Қадірін қарапайымдылықпен арттырған
Үлкен-кішіге сыйлы, әріптестері арасында абыройлы, ағайын-туыстың ішінде қадірлі Қалмахан Әлшеров ауданның ауылшаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты азаматтардың бірі. Абыройлы азамат жауапкершілігі мол мемлекеттік қызметте өз міндетін мүлтіксіз атқарып, адал еңбегімен көпшілік алғысына бөленді деп айтуымызға толық негіз бар. Бейнетінің зейнетін көрер тұста өмірден өткен ардақты жанның келместің кемесіне мінгеніне де бір жыл болыпты.
Біздің жадымызда Қалмахан ағаның кеңпейіл болмысы, жанашыр қалпы, азаматтық болмыс-бітімі жаңғырып тұр. Ол сөйлегенде шешен, топ бастаса көсем еді. Әр істің ретін табатын. Тарихи жады мықты болатын. Егемен еліміздің тарихымен қатар Орта Азия мемлекеттерінің тарихынан сыр шерткенде әсерлі әңгімесіне елітіп, бірнеше сағаттың қалай өткенін байқамай қалатынбыз. «Қолы таза адамның жолы да таза болады» демекші ардақты азамат тазалықты, адалдықты сүйетін. Сөйлеген сөзімен де, істеген ісімен де, тіпті киім киісімен де кейінгі толқын інілеріне үлгі болды.
Бірде Қалмахан ағамен аудандық кітапханада жолықтық. Жұмыстан қолы қалт етсе қоғамдық іс-шаралардың басы-қасынан табылатын азамат Желтоқсан оқиғасы туралы оқыған кітабын өткізуге келіпті. Біз 1986 жылдың салқын әрі ызғарлы сәттері жөнінде ұзақ әңгімелестік. Себебі, Қалмахан аға Желтоқсан оқиғасының куәгері, қатысушысы еді.
«Мен ол кезде Қазақ Ауыл шаруашылығы институтының сырттай бөлімінің студенті едім. Қысқы сессияға барған болатынбыз. Бірге оқитын ауылдастарым Нұрлан Нақпытов, Мейрамхан Ысқақов және Таңбай Алыбаевпен жұбымыз жазылмайтын. Бәріміз Абай даңғылында орналасқан бас корпуста оқимыз. 1986 жылдың 16 желтоқсан күні сағат таңертеңгі 10.00 шамасында төртеуміз сабаққа бара жатқанда шерулеген, шұбатылған топ көрінді. Басын көріп тұрмыз, аяғы көрінбейді» деп бастады сонда Қалмахан аға әңгімесін. Біз де ары қарай сұраулы жүзбен қараймыз.
«Шерудегі қазақ қыздарының белсенді екені байқалады» деп әңгімесін жалғай түскен Қ.Әлшеров бір топ белсенді қыздың: «Әр рес-публиканы өз ұлтының өкілі басқару керек деген ұстаным бар. Бұл бұрмаланып, республика басшылығына өзге ұлт өкілі келіп жатыр. Біз бұған қарсымыз. Ұлттық намыс қайда жігіттер? Топқа қосылмайсыңдар ма?» деген сөзін естігенін айтты. «Шынын айтқанда, бұл сөз бізге қамшы болды. Төртеуміз топқа қалай кіріп кеткенімізді де байқамай қалдық. Шерулетіп орталық алаңға бардық. Сол күні кешке дейін алаңда болдық. Ертеңгі сабақтың арасында да орталық алаңға бардық. Ол кезде қарулы қақтығыс болған жоқ. 18 желтоқсан күні мұздай қаруланған әскерлер келіп, желтоқсаншыларды күшпен таратып жіберді» деп түйіндеді әңгімесін. Бұл Тереңөзектің патриот перзентінің Тәуелсіздікті нығайту мен егемендік алуымызға қосқан үлесі еді. Бәлкім осы үлес бізге бүгінгі бейбіт күнді һәм дербестікті сыйлаған шығар...
Тәуелсіздіктің қадірін бізден артық білетін Қалмахан аға ел егемендік алған жылдары еңбекке белсене араласты. Жас мемлекеттің іргесі берік болуы үшін түрлі салада жемісті еңбек етті. Оның ішінде мемлекеттік қызмет саласында атқарған жұмыстары бір төбе. Қаншама шәкірт тәрбиеледі, ұжымдастарының сый-құрметіне бөленді. Ауылшаруашылығы саласының ардагері Шернар Төребай байырғы әріптесі Қалмахан Әлшеровтің ұқыптылығын, тиянақтылығын ерекше бағалайды.
– Біз Қалмаханмен ұзақ жылдар бірге еңбек еттік. Ол жұмыста өз міндетіне өте ұқыпты болатын. Қандай да бір хаттамалық тапсырма Қалмаханға берілсе, біз тапсырманың сапалы әрі уақытылы орындалатынына сеніммен қарайтынбыз. Бізге білікті маман әрі өмірлік тәжірибесі мол азамат ретінде үлгі болды. Ауданның ауылшаруашылық саласының дамуына еңбегі сіңді. Ол барлық құрметке лайықты, – дейді Шернар Төребай.
Сала ардагерінің сөзін аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек қуаттай түсті.
– Ауданымыз аграрлы аудан болғаннан кейін ауылшаруашылығы саласына жүктелетін міндет көп. Оның ішінде егін егу және егін жинау науқанында шаруашылықтармен жұмысты дұрыс үйлестіру зор жауапкершілікті талап етеді. Осы міндеттерді орындауға аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы қызметін атқарған Қалмахан Әлшеров зор еңбек сіңірді. Қалмахан аға жұмысты ертеңге қалдырмайтын. Күннің ыстығы мен суығында жұмысқа уақытылы келіп, үзіліске де уақытылы шығатын. Мысалы, кімде-кім Қалмахан ағаны іздесе, ол таңертеңгі сағат 09.00-де жұмыс кабинетінде отыратын. Ауданымызда ауылшаруашылығы саласына қатысты семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, «Дала күні» секілді ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылса, оның басы-қасында Қалмахан аға жүретін. Ешқашан өз еңбегін айтып, мақтангершілікке бой алдырмайтын. Ал сырлас жандарға көңілі кең, жаны жомарт еді, – деп еске алады Нұрбек Әзірбек.
«Жақсы әкенің абыройы перзентіне қырық жыл азық» деген тағылымды сөз бар. Әкесінің абыройлы жолын жалғап келе жатқан ұрпақтары бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етуде. Үйдің үлкені Ербол Қалмаханұлы төтенше жағдайлар саласынан полковник шенімен отставкаға шықса, екінші ұлы Досбол Әлшеров аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы. Ал Жандос аудандық ауруханада жұмыс істейді. Өсіп-өнген әулет үлгілі отбасылармен құдандалы. Бүгінде немерелері де атасының игі жолын жалғастырып, оқуда озат атанып жүр.
– Қалмаханмен 1977 жылы шаңырақ көтердім. Ол отбасында ардақты әке, жақсы жар болды. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін көпшіл, қауымшыл, кеңпейілді еді. Тазалықты сүйетін. Біздің отбасылық достарымыз Қырымбек Көшербаев, Мэлс Қосмамбетов әлі күнге Қалмаханның жақсы қасиеттерін ұмытпай айтып отырады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бүгінде ұлдарымыз отбасылы болды, немерелеріміз өсіп келеді. Тек еңбегінің зейнетін көрер тұста өмірден өткеніне өкінеміз. Бірақ, шүкір етеміз, – дейді ардақты азаматтың жары Фатима Қалыбекова.
Иә, адамның өмірі мазмұнды болса, онда ол ұмытылмайды. Қалмахан Әлшеров мазмұнды, мағыналы өмір сүрген тағылымды тағдыр иесі. Ол қарапайымдылығымен қадірін арттырған азамат. Сондықтан қадірлі азаматтың есімі қашанда зор құрметпен аталады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ