Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сары ауру сарсаңға салған жыл

Сары ауру сарсаңға салған жыл

Биыл еліміз Тәуелсіздіктің ордалы отыз жылдығын атап өтуде. Аудандық «Тіршілік тынысы» газеті егемендік алған отыз жыл ішінде аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, өткенге көз жүгірту мақсатында «Тәуелсіздік шежіресі» айдарын бастаған болатын. 1995 жылды қорытындылап, жаңа жылға қадам басқан ауданымызда қандай айтулы оқиғалар болды? Қандай маңызды шаруалар атқарылды?
Бұл жылда да еліміздің ішкі жағдайы, әсіресе әлеуметтік қамту онша жақсара қой­маған еді. Халдың қиындығынан қажыған халық бұның бәрі өткінші екенін жақсы түсінді. Ең бастысы – тәуелсіздікке қол жеткеніне тәу­бе айтқан бұқара болашаққа қарай батыл қадам басты.
Жыл басталысымен аудандық газеттің (ол кезде «Тереңөзек тынысы») редакторы Т.Болғанбаев аудан әкімі А.Божановамен өткен жылдың қорытындысы мен жаңа жылда атқарылуы тиіс міндеттер жайын қозғап, сұхбат жасаған. Дәл сол уақыт ауданда же­кешелендіру пәрменді жүріп жатқан кез екен.
– Қазір не нәрсеге де сын айтып, мін тағу оңай. Нарық деп ұран тастағанымызбен, бір­ден қарық бола қоймаймыз. Шыдамдылық танытқанымыз жөн. Кешегі Кеңестік жүйеде қалыптасқан психологияны тез арада жеке­шелендіру, жеке меншікке көшу ісімен ауыстыру оңай емес. Нарық заманында ел жағдайының жақсаруы әркімнің өз қолында, – депті сол кездегі аудан әкімі А.Божанова.
Сондай-ақ аудан әкімі шаруашылық басшылары, бас есепшілер, ауыл әкімдері, мектеп директорлары, ішкі істер қызметінің учаскелік инспекторлары және орталықтағы мекеме, ұжым басшыларымен жиналыс өткізіп, онда жауапты тұлғаларға келер жылы атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде тапсырма берілген. 1996 жылы күріштің әр гектарынан орта есеппен 30-35 центнер өнім өндіруге ұмтылу, сүт өндіру деңгейін көтеру, үнем тәртібін қатаңдатып, шығын көлемін ұдайы басты назарда ұстап отыру міндеттелген.
1996 жыл төрт жылда бір қайталанатын кібісе жылға тура келіп, қыс қатты болыпты. 1995 жылы республиканың орталық және солтүстік облыстарындағы күшті бұрқасын мен аяз­дан адам мен материал шығыны орын алған. 1996 жылы да ауа ра­йын зерттеушілердің болжамымен 5-7 қаңтарда боранның қайталану мүмкіндігі туралы дабыл қағылған.
Аудан орталығы мен 10 ауылды жалғайтын халықтың арманы болған көпір салу ісі өткен жылдары басталғанымен, нарық қыспаққа алғанда тоқтап қалған екен. Соған орай, аудан «көп түкірсе көл» деп, көпір салуға қа­ражат жинайтын «Ақниет» қорын құрған. Атал­мыш қорға мекемелер мен кәсіпкерлер, жеке тұлғалар қаражат аударып атсалысқан.
Айта кетейік, биыл сәуір айының 13-нен басталған қасиетті Рамазан айы 1996 жылы 21 қаңтарда басталып, бұл туралы ақпарат аудандық газет бетінде жарияланған. Осы жылы «Қараөзек» кеңшарында жаңа мешіт ашылып, салтанатты жиынға аудан әкімі А.Божанова, «Оңтүстікмұнайгаз» мемлекеттік акционерлік қоғамының президенті Р.Бердіғо­жин, ауыл әкімі К.Әбсейітовтер қатысқан.
1996 жылы Қазақстан Республикасы аза­маттарының тегі мен әкесінің атын қазақ халқының қалыптасқан дәстүріне сәйкес келтіру жөнінде «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланыс­ты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жар­лық шыққан. Соған сай ауданымызда тиісті шаралар атқарылып, көпшілік тегін қазақылан­дырған.
Және жағымды жаңалықтардың бірі – кө­ше атауларына енгізілген өзгеріс. Аудандық ономастикалық комиссияның шешімімен поселке орталығындағы бірқатар атаулар өз­гертіліп, неғұрлым елге еңбегі сіңген, тарихпен тағдырлас, елі, Отаны үшін адал қызмет атқарған абзал азаматтар есімі көшелерге, мектептерге берілген. Поселкедегі Энгельс көшесіне Рахым Алшынбаев есімі, Совет көшесіне Жеңістің 50 жылдығы атаулары бе­ріл­­ген.
Сол жылы ақпан айының 6,7,8 күндері облыс әкімі Б.Сапарбаев ауданымызда болып, экономикалық және халықтың әлеуметтік жағ­дайымен танысқан. Ауылдарды, ондағы шаруашылық пен өндіріс орындарын аралап, кейін аудан активтері және ақсақалдармен кездесу ұйымдастырған екен. Онда халықтың өтінішін тыңдап, оларды орындауға күш салатынын айтқан.
Одан кейін аудан әкімдігінде алқа мәжілісі болып, аудан шаруашылығының басшылары, бас зоотехниктер мен бас мал дәрігерлері есеп берген. 1996 жылы өткен жылмен салыстырғанда ірі қара 934 басқа, жылқы 630 басқа, қой 1183 басқа кеміген. Алқа мал шаруашылығында орын алған кемшіліктерді жойып, саланың экономикалық жағдайын тұ­рақ­тандыру мақсатында шешім қабылдаған.
Сондай-ақ, облыс әкімінің «Жасыл өлке – 2000» бағдарламасына сәйкес аудан көше­лерін қоқыстан тазарту мен тал егу жұ­мыс­тары жүргізілген.
Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 51 жылдығын дүркіретіп тойлаған ауданымызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлерге құр­мет көрсетілген.
1996 жылы да ауданда жұқпалы ауру тарап, елді әбігерге салыпты. Сол жыл ішінде облыс көлемінде сары аурумен ауырғандар саны 1320-ға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық көрсеткіш болған. Дерттің көбею себебі ауыз судың сапасыздығынан болып, соған орай облыс әкімінің шешімі қабылданған. Ауданда арнайы құрылған комиссия аурудың алдын алу мақсатында поселке және ауыл әкімдеріне, мекеме басшыларына арнайы шараларды жү­зеге асыруды міндеттеген.
Алғашқы бесжылдықтағы ең басты жетіс­тігіміздің бірі – күз айында тойланған «Алтын дән96». Науқан абыройлы аяқталып, «Шаған» өндірістік кооперативі егілген 2000 гектар күріштің әр гектарынан 48,1 центнерден өнім өндірсе, А.Тоқмағамбетов және «Ақжарма» шаруашылықтары егілген егіс көлемінің әр гектарынан 40 центнерден өнім алуға қол жеткізген. Аудан еңбеккерлері күзгі егін жинау науқанын қазан айының 17-сі күні аяқтап, егілген 10000 гектар күріштің әр гектарынан 40 центрнерден өнім алып, барлығы 400037 центнер күріш салысын толық жинап алуды қамтамасыз еткен.
Аталған жылдың қараша айында аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалық болып, аудандық өл­кетану музейінде директор С.Ембергеновтың жеке еңбе­гінің арқасында, халық қол­дауының нәтижесінде екі зал ашылған. Олардың бірі – «Ар­хео­логиялық зал», екіншісі – «Өлке тарихы залы».
1996 жылдың бас­ты оқи­ғаларының бірі – 5-10 қараша аралығында Қызылорда облысы мә­­де­ниеті мен өне­рі­нің астанадағы күн­­дерінің өтуі. Ол кез­­де ел астанасы Алматы қа­ласы болған. Елордалықтар Сыр өнері мен өнерпаздарын үлкен ықыласпен қабылдап, ризашылықпен қарсы алған. Облыс мәдениеті мен өнерінің астанадағы апталығы өте табыс­ты қорытындыланып, республика басшылары мен ұлттық өнер мен мәдениетіміздің айтулы қайраткерлері өнер күндеріне зор баға берген.

ТҮЙІН
Егемендік алғалы енді ғана етегін жиып, бойын тіктеп келе жатқан кезеңдегі нарық жағдайы кімге де болсын жеңіл тимеген. Қаржының тапшылығымен қоймай техникалар түгел жаңартуды қажет еткен. Жанар-жағармайдың жетіспеуі сияқты мәселелер шаруашылыққа қол байлау болған. Десек те, ел мәдениеті мен экономикасы ұдайы еңбек нәтижесінде дамуын тоқтатпаған. Үкімет түр­лі бағдарламаларды жүзеге асырып, жас мем­лекетіміздің аяққа тік тұруы жолында ауыз толтырып айтарлықтай қызмет еткен. Осылайша, жасампаздықтың тағы бір жылын артқа тастаған ел екінші бесжылдыққа абырой­мен қадам басқан.

Аружан МҰХАМБЕТҚАЛИ
24 сәуір 2021 ж. 516 0