Сейілхан ТӨЛЕГЕНОВ, аудандық статистика басқармасының басшысы: Қазақстанда әр адам маңызды
2019 жылы өткізілуге тиіс халық санағы белгілі себептермен кейінге қалдырылып, биыл елімізде үшінші ұлттық Халық санағы жүргізіледі. Соған орай, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын білу үшін Сырдария аудандық статистика басқармасының басшысы С.Төлегеновпен сұхбат жүргізген едік.
– Сейілхан Қалмағанбетұлы, ең алдымен өзіңізден бастасақ. Дәл осы салада жұмыс жасап жүргеніңізге қанша жыл болды?
– Аудандық статистика басқармасындағы қызметімді 2002 жылы жетекші маман болып бастаған болатынмын. Кейін бас маман ретінде осы бағыттағы тәжірибемді толықтырдым. 2004 жылдан бастап аудандағы маңызды салалардың бірі – статистика басқармасының басшысымын.
Жалпы, осы саладағы еңбек өтілім 19 жылды құраса, сол уақыт ішінде биыл екінші рет бүкіл халық үшін маңызды іс-шараны ұйымдастырудамыз.
– Алдыңғы санақ 2009 жылы өткені белгілі. Сол кездегі есеп бойынша аудандағы халық саны қанша болды?
– 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындылары жинақталған арнайы 3 томдық басылым жарық көрген. Онда сол жылдың нәтижелері жазылып, сақталған.
Қызылорда облысы бойынша жалпы халық саны 678 794 адамды құраса, оның 38 085-і Сырдария ауданының тұрғыны. Жалпы, облыс бойынша 49,8 пайызды ерлер, 50,2 пайызды әйелдер толықтырған.
Халық санағы дегенде бұл тек адам басын санаумен шектеледі деген сөз емес. Олардың жынысына, әлеуметтік тұрмысына, ұлтына, дініне, т.б. статистикалық ақпаратты жинақтау біздің міндетімізге кіреді.
Халықтың саны ұдайы өзгеріп отырады. Біреу өмірге келсе, біреу өмірден өтеді. Біреулер қоныс аударып жатса, енді біреулер ауданға жаңадан көшіп келеді. Сондықтан статистика басқармасы әр ай сайын халық санының есебін жасап отырады.
– Халық санағы – 2021. Қашан және қалай өтеді?
– Биыл егемендік алғалы үшінші мәрте халық санағын өткізу жоспарлануда. Бұл – тек аудан үшін емес, тұтас мемлекет үшін маңызды кезең.
Санақ шартты екі кезеңнен тұрады. Биыл «Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен өтетін халық санағының бірінші немесе дайындық кезеңі 1 маусымда басталып кетті. Алғашқы кезең 30 маусымға дейін жалғасады.
Осы мақсаттар үшін уақытша санақ персоналына 3 нұсқаушы, 1 нұсқаушы-бақылаушы, 8 сұхбатшы тартылды. Халық санағының бұл кезеңінде барлығы 12 адам жұмыс атқаруда.
Екінші кезең қыркүйек айында басталады. Ол кезде сұхбатшылар саны артып, олар үй-үйді аралап, мәліметтерді арнайы базаға енгізеді.
– Биылғы санақтың ерекшелігі қандай? Қандай жаңашылдық болады?
– 2021 жылдың Ұлттық санағының басты жаңалығы – санақты өткізу процесін автоматтандыру және оған заманауи сандық технологияларды енгізу. Енді көп қағаз бен арнайы басқосулар саны азаятын болады. Тұрғындардан алынған мәлімет тікелей базаға еніп отырады.
2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді. Яғни ол – санақтың негізгі кезеңі. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында, яғни халық санағының алғашқы 45 күнінде қазақстандықтар онлайн-режимде арнайы sanaq.gov.kz сайтында санаққа қатысты барлық сұраққа жауап бере алады. Жүйе тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайды.
Сонымен қатар egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады.
Мобильді азаматтар үшін «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылатын болады. Оған онлайн режимде де, дәстүрлі тәсіл арқылы да қатысуға болады. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі. Ол кезең белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген тұрғындарға арналады.
Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы – сұхбатшылардың үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сауалнамаға қатысушының жеке сәйкестендіру нөмірі базаға бір рет қана тіркеледі. Ол ақпараттың қайталанбауына, соған сәйкес халықтың нақты санын анықтауға мүмкіндік туғызады.
– Аудан санақ жүргізуге қанша пайыз дайын?
– Ауданда ұйымдастыру жұмыстары толығымен жүзеге асырылуда. Дайындық кезеңінде арнайы мамандар жұмыс атқарып жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, мамандар арнайы планшеттермен қамтамасыз етілген. Екінші кезеңге қажетті планшеттер сол кезде беріледі. Негізгі кезеңге жүз пайыз дайынбыз деп толық айта аламыз. Қалғаны уақыт еншісідегі шаруа.
– Санақ жүргізуге кімдер жұмылдырылады? Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтисыздар ма?
– Иә, дәл солай. Дайындық кезеңінде барлығы 12, негізгі кезеңде 56 адамды уақытша жұмыспен қамтитын боламыз. Оған жұмыссыз жастар немесе студенттер де қатыса алады. Қойылатын талап – жасы 18-ден асқан, жұмысқа жарамды тұлға болуы. Ал арнайы планшет, персонал куәлігі (бейдж), халық санағының символикасы бар көк түсті мойынорағыш пен портфель барлық сұхбатшыға Үкімет тарапынан беріледі. Куәлікте сұхбатшының немесе нұсқаушы-бақылаушының суреті, тегі, аты, әкесінің аты, берілген күні және оның жарамдылық мерзімі, аумақтық статистика органының қолы мен мөрі көрсетіледі. Бұл деректер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды.
– Дәл қазір атқарылып жатқан жұмыстар қандай?
– Санақтың 1 кезеңінің нәтижесі халық санының санақ персоналына жүктеме нормаларына сәйкес біркелкі бөлінуіне және тұтастай алғанда халықтың толық есепке алынуын қамтамасыз етуге негіз болады.
Соған сай қазіргі кезеңде тұрғын-жайлар, тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) және тұрғын үй ретінде пайдаланылатын тұрғын емес үй-жайлардың мекен жайларын нақтылау, ондағы тұрақты халық санын анықтау, картографиялық материалды өзектендіру жұмыстары жүргізілуде.
– Аудандық санақ штабы қайда орналасқан?
– Әр ауылдық округте санақ учаскесі ашылады. Оны әр ауыл әкімдері ұйымдастырып, арнайы кабинет жасақталады. Маңыздысы, орталықтың интернет желісіне қолжетімділігі ескерілуі керек.
Аудандық штаб кент орталығындағы статистика басқармасының үлкен залында орналасқан. Ол жерде маусым айының басынан бері жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір барлығы онлайн түрде жүргізілетіндіктен, физиологиялық жұмыс азайған. Яғни, жұмыс арнайы база арқылы жасала береді.
– Биылғы халық санағының алдын ала болжамын жариялайсыздар ма?
– Алдын-ала болжам деп арнайы жарияланбайды. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, біз әр ай сайын халықтың есебін жасап отырамыз. Түрлі жағдайларға орай, адам саны ұдайы өзгеріп отыруы мүмкін. Соңғы дерек бойынша, яғни 2021 жылдың мамыр айының есебінше, ауданда 38 530 адам тұрып жатыр. Оның 20 003-і ер азаматтар болса, 18 527-сі әйелдер. Бұл көрсеткіш жыл басында 38 559-ды құрап, 20 007 ер, 18 552 әйелді көрсеткен. Ал соңғы дерек бойынша аудан орталығында 11 418 адам бар.
– Қорытынды сұрақ болсын, биылғы халық санағынан не күтесіз?
– Міндет – алға қойылған мақсаттың толығымен орындалуы. Бұл барлығымыз үшін маңызды әрі тарихи кезең болмақ. Сондықтан биылғы санақтан тек жақсы нәтиже күтеміз.
– Егемен еліміз үшін маңызды үшінші жалпыұлттық халық санағының абыроймен өтуіне тілектеспіз! Жұмыстарыңызға сәттілік!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ