Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың қазанаттай азаматы

Қазақтың қазанаттай азаматы

Ұлттың рухани болмысына, адамилық абзал қасиетіне қылау түсірмей өмірден өткен білікті басшы, білімді ұстаз, ақын Сейітмұрат Ембергенов көпшіліктің сый-құрметіне лайықты тұлға. Адамның ұлылығы – оның қарапайымдылығында, адам­шылығы – өзге жандармен қарым-қаты­на­сында. Алланың берген азын-аулақ ғұ­мырында Сейітмұрат аға ұрпақ өсіріп, ежелгі шығыстағы «сау дене, азат ақыл, адал көңіл – үшеуінен бақытты болады өмір» деген нақылға еңбек деген ананы, білім деген бұлақты қосып, адам ретінде де, азамат ретінде де артына үлкен өнеге қалдырды.
Ойының тереңдігімен, ықылас-пейілінің ке­мел­­дігімен, өз жұмысын құлай сүю, өзгенің тағ­дырын құрметтеу деген қасиеттерімен ағай мен үшін де жаратылысы ерекше жан еді. «Көргені көп көш бастар» деген емес пе аталарымыз?! Көргені мол, жөн білетін пайымды жан бүгінімен шектелмейді, ертеңді ойлайды. Ертеңге баратынның бәрі қасиетті болуға тиіс. Ол – бірлік, ынтымақ, сыйластық, бір-біріне де­ген шынайы жанашырлық сезімі, адамның адамгершілік қасиеті болмақ.
Ағадан – ақыл, ініден – ілтипат. Біз аманат арқалаған ұрпақпыз. Айтпаса сөз атасы өледі, көрген көз, естіген құлақ елемей өтсе жақсы адамның жақсылығы да қаза болып кете бермейді ме? Сейтмұрат ағамыз: «Менің қолымнан кемеңгерлік келмейді. Бі­рақ кемеңгерліктің үлкені ауызбіршілікті ұлық­­таймын. Халық – ұлы күш. Оған керегі ты­ныштық, алаңсыз өмір сүру, еңбек ету, ұр­пақ өрбіту. Мен бір асуға шыға қалсам, аз ғана жетістікке жете қалсам, бір биіктерді ба­ғындырсам, онда бұның бәрі Алла Тағаланың, ата-баба әруақтарының қолдағандығы, қасиет­ті сұлу Сырдың бойындағы туған жерімнің, хал­қымның шапағаты дарығаны, сол елдің киесі, жердің киесі мен желеп-жебеп жүргені деп білемін. Өтемеген қарызым да, парызым да көп. Келер ұрпаққа өнеге көрсетіп өтсек, сонда ол аз да болса өтеледі. Ендігі жерде бабаларымыз, әке-шешелеріміз, өзіміз көрген қиындықтар, қилы замандар ұрпақтың басына келмесін, айналып өтсін....» деп отыратын.
Адам қанша өсіп, биіктесе де өскен жер, кіндік қаны тамған топырақты ұмытпауы керек. Ұмытпай елінің жақсы атағын шығарып жүрсе, лайықты ұрпақ болғаны. Туып-өскен топырақтың ауасы, суы, дәмі адамға қандай қуат берсе, оның жақсы адамдарының ықы­лас-пейілі де соншалықты күш-жігер береді екен. Адамдарға деген ыстық сезімді де, сый­ластықты да сыйлайтын – туған жер. Шыр етіп дүние есігін ашқанда солардың бәрі-бәрінің өскен дәнегі сәбидің бойында қалады. Кейін оның қалай дамуы әркімнің өзіне байланысты болып шығады.
Жан дүниесіне жанашырлықты ұялата біл­ген өреннен өркенді азамат шығады. Мен осы қасиеттерді Сейітмұрат ағаның жан сарайынан түгел тапқандай едім.
Кемел ойдың кемеңгер жазушысы Ә.Кекіл­баевтың «Анадан мейір, ағайыннан ықылас, қатардан қадір, халықтан мерей көрген қай азаматтың өнерсізін, өнегесіздігін, пысық­тығы мен жасықтығын көрдің!? Сүйекке барар нәрді жұлын арқылы, етке барар нәрді тамыр арқылы дарытқан құдіреті күшті табиғат жүрекке барар нәрді ауа да емес, су да емес көңіл арқылы дарытқан» дегеніндей, Сейтмұрат аға екеуміздің арамыздағы қызмет бабындағы та­ныстықтан басталған үлкен сыйластықты, та­тулықты, ағалы-інілі бауырластықты, кө­ңіл атты ал­тын көпір жал­ғастырғандай бола­тын. Ақыл адам рухына қажеттіні, яғни керегін сұ­рыптап алады. Мен де Сейітмұрат ағаның ыс­тық пейілінен, жақсы өнегелерінен, ақыл ке­ңестерінен, адами қасиеттерінен көп нәрсені көңілге тоқыдым, ойыма түйдім, рухани қа­зынамды молынан толықтырдым деп айта аламын.
Адамдар бір-біріне жанашыр, бір-біріне қамқор болғанда жарық дүние жұмақтай көрі­неді екен. Осы бір тылсым сырдың құпиясында аға арқылы сезінгендеймін. Қазақта «өліге деген құрмет – тірілер үшін» деп айтылған дана сөз бар. Дүниеде не мәңгілік дейсің? Дүние тұрғанша өлмейтін, өшпейтін жақсының артына қалдырған сөзі, жасампаз игі істері болмақ.
С.Ембергенов қырқыншы жылдардың со­ңында Қызылорда педагогикалық учили­щесін, он жылдан кейін педагогикалық инс­титутты бітіріп, он бес жылға таяу ұстаздық қыз­мет атқарды. Одан кейінгі бес-алты жыл партия қызметінде, сосынғы ширек ғасыр уа­қыты мәдениет саласымен байланысты. Он екі жыл үзбей аудандық мәдениет бөлімін бас­қарды. Аудандық тарихи өлкетану музейін ұйымдастырды. Қай салада жүрсе де өзінің алғаусыз көңілімен, шыншылдығымен, сабырлы мінезімен айнала­сындағыларды баурай біл­ді.
Өзінің саналы ғұмырында ол өз оқыр­ман­дарына «Өмір өрнектері», «Үлкеннен ұлағат», «Мен Асқар ауылынанмын», «Мәңгілік ізін қалдырған», «Ізгілік иірімдері», «Тағылым» және «Имандылық иірімдері» атты кітаптарын ұсынды. Тағы айта кетерлігі, оның таңдаулы шығармалары «Сырдария кітапханасына» ен­гізілді. Халқына қалаулы, еліне елеулі бола білген Сейітмұрат Ембергенов өзінің ұзақ жылғы еткен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» ор­денімен, «Еңбек ерлігі үшін», «Қазақстанның 10 жылдығы» мерекелік медалімен және жер­гілікті атқарушы органдардың «Құрмет грамоталарымен» марапатталады. Туған жерінің әлеуметтік-мәдени саласында үлкен үлес қос­қан абзал азаматтың еңбегі бағаланып, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Әрине, менің айтайын дегенім, оның еңбек жолы, басшылық қызметі, не болмаса шыққан кітаптарының, ондағы өлеңдерінің мәні мен маңызы емес-ті. Оны қажет еткен адам өзі іздестіріп, тарихты екшеп, тауып та алады. Мен келместің кемесіне мініп кеткен абзал аза­маттың жан дүниесіне өшпес із қалдырған ұзақ сонарлы өмір жолының бүтін бір дәуірін таныс, бейтаныс адамдарға таныстыра келе, қанша қиындықты көрсе де болмысын өзгерт­пеген, «тағдырым не берсе де көтеремін» дейтін нағыз ердің өмір жолын ұрпағына үлгі ету.
«Біз қиындық дегеннің не екенін көрдік қой. Біз олар үшін көріп біттік... Келер ұрпаққа жақсылықтар мен сәттіліктер ғана қалды. Олар бақытты болуға тиіс. Тәуелсіз елдің еркін де еңселі ұлдары болуға тиіс» деп ағынан жа­рылуының арғы жағында терең сыр жатқанын да кейін білдім.
Кезінде оның замандасы Болатбек ағай: «Үш бірдей әке мен шешенің тартысына түсіп, тағдырдың тәлкегін жеңе білген, ақыр соңы зор бақытқа кенелген Сейітмұрат бұ дүниенің тарпаң басқан байларының ең зоры» дейтін. Алғашқыда оншалықты мән бермесем де кейін сұрастыра келсем, шындығында да солай екен. «Ол қалай болған еді?» деген сұрақ сізді де еріксіз мазалауы мүмкін. Айтар ауызға жеңіл болғанымен, Сейітмұрат ағаның өзі ол хикаяны еске алуға құлықты емес-ті. Дегенмен де шындықтың аты шындық, ол ешқашанда қап түбінде жатпақ емес. Шыңыраудың түбіндегі шындықты басынан бастағаным жөн болар.
Өмірге 1931 жылы Мұнарбаевтар отбасында келген баланың көрер бейнеті алдында екен. Ашаршылық нәубеті, репрессия, кешегі Ұлы Отан соғысы қазақтың қай шаңырағын айналып өтпеген, айықпас жара салмаған. Оның әкесі Сейітжан, екі ағасы Сүлеймен мен Шаймағанбет – үшеуі әке-шешесінен ерте жетім қалады. Үлкені Сүлеймен қаладағы туысының қолында қолбала болып жүріп, хат таниды. Еті тірі орысша сауатты ол партия қызметіне ерте араласады. Сейітжан ағасы Шаймағанбет екеуі ауылдағы ағайындарының қолында ер жетеді. Жетімдіктің зардабын тартқан ағайындылар бір-біріне сүйеу болып, бір-біріне қарайласып өмір сүреді. Шаймағанбет інісі Сейітжанды аяп, оны үй айналасына қалдырып, қой бағу, қозы қайыру, отын әкелу секілді жұмыстарға өзі кететін көрінеді. Сейітжан ағасының өзіне деген мейірімін түсініп, қолына түскен нанның жартысынан, бір уыс сөк пен қуырылған бидай түссе, оның жартысын сақтап қойып ағасына беруге ұмтылатын. Ой, қу бауыр-ай десеңізші! Бірде қонақтар келіп ет асылады. Қазанның астына от жағып, етті қайнатқан Сейітжанның ойына өрісте ашқарын жүрген ағасы түседі. Өз ойына өзі мәз болып ол жыңғылдан жонып, істік жасап, етті ала бергенде «О, жүгірмек келгір, қаңғыбас ит» деген зәрлі дауыс естіледі. Етті тастай қашқан баланың соңынан лақтырылған темір көсеу оның аяғын жаралап, айға жуық жүре алмай қалады. Жеген таяғы өз алдына «қаңғыбас, қу жетім, алды-артын жалмаған жалмауыз» деген қарғыс сөздер сай-сүйегін сырқыратып, жүрегіне жүк түсіреді. Кейін сол жеңгесінің қазан толы сүті мен қанар толы сөгін қамыс түтікпен сорып ішіп-жеп, кегін қай­тарғандай болады.
Жасынан зерек Сейітжан анда-санда қалаға қатынап, ағасы Сүлейменнен әуелі ескіше, со­сын төте, одан кейін латынша хат таниды. Өз білгенін ауыл балаларына үйрете бас­тайды. Қалаға бір барғанда Иван деген орыс баласымен танысып, орысша үйренеді, онымен дос болады. Сейітжан Мәрия деген қызға үйленгенінде осы Иван оған қаражат жағынан көп көмектеседі. Араға уақыт салып барып, Сейітжан ағасы екеуі қалаға келеді. Алдымен наубайханада, сосын «Ақиін» деген жердегі құрылыста бастық, екіншісі қамыс дайындайтын жерде бригадир болады. Жағдайларын түзегеннен кейін ағасы Шаймағанбет те үй­ле­неді, екеуінің еншісі бір. Көп кешікпей Се­йітжан Сейткамал есімді ұлды болады. Өмір осылай өте берер ме еді, егер ашаршылық болмағанда... Елге аштық келеді. «Жұт – жеті ағайынды» демекші, бұларға қамқоршы, бір ауданның партия комитетінің басшысы бол­ған Сүлеймен ағалары жаламен ұсталып ке­теді. Кейін ақталып, партия қызметіне қайта оралғанымен, азапты тергеу кезінде тапқан дертінен жазыла алмай, көз жұмады. Осы кездері Сейітжанның үстінен де әлдекімдер арыз ұйымдастырып, бұл жұмыс істейтін мекемеге тексеру келетіні мәлім болады. Оны сенімді жандардан естіген Иван Сейітжанға бір-екі ай өзге жақта бола тұруға кеңес береді. Кейін өкінішті жәйтке ұрындырған, сәби Се­йітмұраттың өмірін өзге арнаға бұрған оқиға осы арадан бастау алады. Алланың қазынасы кең, күніне қырық пәле көрсең де Алладан қол үзбе деген емес пе?!
Иә, сонымен Сейітжан бала-шағасын бір Аллаға тапсырып, әйелі Мәрияға ескертеді де, өзі Ташкентке жол тартады. Шындығында да, Сейітжан кетісімен мекемеге тексеру келеді. Сондағы тапқаны, бригадада тұрмысы нашар, отбасында бала басы баршылық үш-төрт үйге артықтау еңбекақы жазылыпты. Оны бәрі де білетін. Олардың жағдайын өз көздерімен көрген соң, тексерушілер де өз жайына кетіпті. Араға бір жарым ай уақыт салып үйіне оралған Сейітжан әйелі мен баласының орнын сипап қалады. Сөйтсе, әйелі күйеуінің үйден кеткеніне бір ай болғаннан кейін баласын алып қалаға келеді. Ондағы ойы баланы уақытша балалар үйіне өткізіп, өзі күйеуін іздемекші болады. Ағайынды екі жігіттің алданышына айналған баланың көрейін деп тұрған бейнеті болар, шешесі оны екі қайнағасының да отбасына жолатпай, балалар үйіне әкеледі. Сол жерде оған бір кемпір жолығып, баласын өзіне Құдай алдында сұраусыз беруін өтінеді. Ботадай боз­даған ана өзінің он бір құрсақ көтеріп, оларды жер қойнына бергенін, қаусаған қара шалы мен өзінің шаңырақты ұстар бір перзентке зар боп отырғанын жеткізеді. Кейуанаға шынымен жаны ашыды ма, әлде жан-жағындағылардың кеу-кеулеуі басым болды ма, есінен танғандай күй кешкен Мәрия ана баласын кемпірдің қо­лына ұстатып кете береді... Содан кейін қанша іздесе де баланы таба алмайды. Мұны естіген Сейітжан «Баланы тауып келмейінше босағадан аттамайсың» деп әйелін үйден қуып жібереді. Бір жастан енді асқан шағында Сейітмұрат шал мен кемпірдің баласы болып шыға келеді. Аты да Төлеген болып өзгереді. Құдайдың құдіретінде шек барма, бауырына басқан балаға еміренген Нәзира ананың тас боп қатқан емшегі иіп, сәбиді бір жарым жыл емізеді. Емберген ақсақал мен Нәзира әжесінің, Жұмагүл сынды апасының ортасында еркелеп, тамағы тоқ, киімі бүтін жүрген ұлын Сейітжан араға екі жыл салып барып табады. Оның уайымсыз, шат кейпін көріп көңілін бір демдейді. Содан соң баланың өзінікі екендігін, осыншама уақыт іздегенін айтады. Бауырына басқан баласынан, ең бастысы «шаңыраққа ие болып қалатын ұрпағым» деп отырған үмітінен кім оңайлықпен бас тарта қойсын, шал мен кемпір денесіндегі күйіктен қалған таңбаға дейін айтқан Сейітжанға баланы беруден бас тартып, зар еңірейді. Ертегідегідей өмірге тап болған Сейітжан не істерін білмей қиналады. Өлмелі шал-кемпірдің соңғы үмітіне балта ша­буға, оларға бауыр басып қалған баласы мен бір Отанның тыныштығын бұзуға жүрегі дауаламаған, өзі де жетімдіктің зарын тартқан Сейітжан жанындағы жолдасымен ақылдаса ке­ліп, оларға бала болуға бел байлайды.
Жаратылыс деген қызық. Арада біршама уақыт өткенде Сейітмұраттың қызығы қайта басталған бал дәуренін үшінші бір жандар кеп бұзады. Ел басына келген ашаршылықта талай жан бауыр еті баласын аман қалу мақсатында балалар үйіне тапсырып, болмаса өзгелерге асырап алуға береді. Ол бір кез ана баласын, ағайын бауырын жоғалтып, бір көруге зар болған зар заман еді. Бисары атты баласынан қапияда көз жазып қалған тағы бір ана Сейітмұратты өз балам деп танып, қасына ауылдық кеңестің төрағасын ертіп келіп, тартып алып кетеді. Құдай-шебер деген осы да. Бейкүнә сәби Сейітмұратқа жоғалтқан ба­ласының түрі мен жасы да, тіпті денесіндегі тыртығы да сәйкес келіп тұрғанын қайтерсің... Арада өткен аз уақытта Сейітмұрат соңынан іздеп барған Жұмагүлге де, әжесіне де жоламай қашыпты. Бергендерін «арасында уы бар» деп жемей қойыпты. Сотқа дейін жеткен бұл іске әкесі Сейітжан, баланы Нәзираға қолымен берген анасы Мәрия араласады. Олардың айтқан дәләлді дәйектеріне құлақ аспаған Күлзағира «бұл менің балам Бисары» деп тұ­рып алады. Әбден аңтарылған сот баланың өзінен сұрайды. Бес жастан енді ғана асқан бала Сейітмұрат:
– ...Бұлар мені 10-15 адам болып барып, көкем мен әжемді жылатып отырып, тар­тып алып кетті. Менің әкем – Емберген, анам – Нәзира, – дейді. Содан бала Емберген Иманбаевқа қайтарылады. Содан кейін де соңғы дауласқандар баланы тартып алуға бірнеше рет әрекеттенеді. Осы аралықта Се­йітжан Ембергеннің жалғыз қызы, өз ұлының әпкесі Жұмагүлге үйленеді. Сейітмұраттың одан кейінгі өмірі алапат соғыс жылдарына ту­ра келді.
Соғыс! Кәззап! Жетім қылдың көңілімді,
Қаяу қылдың, жаяу қылдың өмірімді, – деп Тұманбай ақын жырлағандай, бұл бір ғана ақынның басындағы жағдай емес, сол дәуірдегі бүкіл бір ұрпақтың тағдырына ортақ шындық, ортақ жағдай болатын. Бар қиындықты Сейіт­мұраттың басына үйіп төккендей арқасүйер шын жанашыры Жұмагүл әпкесі, одан қалған жалғыз қарындасы көз жұмады. Перзентінің қайғысын көтере алмаған әкесі Емберген қарт өмірден кетеді. Барлық ауыртпалық әжесі Нәзираның мойнына түсті. Мұны жанымен ұғынған бала «он жасында ойшыл болған» ұрпақтың өкілі Сейітмұрат та қатарынан ерте ес тоқтатып, ерте есейді. Сұрқия соғыстың қа­тыгез ызғарына тап болып, қабырғасы қатпаған шикі өкпе он үш-он төрт жасар баланың ерлерше еңбек етуіне тура келді. Ел басына түскен алапат майдандағы ерлерді ғана емес, тылдағы әйел, балаларды да титықтатты. Олар егіс даласында бидай орды, шөп шапты, кірелеп астық тасыды түнде қырман да күзетті. Мал да жайғады, отын да тасыды, бір сөзбен айтқанда «тылдың ері» атанды. Сондай қиындықтарды көре жүріп, жеңгелерінің көңілін қимай, олардың атынан майдандағы жауынгерлерге хат та жазды. Жасынан алғыр, зерек болып өскен ол әжесінің мұңға толы әндерін тыңдап, өзі де бірдеңелерді өлең етіп құрастыратын болады. Сейітмұратты ақындық деген өнер отауына әжесінің әндері жетелеп әкелгендей еді. Әжесі тігін тігіп отырып, ән салады екен. Бастапқы екі жолын халық әнінің сөзімен бастап, одан арғы екі жолын өз ойынан ұйқастыратын көрінеді. Соғыста жүрген әкесі Сейітжан өлеңмен хат жазады, оны Сейітмұрат ағайынды жағалап жүріп, оқып береді. Сағынышын өлеңмен басып, жауап жазатын Сейітмұратқа ақындықтың ауылы мен мұндалап тұрғандай көрінеді. Сонымен қатар ағасы Шаймағанбеттен қара қағаз келгенін, ауыл үлкендерінің оны естіртуді кей­ін­ге қалдырып отырғанын жазатайым ес­­­тіп қалады. Бірнеше күн дел-сал болып жүр­ген Сейітмұрат оған арнап жоқтау жазады. Әрине, оның бәрі өлең, бәрі де мінсіз болды деп айту қате болар, дегенмен де осының бәрі Сейітмұраттың болашақта ақын болып қалыптасуына өзіндік септігін тигізгені анық. Оның ертерек ержетуіне тағы бір әсер еткен нәрсе, өзіне бір емес үш ананың таласуы. Ес тоқтата келгенде ұққаны, сол аналардың өз әулеттерінің отын өшірмеуге деген ұмтылысы, жанталасы екенін жүрегімен сезінді. Өзінің «Аналар жүрегі» атты толғауында Сейітмұрат қайғы-мұңға толы тағдырын баяндай келе, өзі­не қатысы бар үш анаға да бас иеді.
«Біз – аштықтың не екенін, соғыстың не еке­­нін, жалғызынан, бауырынан айырылып, аңы­рап қалудың қалай болатынын бас­тан кешкен жандармыз. «Қанды қырғынды көк­сейтіндер көктей солсын!» деп қарғайтын аналардың бауырында өскен ұрпақпыз. Бұл бір ұлттың, бір халықтың ғана емес, бүкіл әлем аналарының тілегі» дейді автор «Аналар жү­регі» толғауында.
Әкесі Сейітжан мен ағайындарының, өзін бір кемпірдің қолына ұстата салған туған анасы Мәрияның, кейінгі «өзімнің Бисарым ғой, амалым қанша» деп қиналған «әйдік сары әйел» Күлзағираның, өзін бағып-қаққан әкесі Емберген мен әжесі Нәзираның, әпкесі Жұмагүлдің өзіне қатысты өмір жолдарын шынайы суреттей келе, шырағын сөндіргісі келмеген, артында ұрпағым қалсын деген аяулы жандардың өмір үшін күресін шебер жеткізе біледі.
Бала Сейітмұрат өзіне жақын болған жан­дардың көңілінен шығуға талпынды. Содан да болар өз сырын, сезімін ішіне бүгіп, өзгелердің қас-қабағын бақты. Сәби кезінен шарадай басы талас-тартыс деген тағдырдың тәлкегіне түсіп, балалық шағы ауыр бей­неттің азабын тартса, өсе келе өзінің ішкі адамгершілік дүниесінде сезілетін жан азабына кезікті. Адамдар бір-біріне жанашыр, қамқор болғанда жарық дү­ние жұмақтай көрінеді дедік. Расында, солай екенін ежелгі үнділіктер былай түйіндепті: «Өмір саған қандай қымбат болса, өзге жан иелеріне де сондай қымбат. Өзін өзгелермен салыстырып, ізгі адамдар жақсылық жасайды». Жұрттың бәрі бақытқа жетуге талпынып, бақытсыздықтан шошиды. Сондықтан егер өзіңе бақыт тілесең, онда басқаның ба­қытты болуына қам жасасаң, сонда өзің де ба­қытты боласың. Сейітмұрат бар бақытын өзіне ар­наған Назира анасының көңілінен шығуға барын салды, бақытты етсем деген арман жүгін арқалады. Үнділер айтқандай «ізгі адамдар ғана жақсылық жасаса» Сейітмұрат та ізгілікті істер жасауға тырысып бақты. Іштей ширығып тістеніп өскен ол бала болып Сейітжанға, оның бауырларына еркелей алмады, оларға жиі ба­руға аяғы тартпады. Тіпті көп баланың қолы жете қоймайтын пионер лагеріне барудан да бас тартты. Сондағысы қамкөңіл жанның жү­регіне қаяу түсірмеу еді. Оны ақын еткен де, ерте есейтіп, балалығынан өте ерте айырған қатал тағдыры-ау деп ойлаймын. «Тілек» атты өлең­ін­де:
Аңсамас аялаған кім анасын,
Өксісе қалай сәби тұра аласың?
Аз емес айналада алаңдар жай,
Бастысы болмасыншы тірі жетім.
Бұл ақынның жан сыры. Өзіне табынған аналар қасіретін, өзіннің жан азабын ешкімнің бастан кешпеуін тілейді. Ардақты аға, ақын аға, ел ағасы С.Ембергенов биыл 91 жасқа толады. Өмірден өткеніне де 14 жыл толыпты. Адам ұрпағы арқылы өмірін ұзартып, өзін шын бақытты сезіне алады. Және адам артта қалған жақсы істерімен қадірлі болады. Ол өнегелі де, мазмұнды ғұмыр кешті.
Заманалар дауылына ықпай, соққысына сыр алдырмай бүгінге жеткен қазақ деген қайсар ел емеспіз бе?! Мен білетін С.Ембергенов бір қауым елді айрандай ұйытып, бірілігін жақтап, бірнеше әулеттің шаңырағын сақтап қалуға бар қуатын аямаған қазақтың қазанаттай азаматы еді.

Әріп ҚОЖБАНОВ,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы
09 сәуір 2022 ж. 898 0