәселен, өзбектікіне қарағанда қазақтың өрнегі ірілеу келеді, әрі иректі болады. Мұнда түс үйлесімдігі де үлкен мағынаға ие. Қызыл мен ақ, ақ пен қара, сары мен қоңыр өзара үйлесімді келеді. Мұндағы ақ түс – жарық пен тазалықты меңзесе, қызыл түс – өмір мен құштарлыққа баланған. Дәстүрлі түстер де қолданылған. Олар көк – аспан, қара – жер, сары – кемеңгерлік, жасыл – көктем. Қазақта көк пен жасыл түсті бір ауызбен «көк» деп атағаны белгілі. Әрбір түстің мағынасы болған. Ақ – тазалық пен киелілік, қызыл – күн шапағы, гүлдену, жасыл – жаздың белгісі.
Жалпы, ою-өрнек латын сөзінен аударғанда «белгі, әшекей» деген мағынаны білдіреді. Ғалымдардың пікірінше, өнердің ішіндегі ең көнесі. Ою-өрнектердің арасында ең көп таралғаны – қошқар мүйіз. Бұл ою баршылықты, жайлылықты білдірген. Сонан соң қос мүйіз, сыңар мүйіз, т.б. Көшпенділер үшін қошқармүйіздің көптеп қолданылуы қой төлімен байланысты. Қой – киелі жануар, өмір сүрудің қуаты мен молшылықтың нышаны. Ең таза мақұлық саналатын малға үлкен мән берген, сондықтан көбіне адамдар құрбандыққа қойды таңдаған.
Сонымен қатар, қаратұяқ, ашатұяқ, құсмұрын, құсқанат, түйетабан өрнектері киім кешекті әсемдеуге қолданылады. Ата-бабамыз осындай ою-өрнегі бар киім тылсым күштен, төтеннен келетін қауіптен қорғайды деп сенген. Осы оюмен мойын, жаға, жең, бөлшектердің байланысатын тұстарын әсемдеген. Мәселен, түйетабан оюы бар киімді ұзақ сапарға шыққанда кисе, құсмұрын, құсқанаты – бақыт, бостандық, тәуелсіздіктің белгісі ретінде қолданған. Қазақ қыздары құсмұрын жүзік тағып, шынжырлы білезікті сәнге айналдырған.
Әшекей бұйымдарда шеберлер бөріқұлақ оюын қолданса, тұлпар бас, түлкі бас оюын тұскиізге салған. Сондай-ақ, өсімдікке гүл мен шөпке үлкен мән берген. Оларды азық және дәрі-дәрмек ретінде пайдаланған. Жауқазын гүлі мен жапырақтарды оюға салған. Балдақ деп аталатын оюдың түрін де көп қолданған. Аңға шыққанда балдақ алып шыққан. Балдақ құсты алып жүруге ыңғайлы аша таяқ секілді, «Г» әрпіне ұқсайды.
Сондай-ақ, ұлттық нақыштағы ою-өрнекті ата-бабамыз киіз үйде қолданған. Киіз үйге кірген адам тура ою-өрнек әлеміне енгендей сезімде болады. Киіз үйдегі әрбір зат өз мағынасында, әрі үй егесінің өнерінен сыр шерткен. Киіз үйдің «уықбау», «туырлықбау», «үздікбау», «басқұр» бұйымдары көзге әдемі көрініп тұрады. Олардың әрқайсысы киіз үйдің маңызды бөлшегі ретінде құнды. Әсем бауларсыз киіз үйді құрастыру мүмкін емес. Оның жабулары мен ішіндегі кілемдерінің өзі көрме секілді үйлесімді келеді.
Бір сөзбен айтқанда, ою-өрнектер ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылық. Оны көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.
Бибісара ЖАНӘЛІ