2009 жыл: Аудан сексен жылдық белесте
Сырдариялықтар 2008 жылды толағай табысқа кенеліп шығарып салды. Себебі өтіп бара жатқан жыл ішінде кент орталығынан Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылса, құны 1 млрд теңге болатын 1200 орындық мектеп ғимаратының іргесі қаланып, құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Еліміз үшін маңызды науқан саналатын Халық санағы осы 2009 жылдың 25 ақпан – 6 наурыз аралығында өткізу белгіленді. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін алғашқы санақ 1999 жылы өтсе, араға он жыл салып, елімізде маңызды шара бастау алды. Халық санағының нәтижесі бойынша елді-мекендердің орналасуы, халықтың білім деңгейі, жынысы мен жылы, оқумен қамтылуы, неке және отбасылық жағдайы, ұлттық құрамы, үй шаруашылығының жалпы көлемі, күнкөрісі, табысы, еңбекпен айналысуы, тұрғын үй жағдайы, әлеуметтік ахуалы нақтыланды. Алдын ала мәлімет бойынша ауданда 39329 халық бар екендігі және оның 51 пайызы ерлер, 49 пайызы әйелдер құраған.
Жылдағы дәстүр бойынша биліктің халыққа есеп беруі 12 қаңтарда басталып, 28 қаңтар күні аяқталды. Халық жиынында әр адам өзінің ұсынысы мен пікірін, өзін толғандырып жүрген мәселесін ашық айтып, шешімін таппаған мәселелердің түпкілікті шешілуіне үлес қосты.
2009 жылдың басты қағидасы – жұмыссыздықпен күресу міндеті қойылды. Елдегі дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары негізінде жұмыстан қысқарған адамдарды қоғамдық жұмысқа тарту мәселесі алдыңғы кезекке шықты.
Аудандық газеттің 2009 жылғы 11 наурыздағы №21 санында «Дағдарыстан – дамуға» атты Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауы жарияланды. Бүкіл еліміз асыға күткен маңызды құжатта қазақ елінің бұл күнде төрткүл дүниеге танылып үлгергені ел тәуелсіздігінің арқасы деп айтылды. Елбасы «Біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында тұрмыз. Осы датаға орай бүкіл Қазақстанда кең ауқымды жұмыс өрістеуі тиіс» деді. Осы Жолдауда Мемлекет басшысы әр ауылға, әрбір ауыл әкімдігіне шамамен 50-100 млн теңгедей қаржы бөлетінін, бұл қаржы қандай да бір қиындық көріп жатқан ауыл тұрғындарына жұмсалатынын айтты.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласына да нақты бетбұрыс жасалды. Жалпы республика бойынша егіс көлемі ұлғайтылды. Бұл көрініс ауданда да байқалды. Осы жылы егіс көлемі аудан бойынша 32501 гектар болса, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2191 гектарға артық. Осындай көрсеткіш ауыл шаруашылығында үлкен өзгеріс барын аңғартса керек. Мұның басты себебі біріншіден, осы жылы су мол болса, екіншіден, мемлекеттің ауыл шаруашылығын қолдауы. Жалпы ауданда егілген барлық егіс көлемінің 18602 гектары күріш болса, 1040 гектары бидай, бұлардан басқа көкөніс-бақша, картоп, жоңышқа, күнбағыс, мақсары егіліп, күтімге алынды. Шаруа адамдары барлығы 264,3 млн теңге субсидия алды. Оның ішінде күрішке 244,8 млн теңге, қалғандары бақша, көкөніс еккендерге берілген. Сыр салысынан 848,3 мың центнер астық жиналды.
Тарихи жыл ішінде ауданда «Қараөзек – Сыр суының кең арнасы» атты облыстық акция ұйымдастырылған. Қараөзек бойындағы жаңа гидроқұрылыс басында өткен ауқымды шараға облыс деңгейіндегі су мамандары, сала ардагерлері, студенттер қатысқан. Су шаруашылығын дамытуға арналған іс-шарада еңбек ардагері С.Арыстанбаев кезінде Қараөзек арнасы арқылы секундына 800 текше метр су қабылданғанын айтып, жердің тартылыс күшіне байланысты су көбіне оң жағалауға ұратынын, сондықтан қала тұсының оң жағалауына бекіту жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтқан.
Осы жылы Тереңөзек кентінде салынатын аз жанұялы отбасыларына арналған 8 пәтерлі жатақхана, Шаған ауылындағы №37 мектеп асхана құрылысы басталды. «Ауыз су» бағдарламасы бойынша дайындалатын 6 елді-мекеннің ауыз су жүйесінің жобалау сметалық құжаттарының жоспарын бекіту жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар кенттің ауыз су жүйесі қайта қалпына келтіріліп, кәріз су жүйесін жүргізудің 2-кезеңі іске асты. Дүниежүзілік қаржылық дағдарысқа байланысты ауданда «Жедел желі» үйлестіру тобы ұйымдастырылды. Дағдарысқа қарамастан ауданда 590 жаңа жұмыс орнын ашу белгіленді.
Аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газеті өзінің жетпіс жылдық белесіне шықты. 2009 жылдың 26 наурыздағы санында «Ел-жұртымен біте қайнап, бірге өскен, жетпіс жаста менің «Тіршілік тынысым!» деп ұрандатып, арнайы мерекелік нөмір жарыққа шыққан. Газеттің алғашқы бетінде аудан әкімінің құттықтауы мен мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құттықтау лебіздері жарияланып, редактор бағанында бас редактор газет тарихынан сыр шерткен. Ақын, ардагер-журналист Мұхтар Сақтаповтың өлеңдері басылып, байырғы редакторлардың фотолары берілген.
Ауданда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда «Жалын» тынығу лагерінің жұмысы жүйелі жолға қойылған. Облыс бойынша алдыңғы қатарда саналатын лагердің жағдайын жақсартуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеуден өткен. Білім беру саласының жетістігі ретінде мектеп бітірушілер арасында 3 оқушы «Алтын белгі» алса, 1 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған.
Аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы орта мектеп өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Талай білімді шәкірт тәрбиелеп өсірген білім ордасының түлектері республикамыздың түкпір-түкпірінде әр салада қызмет етіп келеді.
Іргесі сонау 1928 жылы қаланған аудан 80 жылдық мерейтойын тойлады. «Аудан тарихы – ел тарихы» демекші, кешегісіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Тарихи жылға орай «Сырдария (Тереңөзек) ауданы» шежіре кітап жарыққа шықты. Кітапта аудан тарихы зерттеліп, өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен тарихи тұлғалар мен қайраткерлер, өнер мен мәдениетті дамытуға үлес қосқан ардақтылар, жалпы ауданның тыныс-тіршілігі жазылды. Дүбірлі тойда еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген осы аудан топырағынан шыққан перзенттері бас қосты. Ауданның барлық ауылдары мерейтой қарсаңында бір жасарып, жаңарып қалды.
Айтулы мерекеге орай «Тойлауда бүгін Сыр елі, сүлейлер қонған жыр елі» атты республикалық ақындар айтысы мерейтойдың мәртебесін биікке көтерді. Ақындар аламанының бас жүлдесін арқалы ақын Мамыр Байдәулетов жеңіп алды. Ауданның мерейтойымен қатар қазақ әдебиетінің алыбы, ақын Ә.Тәжібаевтың 100 жылдығы да аудан көлемінде кеңінен атап өтілді. Мәдениет мекемелерінде, білім беру ошақтарында «Ә.Тәжібаев оқулары», «Ә.Тәжібаев – ұлы ақыны қазақтың» атты поэзия кештері ұйымдастырылды. Халық назарына аудандық музейде «Қазақ поэзиясының айтулы тұлғасы» атты көрме ұсынылды. Аудандық тарихи-өлкетану музейі халықаралық музейлер күніне орай Қызылорда қаласында ұйымдастырылған музейлер байқауында төртінші мәрте «Үздік музей» аталымын жеңіп алды. Осы жылы музей директоры А.Бақтияроваға Оңтүстік Қазақстан аймағының «Алтын көшбасшысы» атағы берілді. Сонымен қатар «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамблі Ресейдің Магнитогорск қаласында өткізілген Л.Голыцин атындағы «Арт-Платформа 2009» атты халықаралық вокалды аспапты ансамбльдер байқауына қатысып, бас жүлде иеленді. «Кәсіби шеберлігі үшін» дипломымен марапатталды.
Спорт саласында аудан құрама командасы ауыл спортшыларының облыстық «Алтын күз – 2009» спартакиадасында 1-орынды иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Спортшы Оразбек Медетбаев гір тасын көтеруден халықаралық жарыста әлем рекордын жаңартып, алтыннан алқа тақты.
Аграрлы ауданның берекесі тасыған жылы аудан инвесторы «Абзал және К» ЖШС жылдың үздік әлеуметтік жобасы бойынша үздік деп танылып, серіктестік басшысы Президенттік «Парыз» сыйлығының иегері атанды.
Бибісара ЖАНӘЛІ