Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2010 жыл: Қоғамдық көлік қызметі іске қосылды

2010 жыл: Қоғамдық көлік қызметі іске қосылды

Тәуелсіздіктің үшінші 10 жылдығына қадам басқан еліміз бен аудан тарихында ілкімді істер жүзеге асты. Қа­зақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төрағалық етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына Үндеу жолдап, ұйымда төрағалық етудегі мақсат-міндеттерді айқындап берді. Сол кездегі аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев аудан тұрғындарына есеп беріп, өткен жылды қорытындылады.

Тәуелсіздіктің 19-шы жылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның мүмкіндіктері» тақырыбында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Ел әлеуетін арттырып, экономикалық бетбұрыс жасауға бағытталған Жолдау саяси тұрғыдан тың жобаларды жүзеге асыруға арналды.

Осыдан 11 жыл бұрын ауданның тұрмысын түзелту үшін мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүйелі жұмыстар жүргізілген. Мәселен, Шаған ауы­лына сапалы ауыз су жүйесі тартылды. Сонымен бірге 90 орындық «Алтын сақа» балабақшасы ашылды. Негізінен, білім саласы бойынша аудан ұстаздары жақсы жаңалықтарға қол жеткізді. Осы жылы ауданда 592 оқушы бітіріп, 383-і ҰБТ-ға қатысқан. Оқушылардың орташа білім көрсеткіші 90 баллды құраған. 6 оқушы «Алтын белгі», 8 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған.

Дарынды оқушылар Нұр-Сұлтан қа­ла­сында өткізілген VІІ халықаралық кон­ференцияға қатысты. Мұнда №129 орта мектептің 11-сынып оқушысы Г.Сайыпова мен Г.Шарапатова, №37 мектеп-лицейдің оқушысы Ф.Жорабекова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпазы» атанып, 120 баллдық сертификатқа ие болды. Осылайша, олар ҰБТ-ға қатысудан босатылды. Жыл көлемінде сырдариялық білімді жастар облыстық және республикалық жарыстарда топ жарды. №37 мектеп-лицейдің физика пәнінің мұғалімі – «Үздік мұғалім» аталымы бойынша ІІ орынды иемденіп, облыс әкімінің 150 мың теңге қаржылай сыйлығымен марапатталды.

Бұл жылы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы үшін кешенді жоспарларға иек артылды. 1364 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 4977 адам жұмыспен қамтылды. Аудан тұрғындарының бизнесінің өркендеуіне қолдау көрсету мақсатында 320,6 теңге нес­ие берілді. 2010 жылдың 1 қазанындағы көрсеткіш бойынша аудан бюджетінің түсімдер болжамы тиісті деңгейде орын­далған. Кентке қарасты Бауыржан Мо­мышұлы көшесіне тас төселіп, тұрғындар қуанышқа бөленді. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында әлеуметтік, білім, мәдениет тағы да басқа саланы меңгерген жастар ауыл­­­­­да жұмыс жасай бастады.

Қалжан ахун ауылында 2010 жылы бірқатар нысандар ашылды. Тәуелсіздік күні мерекесінде №126 орта мектептің асханасы пайдалануға берілді. Сонымен бірге облыстан келген меймандар күрделі жөндеу жүргізілген балабақша жұмысымен танысты. Сондай-ақ кент орталығында Желтоқсан, С.Усабаев, Ғ.Мұратбаев көшелері ашылған болатын. Туберкулезге қарсы күрес диспан­сері мен аудандық аурухана мен емхана бірлескен бақылау постын құрды. Ал Жетікөл ауылында «Асанас әулие» өндірістік кооперативі құрылып, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуды қолға алды. Шаған ауылында биотермиялық шұңқыр салынса, аудан орталығында мал сою бекеті іске қосылды.

2010 жылы Сырдария ауданында 34 мәдени мекеме тұрғындарға қызмет етті. Аудандық кітапхана, музей, халыққа есігін айқара ашты. Осы жылы Италия елінде өткізілген халықаралық «Сан-Ремо джуниор» жастар шығармашылығы байқауында жас әнші Ұлпан Әбдікәрім ІІ орын иегері атанды. Осы жылы ақын Балашбек Шағыровтың 70 жылдығы аталып өтілді. Бұқаралық спортпен айналысатын жас өрендер қатары артып, аудан көлемінде 150 спорттық іс-шара өткізілген.

Аудандық мәслихат депутаттары кент тұрғындармен кездесіп, көкейдегі мәселе­лерін тыңдады. Өз кезегінде ауыз суға қатысты бірқатар қиындықтарды тізбектеді. Ал халық қалаулылары су өлшегіш құрал орнату керектігін жеткізді. Кент орталығында жолаушыларды тасымалдау үшін қоғамдық көлік бөлініп, тұрғындар қуанышқа кенелді.

Асыраушы салада да бұл жылы қарқынды жұмыстар тоқтаған емес. Шаруа­шылықтардың барлық нысандары негізінде дәнді дақылдар себілді. Жалпы, Сыр салысы 18135 гектарға егілді. Минералдық тыңайтқыштарға сұраныс 11923 тоннаны құрады. Күзгі дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникалары толық жөнделген. 288 дана трактор, 148 дана комбайн, 53 дана жатка, 32 жүк автокөлігі, 188 трактор тіркемесі дайындалған.

2010 жылы Сырдария ауданында ерекше жағдай орын алды. Бес­арық­тық Мырзағали Қартбаев пен Роза Орынбаеваның шаңы­рағында үшемдер дүниеге келді. Сол кездегі аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев көп балалы отбасының шаңырағына барып, ерлі-зайыптыны құттықтады.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
31 шілде 2021 ж. 361 0