Халық санағы: Сан мен сапа
Алда үлкен науқан келе жатыр. Нақтысы басталып кетті. Тәуелсіз елімізде үшінші рет өткелі тұрған халық санағы 2 жылға кешігіп өткелі тұр. Бұл жолы әніміз өзгерек болады демекші, маңызды науқанда көптің көкейінде жүрген сұрақ «Біз қаншамыз?» және «Өмір сүру сапамыз қандай?» деген сауалға жауап алатын боламыз. Осылайша, үлкен дайындықпен өтетін науқан әлемді әбіржіткен пандемия кесірінен биыл өтеді. Қауіпті індеттің дауылы басылған соң мемлекет халық санағын өткізуге білек сыбана кірісіп кетті.
ЕКІ КЕЗЕҢМЕН ӨТЕТІН САНАҚ
Еліміздің Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы таратқан мәлімет бойынша, биылғы жылы өтетін санақ екі кезеңді қамтиды. Оның біріншісі – бұл уақытта басталып, аяқталуға жақын қалды. Яғни 1-30 маусым аралығында санақшылар немесе интервьюерлер аудандастыруға дайындық жүргізуде. Бұл кезеңде әрбір өңірдің елді мекен аумағын учаскелерге бөлу жұмысы жүреді.
Ал екінші кезең – ұлттық санақтың басталуы. Бұл кезең екі айға жуық уақытқа созылады. Нақты айтқанда, 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығын қамтиды. Биылғы жылы өтетін халық санағының ерекшелігі – екі әдіспен жүргізілетіндігінде. Біріншісі – онлайн, екіншісі – дәстүрлі түрде әрбір үй-жайды аралау әдісімен.
Бір ескере кететін жағдай, онлайн санаққа барлық қазақстандық қатысу үшін 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайтына кіріп, өз бетінше санақтан өту мүмкіндігі бар. Ол үшін санаққа қатысушы сайтқа өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін, ұялы телефон нөмірін, құпия сөзді енгізу арқылы тіркеледі. Ұялы телефоныңыз арқылы санақтан өткен соң, міндетті түрде растау туралы SМS хабарлама келеді. Бұл хабарламаны сіз үйге келген интервьюерлерге көрсетсеңіз, сіз санақтан өткендігіңізді растап, екінші рет сауалнамадан өтпейсіз.
Санақ кезінде сауалнамаға жауап беру арқылы әрбір азамат өзінің баспана жағдайынан, білімі, көші-қон, неке жағдайы, жұмыспен қамтылуы, күнкөріс деңгейі, жалпы тыныс-тіршілігінен мәлімет береді. Жалпы, әрбір адам 67 сұрақ пен 20 нақтылау сұрағына жауап береді. Бұл өз кезегінде елеміздегі халықтың өмір сүру сапасын нақты көрсететін көрсеткіш болады. Осы ақпарат негізінде мемлекетіміздің даму бағдарламасы жасалып, халықтың әлеуметтік ахуалы сарапталады.
ҚАЗАҚТЫҢ ҮЛЕСІ ҚАНША?
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін алғаш рет халық санағын 1999 жылы өткізді. Санақ қорытындысы бойынша елімізде халық саны 14,9 миллионды құраған. Бұл 1989 жылы өткен санақпен салыстырғанда халық саны едәуір азайғанын көрсетеді. Яғни он жыл бұрынғы көрсеткіш 16,1 миллион адам болған. Мұндай алшақтық елімізден қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің көшу себебімен түсіндірілген. Мысалы, немістер мен славян өкілдері өз Отанына көшкен. 1999 жылғы Ұлттық санақта қазақтың саны 7,9 миллионды құрап, жалпы халықтың 53,4 пайызын көрсеткен.
Араға он жыл салып тағы да халық санағы өтті. Бұл 2009 жылғы халық санағы болатын. Нәтижесі белгілі болғанда халқымыздың бөркін аспанға атқанын көзіміз көрді. Он жылда халық саны 16 миллионнан асты. Қуанышты жағдайдың бірі – қазақ ұлтының саны 10 миллионнан асып кеткені. Пайыздық деңгей де 63,1 пайызды көрсетті. Яғни, қазағымыздың саны алдыңғы онжылдықпен салыстырғанда 10 пайызға артқан. Бұл үлеске атақонысқа көшіп келген қандастарымыз да кірді. Ендігі санақ биыл өтіп, одан халқымыздың саны белгілі болады. Маңыздысы қазақ халқының саны нақтыланады.
БІР АДАМҒА 430 ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛАДЫ
Биылғы жылдың халық санағына жұмсалатын қаржы көлемі 8,2 миллиард теңгені құраған. Бүгінде оның 3,6 миллион теңгесі игерілген. Қалған қаражат халық санағын жүргізуге бағытталатын болады. Мәселен, еңбекақы төлеу қоры, іссапар шығындары, деректерді өңдеу, оны таратуға арналған шығындар дейді статистика бюросының мәліметі.
Жалпы, халық санағы кезінде бір адамға 430 теңге жұмсалады деп есептелген. Бұл 2009 жылғы санақпен салыстырғанда едәуір төмен. Мұны Ұлттық бюро цифрлық технологияның енгізілуімен түсіндіреді. Сонымен қатар санақ жүргізу жүйесінің автоматтандырылуымен байланыстырады.
Халық санағын жүргізу үшін барлық интервьюерлердің қолында планшет болады. Яғни қағазбастылық деген болмайды. Барлығы электронды түрде жүргізіледі. Үкімет тарапынан планшеттерді сатып алуға 1 миллиард теңгенің үстінде қаржы жұмсалған. Планшеттің әрқайсысының құны шамамен 39 мың теңгені құрайды.
УАҚЫТША ЖҰМЫСҚА ТАРТЫЛАДЫ
Ұлттық санақ науқанына уақытша жұмысқа адамдар қабылданады. Бірінші кезеңде тіркеушілер саны 4562 адам болса, екінші кезеңде санақшылар, яғни интервьюерлер қызметіне 23033 адам қабылданады екен. Тіркеушілерге бір ай мерзімге 75743 теңге төленетін болса, интервьюерлерге 94679 теңге төленетін болады. Бұл жұмысқа 18 жастан асқан Қазақстан азаматы, жауапты, тіл табысқыш әрі компьютерде жұмыс істеу қабілеті бар адам алынады. Кәсіби білімі мен жұмыс өтілі міндеттелмейді. Жұмысқа қабылданғандар арнайы дайындықтан өтіп, олармен келісімшарт жасалады. Әрбір санақшыда көк түсті сөмке, мойыншалғы және куәлігі болады.
Түйін. Сонымен, биыл күзде басталатын Ұлттық санақ туралы нақты мәлімет дерегі осындай. Халық санағынан тыс қалмай, баршамыз бір кісідей науқанға атсалыссақ, «Біз қаншамыз?» деген сауалға жауап аламыз. Ұлттық санақ қорытындысы келер жылы жарияланғанымен, соңғы қорытынды 2023 жылы шығады.
Бибісара ЖАНӘЛІ