КИІЗ БАСУ ӨНЕРІ ҰМЫТ БОЛЫП БАРАДЫ
Қазақ қол өнерінің өзге ұлттан ерекшелігінің негізі болып киіз басу өнері саналады. Қазір заман ағымына қарай тұрмыс тіршіліктің өзгеруіне байланысты киіз басу өнері кенже қалып барады. Киізді, оның түрлерін соңғы кезде арнайы көрмеден немесе мұражайдан көретін болдық. Ал, сән-салтанатпен жабдықталған киіз үйді тек қана Наурыз мерекесі күні орталық алаңнан тамашалаймыз. Былайғы күні бұл дәстүрді ұлықтап, ұстанып отырған ауыл халқының да сиреп бара жатқаны рас. Соның бірі ретінде киіз басу дәстүрін, оның қалыптасу тарихы мен киіз басу барысы жайлы тарқатып айтуды жөн көрдік.
Киіз басу дәстүрі қашан қалыптасқан?
Көшпелі қазақ халқының баспанасы киіз үй болғаны белгілі. Көшіп-қонуға ыңғайлы, әрі қыста да, жазда да тұрмысқа ыңғайлы болған киіз үйдің негізі киіз болған. Сөз жоқ, киіз басу өнері көне заманнан бүгінге дейін жетіп отыр. Киіз басу да киіз үйдің тұрмысқа пайдалануға келуімен тұспа тұс келгені де анық. Тіпті одан бұрынырақ келген деуге де болады. Оған дәлел киіз үй біздің заманымыздан бұрынғы 3000 жылдықта пайда болды деген деректер бар. Тіпті кейбір деректерге қарап халқымыздың жүнді пайдаланып киіз басу, арқан, жіп есу, сияқты қолөнері тарихының әріден басталғанын көреміз. Бұл халқымыздың атадан балаға ерте заманнан бүгінге дейін жалғасқан тарихи тума мамандығы жайлы айтпақпыз.
Киізді халқымыз көшпенді тұрмысының барлық қажетіне жаратты. Мәселен, баспанасына жабынды, басына сая, еденіне төсеніш, үстіне киім, өлісін арулайтын, тірісіне сән – салтанат бағыштайтын аса қажетті тұтыну материалы болды. Халқымыз тарихтағы хандарын да ақ киізге көтеріп тағына отырғызған.
Киіз басу және ОҒАН қажетті бұйымдар
Киіз басу және ОҒАН қажетті бұйымдар
Дегенмен, киіз басу деген оңай орындала салатын іс емес. Ауа райына ыңғайлы мезгіл жаз айларын пайдаланып, машақаты көп жұмысты әйелдер атқарған. Күш пен шыдамдылықты талап ететін жұмысқа үлкен дайындықпен кіріскен.
Әжелеріміздің айтуынша негізінен қойдың күзем жүні таңдап алынады және уақыты келгенде қойды суға тоғытып алып, жүні тазарған соң қырқады. Қырқылған жүн іріктеліп алынып, сабауға жіберіледі. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау дайындап алу керек. Жүнді сабау тек ұру дегенді білдірмейді. Оның да әдісі бар. Сабаумен жүнді қопсыта ұрғанда, шаң – тозаңнан айырып, ұйысқан жері жазылып, желкілдеп шыға келеді. Міне, сол кезде ол жүн киіз басуға дайын болады.
Менің әжем Қаршыға Кенжебекова киіз басуға шебер болудың қажеті жоқ дейтін. Оны әрбір әйел білетіндігін айтып отыратын. Киіз басуға дайындық жүргізгенде алдымен малдың күзем жүнін, 4-6 қанат ақ ши, шабақтайтын сабаудың болуын және желсіз ашық күні асармен бітетінін айтатын.
Осы дайындықтар біткен соң жүн басатын отбасы тегіс әрі таза жер таңдап, шилерді екіден қатарлап төрт немесе алты шиге дейін екі-үш шиден жұптап біріне бірін жалғап көктейді. Шилердің ұзыны мен көлденең басылатын киізге жетерліктей етіп құрап алады. Сонан соң жасалатын бұйымның түрлеріне қарай қажет жүн таңдалып алынады.
Сонан соң жүн шабақтауға кіріседі. Туырлық үшін шиге алдымен кер қызыл жүн шабақталады. Сабалған жүнді киіз басатын шидің үстіне сабаумен көпіртіп бір тегіс жайып шығу жүн шабақтау делінеді. Жүн шабақтауға 2-3 әйел қатар отырып, жайылған шидің бір басынан 2-басына дейін жүнді шабақтап жайып шығады. Жүн шабақталып біткен соң бір басынан бастап осы қызыл жүннің үстінен 2-рет ақ жүн тартылады.
Шабақталған жүннің үстіне ақ жүн шүйгесін бір тегіс қатарлап үзіп жатқызып шығуды «жүн тарту» дейді. Ақ жүннің бір бөлігін алып, жұмырлап, шидегі шабақталған жүннің бір басынан бастап үстіне тартады, оң қолдың қырымен басып, сол қолмен шүйгіні үзіп алып, үзілген шүйгені қайта әлгі үзіліп тасталған жүннің қатарына салып, тағы да әлгіндегідей үзіп алу қимылын қайталайды. Осылай көлденең қатарды толтырып онан соң алдыңғы үзіліп қалдырылған шүйгенің, шетін бастыра тағы салып, үзіп, жүн тартылады. Бұл жүн тарту қимылы шабақталған жүннің үсті толғанша жүргізіледі. Жүн бір жері жұқа бір жері қалың болмай тегіс тартылуы керек. Сондықтан жүн тартатын адам ысылған адам болуы қажет. Жүн тартуды екі не үш әйел қатар отырып істейді. Өйткені жүн шабақтау, жүн тарту ісін бірнеше адам жабылып істеп тез бітірмесе, «үп» еткен жел де бұл жұмысқа кедергі болады. Жел ұшырмау үшін тартылған жүн үстіне сабау, жіңішке ағаштар бастырылады. Жүн шабақтап, жүн тартушылар басылатын киіздің шамасына қарай жүнді қалың, не жұқа етіп тегістеп отырады. Туырлық үзікке 6-7 см қалыңдықта жүн тартылады. Сырмақ киіздеріне 4см қалыңдықта жүн салынады. Ал үзік және сырмақ киізге асты-үстіне бірдей ақ жүн салынады. Сырмақ киізі жұқалау басылады. Астарлық киіздерге де кер қызыл жүн жұқалап қосылып басылады.
Жүндер тартылып болған соң ыстық су себіліп, жүн бастырылады. Суды әдетте төңкерілген шөміштің үстінен құю арқылы шашыратып себу керек. Немесе шүмегіне темір тесіктер орнатылған су бүріккіш құмандармен сепсе де тегіс себіледі. Су жүнге біркелкі сіңуі шарт.
Су себу барысында тағы бір адам су себушінің артынан ілесе, екі шилік көлемдегі жүнге бір қалта есебіндегі, төрт шилікке екі, алты шилікке үш қалта, тоғыз шилікке төрт-бес қалта тазартқыш ұнтақты жүннің үстіне тегіс шашып шығады.
Су шашып, тазартқыш ұнтақ салумен қоса, жүн тартылған шидің басына жүнге тигізбей, шиге орап екі ұшын шидің екі басына шығарып ұзын жіп салынады. Бұны «тізгін жіп» дейді.
Су себіліп, тізгін жіп салынған соң ши дереу шиыршықталады. Бұл жұмыс барысында да ыстық суды үзбей тегіс шашып тұру қажет.
Ши шиыршықталып болған соң екі басындағы тізгін жіптің ұшын бірін-біріне қосып мықтап байлап, одан басқа жіптермен де шидің белінен 3-4 жерден мықтап буылады. «Тізгін жіп» шиді ары-бері домалатқан кезде ішкі қабатының сыртқа шығып кетпеуінің алдын алады.
Шиді ары бері домалатуды арқанмен ғана істеуге болады. Арқанмен ары-бері тартып домалату-ыспалау делінеді. Бір шиге екі, немесе үш арқан белінен бір орап салынады да, бір арқанның екі ұшынан екі адам, үш арқан болса алты адам екі жаққа бөлініп, қарама-қарсы тұрып, шиді ортаға алып кезек-кезек өздеріне қарай тартады. Осылай кезек-кезек тартқанда ши ары бері домалап, жүннің бірігу барысын тездетеді.
Егер бір шилік жүн болса онда бір адам шидің белінен бір арқанды тұйықтап салып өзіне қарай домалатып отырады да, артынан 2-3 адам қатарласып шиді аяқтарынан теуіп шигерілейді. Бұл жүнді біріктіру үшін істеледі.
Киізден жасалатын тұрмыстық бұйымдар
Дайын киізден туырлық, үзік, түндік, текемет, сырмақ жасауға болады. Киізден жасалған бұйымдардың арасында өзінің қанық, ашық түсті оюымен текеметтер бірден көз тартады. Мұражайлар мен ауыл үйдегі көздің жауын алатын текеметтерден қазақ халқының киіз бен текемет басудан мол іс-тәжірибе жинақтағанын байқауға болады. Киіз дайын болғаннан кейін, оның бетіне түрлі боялған жүндермен қошқар мүйіз оюлардың неше түрі өрнектеледі. Киіз басу тәсілі бір болғанымен текемет бетіне ою салу әр жерде әртүрлі болған. Текеметке ою қойғанда сары түс пен қоңырқай түстің үндестік табуына ерекше мән беріледі. Жиекке түскен иірлер ортадағы негізгі ою-өрнекпен астасып, үйлесім табуы тиіс. Ою салынғаннан кейін киізді қайтадан шиге орап, киіз бен оның бетіне салынған ою-өрнектер бір-біріне қабысқанша, тағы да пісіріп алады. Текемет дайын болғаннан кейін оны күн көзіне жайып, жақсылап кептіріп алады. Осылайша текеметті бір күн ішінде басып шығаруға болады.
Текемет басу барысында ауыл әйелдерінің басы қосылып, әңгіме-дүкен құрады, сөз алмасып, қазан көтереді, көңіл шалқып, соңы той-думанға айналады. Көне заманнан келе жатқан әр ұлттың өз ғұрпына мән-мағына беріп, өмірдің әр күніне сән бере білген заңдылығы осы жерде айқын көрініс береді.
Киізден мұнан басқа бас киімдер, қазіргі кезде қыздардың сәнді жеңсіз камзолдары тігіліп жүр. Сән әлемінде ерекше сұранысқа ие жүн өнімдері, әсіресе киім үлгілері соңғы кезде ұлттық нақышта безендіріліп жүр. Сәнгерлер киіз басудың өзгеше, жеңіл, бүгінгі заманға сай тәсілін ойлап тапқан. Сондықтан бұрынғы киізге қарағанда қазіргі өнімдер барынша жұқа және өте тартымды болып келеді. Ол сондай-ақ кәде-сый жасауда көптеп қолданылады.
Б.ЖАНӘЛІ