ҰЖЫМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ БАРЛЫҚ БАСЫМДЫҚ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ
Бүгінде саяси жиындардың, келелі кездесулердің орталығына айналған Елорда төрінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясы өтіп, оған Елбасы Н.Ә.Назарбаев, ұйымға мүше елдердің президенттері қатысты. тәуелсіз мемлекеттер достастығының әскери-саяси ұйымының кезекті кеңесіне биыл қазақстан төрағалық етті.
Жалпы, аталған сессия Қазақстанның 2018 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етуі шеңберінде негізгі және қорытынды іс-шара болғандығымен маңызды. Себебі, отырыс барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары еліміз ұсынған Ұйымның басым бағыттарын іске асырудың негізгі нәтижелерін қорытындылады. Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Ұйымға төрағалық кезіндегі қол жеткізілген жетістіктерді атап айтты.
– Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын беделді әрі тиімді құрылым деп санайды. Оған мүше мемлекеттердің белсенді әрі жан-жақты қолдауының арқасында Қазақстанның төрағалығы уақытындағы міндетке алған басымдықтар толық жүзеге асырылды, – деген Елбасы оларға жеке-жеке тоқталды. Мәселен, әскери салада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының біріккен штабын құру және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының дағдарыс кезінде әрекет ету орталығының қызметіне толық кірісу үшін әзірлік жұмыстары аяқталып отыр. Соның аясында Алматыда ҰҚШҰ-ның әскери техникалық ынтымақтастыққа арналған мемлекетаралық комиссиясының отырысы өткізіліп, қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған. Сондай-ақ, Қазақстанның төрағалығымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-сессиясында мемлекеттің терроризмнен азат бейбіт әлем құруға арналған әмбебап кодекс қабылдау туралы бастамасы сәтті жүзеге асырылса, қазіргі заманғы киберқауіптерге қарсы тұруға бағытталған бірлескен жұмыстар да жалғасын тапқан. Оған қоса, есірткінің заңсыз айналымымен күрес мәселесі ҰҚШҰ-ның тыңғылықты назарынан тыс қалған жоқ. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Мемлекет басшысы Қырғызстан аумағында өткен «Жауынгерлер бауырластығы – 2018» әскери оқу-жаттығуының нәтижелеріне де тоқталып өтті.
Келелі кеңес қорытындысында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы серіктесінің және ұйым бақылаушысының мәртебесін заңды түрде бекіту жөнінде шешім қабылданып, Заңсыз миграцияға қарсы тұру жүйесін дамыту және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің мүддесі үшін үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту жөніндегі және өзге де қауіпсіздікке қатысты іс-шаралар жоспары бекітілді.
Кеңейтілген отырыстан кейін ел Президенті БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізіп, ҰҚШҰ-ның мән-маңызын, оған төрағалық еткен Қазақстан жұмысының нәтижелерін атап көрсетті. Сөз соңында Мемлекет басшысы келесі сессияаралық кезеңде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасы төрағалық ететінін мәлімдеді.
Е.БЕРКІНБАЕВ