«Жіңішке» деп аталған канал
Ертеректе Тереңөзек табанын су басып жатқаны бәрімізге белгілі. Соған байланысты бұл өлке өткен ғасырдың басында «Тереңөзек» атанды. Ол о баста «Қараөзек» болып, Аламесек болыстығына кірді. Кейін егін шаруашылығын кеңейтіп, Сырдариядан бастап каналдар қазыла бастап, Әйтек-көл атты жерден теміржолдың оңтүстігі мен Сыр өзенінің екі ортасына орналасқан. Көлемі 1200 га кезінде мол сулы көл болған Қараөзек пен Тереңөзек ортасындағы үлкен көлдер арқылы егін, бау-бақшалар егілген.
Мал жайылымына ыңғайлы шұрайлы жер болса керек, кейін көлдер тартылып, Әйтек-көл атты жерден бастауын алып, арық қазылып, жіңішке арық пайда болады. Жылдан-жылға кеңейтіліп, қазылып үлкен каналға айналып, егін көлемі үлкейіп, бау-бақшалар көбейеді. Сонымен қатар балық шаруашылығы да қыза түседі. Кезінде бұл канал «Жіңішке» деп аталған дейді. Соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров атамыз: «Каналдың жағасына бүкіл Тереңөзек, Қараөзек тұрғындары бау-бақша егіп, халық молшылыққа кенелді. Бақшадағы қауын-қарбыздарды адам көтере алмайтын болған» дейді. Тереңөзектен Қызылордаға шыға берісте пойыз жол мен Сырдария өзенінің ортасында «Соркөл» атты көл болатын. Кейін суы тартылып, ол жерге Қызылорда-Жалағаш асфальт жолы салынды. Көлдің орнына күріш егіліп, мал жайылымына айналды.
1924 жылы әр жерде отырған малшы-егіншілер артель қарауына кіріп, «Ақтүйе» артелін құрды. Осы жылдан бастап 1929 жылға дейін Боранбаев Емберген ауылнай болып еңбек етті. Сол жылдары бай-шонжарлардың малдары мен жиған дүниелерін мемлекет қарауына өткізу үшін ұжымдастыру жүрді. Табан ет, маңдай терімен жинаған малды үкіметке беру оңай ма? Алайда қылышынан қан тамған большевиктер бермесіне қоймай байлардың дүниелерін 1929 жылға дейін тәркіледі.
1929 жылы жарлы жақыбайларды біріктіріліп, «Ақтүйе» колхозы құрылды. Елде тыныштық орнап, бейбіт еңбектің көркі қызды. Алғашқы жылдардан бастап арықтар қазылып, егін егіліп, елді нанмен қамтамасыз етті. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп көлдер мен жаптардың арасына егін егіліп, су жетпеген жерлерге арықтар мен каналдар қазылып, диқаншылық жұмыстар қыза бастады. Ол кезде үлкен техникалар жоқ, кетпен, күректермен қазылды. Бала-шаға, әйелдер де көп еңбек етті. Әсіресе ер жігіттердің ішінде орта жасқа келіп қалған Ыбырайдың әкесі Мұратбек екі иығына екі кісі отырғандай иықты, жауырынды ірі кісі болатын. Үш кісінің нормасын орындап «түйе шал» атанса, Асқардың әкесі Сералы ағамыз екі адамның нормасын орындап, көпшілік оны «тайшық шал» атаған.
1929 жылдан Емберген Боранбаев «Ақтүйе» колхозының (Асқар ауылы) председателі болып еңбек етті. Өзінің іскерлігімен 1930-1932 жылдарда болған ашаршылыққа астық жіберіп отырды. Осы астықтар қолдан қазылған Әйтек каналының сағасына егіліп, өңделген астықтар болатын. Е.Боранбаев зейнетке шыққаннан кейін өмірінің соңына дейін «ХҮІІІ партсъезд» колхозының су мұрабы болып еңбек етті.
Әйтек суының жүйесі Сырдария, Жалағаш аудандарының жерінде. Бастауын Қараөзек теміржол стансасы тұсынан алып, теміржолды бойлай ағып, Жалағаш ауданының батысында бітеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсыруымен 2003 жылы Қараөзек арнасының бас сағасына су жіберу мүмкіндігі 300 текше метр болатын жаңа құрылыс салу жоспарланды. Осы бағдарлама аясында Сырдария өзенінің «Әйтек» бөлімшесінде су жіберу қабілеті 700 текше метрлік су тоспасы құрылысы 2004 жылы пайдалануға берілді.
«Әйтек» магистралды каналының ұзындығы – 55 шақырым. Оның 28 шақырымы Сырдария ауданы аумағынан өтеді. «Әйтек» каналы Сырдария, Жалағаш аудандарының 7 ауылдық округтерін аяқ сумен қамтамасыз етеді. Оның бойындағы барлық егіс көлемі 8000 гектарға дейін барады.
Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентін, С.Сейфуллин, Құндызды ауылдық округтерін аяқ сумен қамтамасыз ететін «Майжарма», «Айтбай арық», «Қаракөл» каналдары осы «Әйтек» каналының тармақтары.
Әділбек Шөжеев,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері